13.09.2022, 16:45
Оқылды: 43

Премьер-Министр еліміздегі интернет сапасын сынға алды

Бүгін Үкімет отырысында технологиялық серпіліс ұлттық жобасын талқылау кезінде Премьер-Министр Әлихан Смайлов министрліктерге бірқатар тапсырма жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1

Фото:t.me/KZgovernment

«Жалпы, интернет қызметтердің сапасына қатысты сұрақтар бар. Алыстағы елді мекендерді айтпағанда, біздің ірі қалаларымызда интернет байланыстың сапасы барлық жерде бірдей жақсы деп айта алмаймыз. Тұрғындардан келіп- түсіп жатқан шағым көп. Егер интернет байланыс жақсы болмаса, цифрлық платформалардың және ақпараттық жүйелердің пайдасы жоқ», - деді Ә. Смайлов.

Осы орайда ол Цифрлық даму министрлігіне бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауын тапсырды.

«Сондай-ақ цифрландыру саласындағы барлық мүдделі мемлекеттік органдардың және ұйымдардың жұмысын үйлестіруді күшейту қажет. Осыған байланысты мынаны атап өткім келеді. Біріншіден, Цифрлық даму министрлігі орталық мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, ақпараттық жүйелердің істен шығуын азайтатын жүйелі шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін. Екіншіден, Еңбек, Сауда және интеграция министрліктері биылдың соңына дейін «Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» жобаларының тиімді жұмысын қамтамасыз етсін. Экология министрлігі ақпараттық жүйелердің уақтылы интеграциялануын қамтамасыз етсін және 2023 жылдың соңына дейін «Kaznedra» платформасын іске қоссын», - деп тапсырды Премьер-Министр.

«Ғылым министрлігі мүдделі органдармен бірлесіп, елдің ғылыми-техникалық дамуына жеке инвестицияларды кеңінен тарту үшін жаңа ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханалар құруды басым инвестициялық жобалар тізбесіне енгізу мәселелерін пысықтасын. Бұл мәселерді өзім бақылайтын боламын», - деді Әлихан Смайылов.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале