Жәнібек Әлімханұлының елімізде өткізген жекпе-жегін дүйім жұрт күтті. IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағын елорда төрінде қорғағаны да өз алдына бір жаңалық.

Фото: Нұрғали Жұмағазы
Көп жұрт қарсыласы танымал, қазіргі таңда ел аузында жүрген азулы боксшыларды күтті. Бірақ Анауэлді әлсіз деуге ауыз бармайды. Жоғары деңгейде 14 жекпе-жек өткізген франциялық былғары қолғап шебері 9-ын мерзімінен бұрын аяқтаған.
Ол да өз алдына айтарлықтай көрсеткіш. Бокс кеші алдындағы баспасөз мәслихатында «Мені көп адам білмегені еш алаңдатпайды. Шеберлігімді шаршы алаңда көрсетем. Астанаға бір апта бұрын келдік. Дайындығым тамаша. Жеңістен басқа нәтижеге көңілім толмайды», - деген еді.
Бірақ бірінші раунд соңында құйрығымен канвасты бір иіскеп алды. Екінші раундта франциялық боксшы жинақылау өнер көрсеткенімен «Qazaq style» оның шабуылдарын қадағалап отырды.
Бесінші раундта Нгамиссинге жағдайын түзеп, жекпе-жек теңескендей еді. Бірақ Жәнібектің сол қолының соққысы мәселені шешіп тастады.
Осылайшы қазақ боксшысы өз белдіктерін қорғап қалды.
- Елге келіп үлкен шоу сыйлағымыз келді. Баршаңызға рахмет! - деді Жәнібек.
Түгелбай Бисен