1986 жылғы наразылық шеруі халқымыздың бостандыққа ұмтылысын көрсетті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев twitter-де жазды.
«Осыдан 35 жыл бұрын қазақ жастары Кеңес одағының өктемдігіне қарсы шықты. 1986 жылғы наразылық шеруі халқымыздың бостандыққа ұмтылысын көрсетті. Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының өшпес ерлігі біздің мемлекеттілік тарихымызға мәңгі жазылды», - деді Мемлекет басшысы. Бүгін Желтоқсан құрбандарын еске алу күні. 1986 жылы 17-19 желтоқсан аралығында Алматыда қазақ жастарының КСРО билігінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық қимылдары орын алды. Көтерілістің басталуына Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы Г.В.Колбинді Казақстан Компартиясы ОК-нің 1-ші хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды. Желтоқсанның 17-і күні таңертеңгі сағат 8-де қаладағы Л.И.Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін ереуілшілер саны 20 мыңға жетті. Бірақ олардың қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, оларды тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді.