Үкіметтің қорытынды баспасөз конференциялары аясында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Мемлекет басшысының экологиялық мәдениетті дамыту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы және «Таза Қазақстан» бастамасының нәтижелері туралы баяндады, - деп жазды primeminister.kz.

Министр Президенттің бастамасымен бекітілген 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы еліміздегі экологиялық қозғалысқа жаңа серпін бергенін хабарлады. Осы жылы 1 250 іс-шара өткізілді, оған 6,4 млн адам қатысты. 1 млн гектардан астам аумақ тазартылып, 795 мың тонна қалдық жиналып, 2,8 млн ағаш отырғызылды.
«Азаматтарды тарту мақсатында @TazaQazBot чат-боты іске қосылды. 25 мың өтініш келіп түсті, оның 23,6 мыңы орындалды, бұл оның кері байланыс құралы ретіндегі тиімділігін растады. Бұл тұрғындардың сұраныстарына жедел ден қоюға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.
Сонымен қатар Қазақстан халықаралық аренада өз позициясын нығайтуда. 2026 жылы Қазақстан климаттық және экологиялық сын-қатерлер бойынша келісілген шешімдер әзірлеу мақсатында Орталық Азия елдерінің Өңірлік экологиялық саммитін өткізеді.