14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні
2016 жылдың тамыз айынан 2018 жылдың соңына дейін Сапарбек Нұрпейісов деген азамат Батыс Қазақстан облысының прокуроры болып қызмет істеді.
Ол қазағы қалың Сыр бойының перзенті екен. Сірә, содан болса керек адами қарым-қатынаста қазақилығы басым көрінді. Әрі Сапарбек Айтуұлы журналистердің кәсіби міндет-миссиясының қоғамдық-саяси мән-маңызын терең түсінетін жан болып шықты. Ол біздің өңірдегі қызметіне кірісер-кіріспестен жергілікті БАҚ өкілдерімен жылышырайлы қарым-қатынас орнатты. Соның бір дәлелі, Сапарбек Айтуұлы 28 маусым – Журналистер күні қарсаңында облыстық прокуратураның кеңсесіне жергілікті БАҚ басшылары мен республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өңірдегі меншікті тілшілерін арнайы шақырып, кәсіби мерекемізбен құттықтап, сыйлыққа кітап беретін. Кітап болғанда, қандай кітаптар десеңізші! Мысалы, 2017 жылы облыс прокуроры С. Нұрпейісов журналистерге сый ретінде Абайдың «Қара сөздерін» ұсынды. Аталмыш кітап «Қара сөз. Книга слов» деген атаумен шығыстық үлгіде әсем безендіріліп, 2016 жылы Алматыдағы «Атамұра» баспасынан қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген екен. Осы кітап қолына тиісімен, парақтап үлгерген «Казахстанская правда» газетінің Батыс Қазақстан облысындағы сол кездегі меншікті тілшісі Марина Иванова әріптесіміздің «О-о-о, «Книга слов» Абая на двух языках, это великолепно!» деп ерекше қуанғаны есімде. Ал келер жылы Сапарбек Айтуұлы журналистерге танымал этнограф-қаламгер Сейіт Кенжеахметұлының құрастыруымен шыққан «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» деп аталатын танымдық-тағылымдық сипаты зор керемет энциклопедияны тарту етті.
...Кеше Оралдағы әріптестерінен сұрап білдік, III сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Сапарбек Айтуұлы Нұрпейісов біраз жылдан бері Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы екен.
Аман жүріңіз, абыройыңыз асқақтай берсін, жақсы аға!
Бауыржан Ғұбайдуллин,
zhaikpress.kz