9.01.2026, 15:00
Оқылды: 151

«Prioritet» принциптері: сапа, мерзім, қауіпсіздік

Жол-құрылыс саласы – үлкен  жауапкершілік  пен  үздіксіз  ізденісті  талап  ететін  күрделі  бағыт.  Осы салада табандылығымен танылған жандардың бірі – Ақсай  қаласының тумасы Жанна Тәжғұл. Оның кәсіпкерлік жолы – табысқа бастайтын оңай сүрлеу емес, еңбекпен өрілген өмір тарихы. 

WhatsApp Image 2026-01-09 at 12.51.43

Кейіпкеріміз өзін әсірелеп көрсетпейді, «табысқа жетудің формуласы» туралы жаттанды  сөз  айтпайды.

– Мен қарапайым отбасында өстім. Бизнес деген ұғым бізде болған жоқ. Бірақ еңбектену, өз күніңді өзің көру деген түсінік болды. Кәсіпкерлік саласына 2004 жылы келдім. Алғашында металл бұйымдар және пластик терезелер өндірісімен айналыстық. Ол екі-үш адамнан тұратын шағын кәсіп болды. Кейін жаныма жолдасым қосылып, кәсіпті кеңейттік. Менің ата-анамнан немесе туыстарымнан қалған бизнес болмады. Барлығы ізденумен, жаңа кәсіпті игеруге деген қызығушылықпен, нақты әрі батыл қадамдар жасаумен келді, – дейді ол.

Содан бастап «Приоритет» жол-құрылыс компаниясының негізі қаланды. Алғашқы жылдары компания ауылішілік жолдарды абаттандырумен, шағын ағымдағы жөндеу жұмыстарымен айналысқан. Кейін зауыт сатып алу ойға келіп, ісін кеңейтеді. Бүгінде «Приоритет» – тек жол саласында емес, өңір экономикасына нақты үлес қосатын  тұрақты  компания.

Жанна үшін кәсіпкерлік тек ақша табу емес, адамдарға және өңірге пайда әкелу деген ұғым. Ол әр жобаға тек келісімшарт ретінде емес, ел дамуына қосқан үлес деп қарайды. Сапа, мерзім және қауіпсіздік – компанияның басты  принциптері.

– Мен ешқашан «әйелмін, маған жеңілдік керек» деп ойлаған емеспін. Бұл салада нәтиже ғана сөйлейді. Қорқыныш болды. Бірақ тәуекел етпесең, өспейсің. Жол деген жай тас емес. Ол – өмір. «Жедел жәрдемнің» уақытында жетуі, баланың мектепке қауіпсіз баруы, – дейді ол.

Бүгінде «Приоритет» республикалық маңызы бар жолдарды жөндеп, қайта жаңғыртып отыр. «Подстепный – Федоров – РФ шекарасы», «Самара – Шымкент» сияқты ірі бағыттар – компания қолтаңбасы.

– Біздің компания аймақ экономикасы үшін маңызды рөл атқарады деп есептеймін. Біріншіден, біз тұрақты жұмыс орындарын ұсынамыз. Екіншіден, жергілікті мамандарды тарту арқылы өңірлік кадр әлеуетін дамытамыз. Жол инфрақұрылымы – экономиканың күретамыры. Сапалы жол бизнес, туризм, әлеуметтік байланыстардың дамуына тікелей әсер етеді. Өткен жылы біз өңіріміз үшін маңызы зор екі нысанда жол-құрылыс жұмыстарын аяқтадық. Оның бірі республикалық маңызы бар «Подстепный – Федоров – РФ шекарасы» аутожолының 108-144 шақырымын қайта жаңғырту, екіншісі республикалық маңызы бар «Самара – Шымкент» аутожолының 0-16, 330-369 шақырымында орташа жөндеу. Бұл екі жол-дың құрылысы облысымыз үшін өте маңызды. Сонымен қатар аудан-ауылдарда ауылішілік жолдар, облыстық маңызы бар «Теректі – Ақсай» жолының 51,7-73 шақырымына күрделі жөндеу жасалды. Бұлардың барлығы халық үшін өте қажетті болды және оларды уақтылы аяқтауға біз барымызды салдық, – дейді  кейіпкеріміз.

WhatsApp Image 2025-12-24 at 10.54.11

Құрылыс саласы дәстүрлі түрде ер адамдар көп еңбек ететін сала саналады. Жанна Тәжғұлқызы бұл салаға алғаш келгенде өзін сенімсіз сезініп, жұмысты әрі қарай алып кететініне күмәнданған. Жүйелі жұмыс, кәсібилік және кез келген істі келісімшарт бойынша көрсетілген уақытта аяқтау арқылы кез  келген  күмән  сейіледі.

Мемлекеттік қолдау да кәсіпкердің дамуына үлкен серпін береді. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы мен «Даму» қорының кепілдіктері компанияға жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік сыйлады. Жанна қызметкерлерін оқытуға, тәжірибе алмасуға ерекше  көңіл  бөледі.

– Мен кәсіпкерлік қызметімде мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктерін белсенді түрде пайдаланамын. Себебі бизнестің тұрақты дамуы үшін мұндай қолдаудың маңызы зор деп санаймын. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында жұмыс істейміз. Бұл бағдарлама компанияның даму кезеңдерінде жүйелі қолдау алуға, сондай-ақ жобаларды іске асыру барысында қаржылық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Даму» қорның қолдау шараларын да тиімді қолданамыз. Атап айтсақ, банк алдындағы кепілдік міндеттемелерді жабу үшін «Даму» қорының кепілдігін пайдаланамыз. Бұл тетік нақты сектордағы кәсіпорындар үшін аса маңызды, өйткені кепілдік базасы жеткіліксіз болған жағдайда да банктік қаржы тартуға жол ашады және инвестициялық жобалардың уақтылы жүзеге асуына ықпал етеді. Сонымен бірге кәсіпкерлерге арналған тегін оқыту бағдарламаларына да қатысамыз. Жуырда осындай оқу курсынан өттік. Мұндай білім беру жобалары басқарушылық құзыреттерді арттыруға, заңнамадағы өзгерістерден хабардар болуға және бизнесті жүргізудің заманауи тәсілдерін меңгеруге үлкен септігін тигізеді. Жалпы алғанда, мемлекеттік қодау – жай ғана формалды шара емес, оны сауатты әрі дұрыс пайдалана білген жағдайда бизнестің дамуына, өсуіне және ел экономикасына өз үлесін қосуына нақты мүмкіндік беретін тиімді  құрал, – дейді ол.

Отбасы мен құрылыс саласындағы жұмысты үйлестіру – нәзік жандар  үшін қиын мәселе. Бірақ жұмысты дрыс жоспарлау мен нақты іс-әрекеттерді белгілеу көп көмектеседі. Оның формуласы қарапайым: ішкі тепе-теңдік, маңызды мәселелерді алға қою және стереотипке берілмеу.

«Әр әйел өз ішкі тыныштығын табуы керек. Кейде жұмысты, кейде отбасын алға қою қажет. Барлығына үлгеру деген стереотиптен арылған жөн. Тез байып кетемін деп ойламаңыз. Тұрақты нәтиже маңызды», – дейді ол.

WhatsApp Image 2025-12-24 at 10.53.27

Қазіргі таңда «Приоритет» компаниясында 250 адам тұрақты жұмыс істейді, жол-құрылыс науқаны кезінде олардың саны еселенеді. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «Атамекен» ҰКП «Алтын Сапа» байқауында «Іскер» аталымын жеңіп алған компанияның еңбегі мен беделі осылай  мойындалды.

– Алдағы мақсатымыз – компанияның географиясын кеңейту, жаңа технологияларды енгізу және сапа стандарттарын одан әрі күшейту. «Приоритетті» тек өңірлік емес, республикалық деңгейдегі сенімді жол-құрылыс компаниясы ретінде көремін, – дейді компания басшысы.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале