25.07.2025, 19:00
Оқылды: 127

Психолог суицид жасайтын балалардың белгілерін түсіндірді

Суицидке бір қадам жасаған адам оны тағы қайталауы мүмкін. Себебі бұл – жан айқайының шегі. Психолог Серікгүл Сәли BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында өз тәжірибесінде кездескен суицидке бейім жастардың мінез-құлқы, әдеттері жөнінде айтып берді.

HUUbVIBeTu8WWsYqkWS8ohwlHJodfxOlqs2g6ouv.jpg_width=1200Xheight=autoXtype=12

Сурет: baq.kz

– Серікгүл ханым, өз тәжірибеңізде суицидке бейім жас адаммен жұмыс істеп көрдіңіз бе?

Иә, ондай жағдай болды. Пациент 23 жаста еді. Онымен жұмыс 4-5 айға созылды. Ондай адамдар көбіне өмірдің мәнін, құндылықтардың не екенін түсіне алмай жатады. «Мен не үшін өмір сүрем?», «Өз орным қайда?» деген сұрақтарға жауап таппайды. Сол жауапты таппаған адам – әлсіз емес. Қайта оларда өмірге деген сұраныс өте жоғары болады. Және бұл психологиялық типке байланысты.

– Қандай психологиялық типтер суицидке бейім болады?

Кез келген адам суицидке бармайды. Бұл – мінез-құлық типіне байланысты. Үйде 5 бала болса, төртеуінің психологиясын ата-ана білуі мүмкін, бірақ біреуінің ішкі әлемін түсінбеуі мүмкін. Міне, дәл сол бала ерекше назарды қажет етеді.

Суицидке бейім балалар көбіне:

  • өз тыныштығын агрессиямен қорғайды;
  • қараңғыда отырады, көз жанарын жасырғысы келеді;
  • ұзақ бір орында отыра алмайды;
  • виртуалды әлемге кіріп кетеді;
  • БАҚ-та суицидке барғандар туралы сюжеттерді көріп, «мықты екен» деген ішкі реакция береді.

Бұл – жан азабынан құтылудың бұрыс формасы.

– Суицидке апаратын негізгі факторлар қандай?

Созылмалы депрессия – ұзаққа созылады. Өмір туралы ауыр, негативті ойлар – диалогта байқалады. Ұзақ күрес – өмір сүру үшін мән іздейді. Сигнал береді – «мен өлсем не болады?» деген сөздерді айта бастайды. Кенет көңілді болып кетеді – бұл ең қауіпті кезең. Іштей шешім қабылдаған адамның бойындағы тыныштық.

– Жанында жүргендер не істей алады?

Бірден психологқа апаруға тырысады. Бірақ өкінішке қарай, суицидпен жұмыс істейтін білікті мамандар тапшы. Кейбірі «әкелсін, жұмыс істеймін» дейді, бірақ нақты нәтиже бермейді. Тағы бір қателік – бақсы-балгерге апару. Мұндай адамдар өте жоғары интеллектіге ие. Егер «сенің бойыңа шайтан кірген» десе, олар өзін қорланғандай сезінеді. Бұл кері әсер етеді. Өйткені нағыз суицидке баратын адам айқайлап «мен өлемін» демейді. Іштей күресіп, үнсіз күйде жүреді.

– Мұндай адаммен қалай сөйлесу керек?

Ең алдымен тыңдау керек. Бірақ бұл – ақыл айту, нұсқау беру немесе тәрбие оқу емес. Оның ішкі жан-дүниесін, уайымын құнсыздандырмай тыңдау қажет. Кейін ортақ тақырып арқылы әңгімеге тартып, «мен жалғыз емеспін» деген сезімді ояту керек. Ең үлкен күйзелісі – «ешкім мені түсінбейді» деген ой.

– Суицидке барған адам оны қайта жасай ма?

Иә, бірінші әрекеті сәтсіз болса, екіншісіне де баруы мүмкін. Бұл – дәлелденген нәрсе. Бірақ бәрі емес. Кейбірі кейін қатты өкінеді. Аталған пациенттерден жиі еститін сөзім: «Бұл – біреуді өлтіруден де қиын. Мен өзімді өлтірмек болдым, бұл – ең ауыр нәрсе», дейтін.

– Ем ретінде антидепрессантқа жүгіну туралы не айтасыз?

Суицидке бейім адамдар есірткіге тәуелді болып кетуі мүмкін. Себебі өмірде рахат жоқ деп есептейді. Көп жағдайда антидепрессант қабылдап жүрген жастар да бар. Бірақ ол да тәуелділікке әкелуі мүмкін. Суицидке бейім адамға өмірдің мәнін макродеңгейде түсіндіру керек. Яғни төрт құбыла құндылығы, адамның орны, сезім, сенім, көзқарас – бәрі үлкен әлеммен байланыста екенін көрсету қажет. Бұл – терең жұмыс.

- Өмір сүрге деген құштарлығын қалай оятамыз?

Өмірдің мәнін діннен тауып, тоқтап қалып жатады. Оны терең зерттеп, білім дамытады. Жоғарыда айтып кеткенімдей, суицидке баратын азаматтар бұл өте жоғары интеллектінің адамдары. Енді бірі өмірдің мәнін психология және философиядан табады. Өзі сынды адамдарға көмектесіп, өмірін арнайтындар бар. Бұл өте ауқымды жұмыс.

– Әңгімеңізге рахмет!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале