25.09.2025, 11:30
Оқылды: 116

Президент Жолдауы – ел  назарында

Жуырда «Германиядағы Кеңес  әскерінің  тобы  мен  Варшава  келісімшарты  әскерінің  тобы»  республикалық  қоғамдық  бірлестігі  өңірлік  филиалының  ұйымдастыруымен  Мемлекет  басшысының  биылғы  Жолдауын  кеңінен  насихаттап,  оның  мән-маңызын  ашатын алқалы  жиын өтті. 

М Салық (1) (1)

Аталмыш басқосу ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің облыстық департаментінің мәжіліс залында ұйымдастырылды. Іс-шараны облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева жүргізіп отырды. «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімшарты әскерінің тобы» республикалық қоғамдық бірлестігі өңірлік филиалының басшысы Ұзақбай Жақсылықов, аталған бірлестіктің Бәйтерек ауданындағы филиал басшысы Қадырбай Абдушев пен ардагерлер қатысты.

Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева өңірдегі ардагерлер маңызды бастамалар көтеретінін атап өтіп, Президент жолдауы жөнінде пікір білдірді.

М Салық (2)

– 2025 жылдың 8 қыркүйегінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын Қазақстан халқына жолдады. Бұл Жолдау еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға, цифрлық саланы ілгерілетуге өз септігін тигізеді. Күн тәртібінен түспейтін тағы бір басты тақырып – жасанды интеллект. Өздеріңізге мәлім, қазір әлем елдері жасанды интеллектіні пайдалануға көшті. Себебі ол кез келген саланы дамытып, жұмыс өнімділігіне серпін берері сөзсіз. Президенттің тікелей тапсырмасы аясында Қазақстанда жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Бұл – Қазақстанның жаңа даму жолындағы маңызды қадам, – деді Гүлжанар Болатқызы.

Одан кейін сөз кезегі Ұзақбай Жақсылықовқа ұсынылды. Ардагер жасанды интеллектінің оң әсерінен қолданыстағы бағдарламалар одан әрі дамитынын айтты.

– Цифрлық жүйенің дамуы елге өзіндік пайдасын тигізері анық. Мәселен, «Egov» қосымшасы, халыққа қызмет көрсету орталығының онлайн бағдарламасы арқылы қажетті құжат пен ақпаратты тиімді алып отырмыз. Егер осы сала одан әрі дамыса, алдағы күндерде қағазбастылық пен кезек күту секілді мәселелерден біржола арылар едік, – деді бірлестік басшысы.

Басқосуда ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы жан-жақты талқыланды. Ардагерлер осы үндеудің маңыздылығы туралы кейінгі буынға жеткізіп, оны барынша насихаттайтынын айтты.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале