29.01.2026, 15:15
Оқылды: 9

«Президенттің қамқорлық бастамаларын қолдаймыз»

Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындап, қоғамдағы негізгі басымдықтарға тоқталды.

WhatsApp Image 2026-01-29 at 14.43.38

Ұлттық құрылтайда қоғамды алаңдататын бірқатар маңызды мәселелер көтерілді.

Мемлекет басшысы азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған реформалардың жалғасатынын, елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен ішкі бірлігі ең басты құндылық екенін айтты. Сонымен қатар құқықтық мемлекет қағидаттарын күшейту, қоғамдағы тәртіп пен заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету, мемлекеттік басқаруда ашықтық пен тиімділікті арттыру мәселелері де күн тәртібінен түскен  жоқ.

Биылғы құрылтайда қоғам назарын ерекше аудартқан мәселелердің бірі – Шымкенттегі Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы. Бұл оқиға болған сәттен бастап ел ішінде үлкен алаңдаушылық тудырып, күллі қазақ жұртының қабырғасын қайыстарды. Қоғамда жаппай резонанс туып, бұл оқиға бойынша 130-дан астам өтініштің құрылтайға жолдануы – халықтың билікке деген үміті мен сенімінің айқын көрсеткіші.

Күдіктінің өрімдей қызды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталған. Ақырында бұл жағдай адам өліміне әкеп соқтырып отыр. Бұл мәселеге байланысты Мемлекет басшысы Ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырды. Осы арқылы Президент азаматтардың қауіпсіздігі – мемлекеттің басты міндеті екенін, ал халықтың әрбір өтініші назардан тыс қалмайтынын нақты көрсетті.

Президенттің құрылтайда бұл оқиғаға арнайы тоқталуы – қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі әйелдер қауіпсіздігі екенін айқын көрсетті. Кейде тұрмыстық зорлық-зомбылық, қудалау, қысым көрсету сияқты әрекеттер «үй ішінің мәселесі» ретінде қабылданып, дер кезінде құқықтық бағасын алмай жатады. Алайда мұндай немқұрайлылықтың соңы орны толмас қасіретке әкелуі мүмкін. Сондықтан әйелдер мен балалардың құқығын қорғау – тек бір мекеменің немесе бір саланың міндеті емес, бұл – бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік.

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы «қыз алып қашу» мәселесіне де тоқталып, оны «адам ұрлау» деп атап өтті. Бұл әрекетті ұлттың беделіне нұқсан келтіретін өрескел әрі жабайы қылмыс деп бағалап, мұндай қатыгездікке ешқашан жол беруге болмайтынын қадап айтты. Бұл пікір қоғамдағы кейбір теріс түсініктердің алдын алып, заң мен адам құқығы бәрінен биік тұруы  тиіс  екенін  көрсетеді.

Құрылтайдағы мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселенің бірі – Парламентті жасақтау тәртібі туралы болды. Президент депутаттардың пропорционалды жүйе қағидатымен сайлануы партиялардың рөлін күшейтетінін, ал өңірлерде жергілікті азаматтардың дауысы анық естілуі үшін мажоритарлық жүйені сақтаудың маңызын атап өтті. Сонымен бірге жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квота әлеуметтік әділдік қағидатының көрінісі ретінде сақталуы тиіс екені айтылды. Бұл – қоғамның барлық әлеуметтік топтарының мүддесін ескеруге бағытталған маңызды  тетік.

Жиын барысында білім, ғылым және жоғары технология салаларына басымдық берілетіні, адам капиталының сапасын арттыру мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының негізгі тірегі екені ерекше атап өтілді. Президент білім беру және денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаржы, ең алдымен, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталатынын айтты. Бұл – «Әділетті Қазақстанды» құру стратегиясымен тікелей байланыстағы  маңызды  ұстаным.

Қорыта айтқанда, Ұлттық құрылтайда көтерілген әр мәселе қоғам үшін аса маңызды болды. Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі, азаматтардың құқығын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету – тұрақты әрі әділетті мемлекеттің негізгі тірегі. Нұрай оқиғасы сияқты ауыр жағдайлар қоғамда бейжайлыққа жол жоқ екенін тағы бір мәрте көрсетті. Ең бастысы – әрбір азаматтың қауіпсіздігі, әрбір адамның құқығы қорғалатын орта қалыптастыру. Бұл мақсатқа жету үшін мемлекет те, қоғам да бір бағытта әрекет етуі қажет.

Әділетті Қазақстанды құру – тек заңдарды өзгерту емес, қоғамдағы әрбір адамның қауіпсіздігі мен қадір-қасиетін құрметтеуден басталады. Ұлттық құрылтайдағы Мемлекет басшысының бастамалары қоғамда немқұрайлылыққа жол жоқ екенін көрсетті.  Әділеттілік – заңның үстемдігі ғана емес, бұл – әрбір азаматтың өзін қауіпсіз сезінуі, әрбір адамның құқығының қорғалуы. Ең бастысы, мемлекет әрбір азаматтың таңдау құқығы мен бостандығын қорғауды өз мойнына  алып  отыр.

Софья Ізмұханбетова,

облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі,

облыстық мәслихат депутаты,

«Өрлеу» БАҰО АҚ БҚО бойынша педагог қызметкерлердің 

біліктілігін арттыру институты» филиалының директоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале