Президентке мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдардың кадрлық қызметін автоматтандыру туралы бұған дейін берген тапсырмасының орындалу нәтижелері таныстырылды. Агенттік төрағасы «Бірыңғай кадр қызметі» ақпараттық жүйесіне 8 мемлекеттік органның 19 ведомстволық бағыныстағы ұйымы қосылғанын айтты. Биыл ақпараттық жүйеге шамамен 500 мыңдай адам жұмыс істейтін 47 мемлекеттік органның 2400-ге жуық ведомстволық бағынысты ұйымын қосу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметке білікті мамандар мен дарынды жастарды тарту, мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту шаралары туралы есепті тыңдады.
Кездесуде қызмет алушылар құқықтарының сақталуына жүргізілген цифрлық мониторинг нәтижелеріне, адами ресурсты басқару саласындағы озық тәжірибе алмасу және мемлекеттік қызметшілерді шетелде тағылымдамадан өткізу мәселелеріне айрықша мән берілді.
Президент «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасын әзірлеуге және Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыруға қатысты бірқатар тапсырма берді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру үшін заманауи HR-құралдарын енгізу маңызды екеніне назар аударды.