15.04.2025, 15:15
Оқылды: 392

«Qazaq style» өз биігінде қалды

«Nomad Promotions» компаниясы елордада ІВҒ және WBO тұжырымының шемпиондық атағы сарапқа салынған бокс кешін ұйымдастырды. Әлемге қазақ боксын танытсам деп жүрген шемпионымыздың Астанада өткізген жекпе-жегін көрудің сәті түсті.

4a4b91a2-db3b-4fa0-b62a-5fa4597b40a0 Елімізде соңғы 30 жылда болмаған бокс бәсекесін ұйымдастырған компания әлемдік деңгейдегі кәсіби боксты Қазақстанға қайтару үшін британдық «Excelsior Sports Club» ұйымымен тығыз ынтымақтастық орнатты. Бокс, соның ішінде кәсіби боксты дамыту үшін «Nomad Promotions Warrior Season 2025» жобасын іске қосты. Бокс сарапшысы, журналист Аян Төлегеннің пікірінше, бұл бастама Орталық Азия спортының дамуына серпін береді.

– Жаңа жоба Қазақстанды әлемдік спорт аренасына айналдыруды көздейді. Ол үшін үш жылдық халықаралық турнирлер жоспары әзірленді. Осы жоспар аясында болашақ шемпиондарды даярлап, оларды жоғары деңгейдегі жекпе-жектерге шығаратын бокс академиясын құру да жоспарланды, – деді Аян Төлеген.

Үш күнге жоспарланған бокс кешінің алғашқы күні шемпион Жәнібек Әлімханұлы мен Анауэль Нгамиссингенің қатысуымен баспасөз мәслихаты, екінші күні салмақ өлшеу рәсімі, ал сәуірдің 5-і күні негізгі бокс кеші өтті.

Бокс мерекесін жартылай орта салмақтағы Әлішер Әбдуәлім мен үндістандық Ашиш Чаудхари ашты.

Төрт раундқа созылған айқас қорытындысында Әлішер Әбдуәлім жеңіске жетті.

Артынша шаршы алаңға қазақстандық Ақниет Әлімбай мен чехиялық Йозеф Дубски шықты. Айқас барысында ширақтық танытқан Йозеф төрт раунд қорытындысында жеңімпаз деп танылды.

Төрехан бокс төрін бермеді

Жәнібек Әлімханұлы мен Анауэль Нгамиссинге арасындағы бокс кешінің үшінші жұбын әуесқой бокстың жарық жұлдызы Төрехан Сабырхан мен Чехия боксшысы Йиржи Хауке құрады.

Кәсіпқой рингте 10 кездесу өткізіп, оның 6-сында жеңіліс тапқан Йиржи Хауке дебютантқа айтарлықтай қарсылық көрсете алмады.

Төрехан Сабырхан бұл айқаста өзінің шеберлігін толығымен көрсетті. Соғатын жерде соғып, қажет болған кезде жанкүйерге шоу сыйлай алған қазақ баласы қарсыласын бұйым көрмеді. Оның ойлы шабуылы үшінші раундта нәтиже берді. Енді ғана шабуылға ұмтылған қарсыласын алдымен бір сұлатып алған Төрехан раунд соңында бүйректен соғып, тұрғызбай тастады.

– Жасым 19-да. Барлығы алда деп білемін. Қазақтың кім екенін әлі-ақ әлемге танытатын боламын. Бүгін анам мен Махмұд ағамның жолдасы, яғни жеңгем туған күнін тойлап жатыр. Жеңісімді сол кісілерге арнаймын. Мақсатым – олимпиада ойындарының алтын медалін алу. Содан кейін ғана кәсіпқой боксқа толықтай ден қоямын, – деді Төрехан Сабырхан жекпе-жектен соң.

«Алға, Батон!»

«Барыс Арена» мұз сарайын дүбірге бөлеген бокс кешінің көркін нәзік жанды боксшылар да кіргізді. Қазақстандық боксшы Балауса Мұздыман филиппиндік Мария Тереза Пинилимен ринг бөлісіп, кәсіби бокста жетінші кездесуін өткізді.

Балауса Мұздыман осы кезге дейін кәсіпқой бокста өткізген 6 кездесуінің бесеуін мерзімінен бұрын аяқтаса, филиппиндік ару Мария Тереза Пинили кәсіпқой бокста жеті кездесу өткізіп, алты рет жеңіс тойын тойлаған.

Рингке шынашақтай қарындас шыққан кезде жан-күйерлер дүр сілкінді. Бокс басталғаннан аяқталғанша «Балауса, Балауса!» деген қолдау бір тынбады.

9c978a3e-165e-4648-9a90-266b73f6909b

Раунд өткен сайын қарқынын күшейткен Балауса бесінші раундта қарсыласын біраз сабады. «Муздидің» қарқынына көңілі толған жақындары оны жігерлендіру үшін «Алға, Батон!» деп еркелетіп те отырды. Қалың қазақ қолдауын сезген Балауса қарсыласын аямады. Әсіресе соңғы раундтар Мария Тереза үшін тіптен қиынға соқты. Қорытындысында төрешілер бірауыздан жеңіске Балаусаны лайық деп таныды.

– Мансабымдағы алғашқы 8 раундтық жекпе-жегім елімізде өтті. Көрермен қолдауы ерекше болды. Алдағы уақытта бұдан үлкен жекпе-жектерге дайындаламыз. Филипин қызы да мықты екен. Керемет кеш сыйлағаны үшін қарсыласыма алғыс білдіремін. Менің мақсатым – тек қана мықтылармен ринг бөлісу. Намысты қолдан бермеуге тырысамыз, – деді Балауса.

Шеберлік сағатын өткізді

Астанадағы бокс кешінің тағы бір дебютанты Махмұд Сабырхан екінші жеңіл салмақта Николас Тордацилла атты боксшымен күш сынасуы керек болған. Бірақ жарыс қарсаңында қарсыласы ауысып, вьетнамдық Дак Хайнх атты былғары қолғап шебері келді.

Махмұд алғашқы раундта-ақ вьетнамдық боксшыны бүйірден соғып, есеңгіретіп алды. Одан соң тағы бір сұлатты. Екінші раунд басында вьетнамдықтың бапкерлері шәкіртіне айқасты жалғастырмауын өтінді. Бірақ ол қарсылық танытып, рингке шықты. Осы сәтте Махмұд оған бапкерді тыңдау керек екенін бір-ақ соққымен ұғындырды.

– Қарсыласым жекпе-жек алдында ауысты. Вьетнамдық боксшы келді. Әлеуметтік желілерде оның әлсіз екенін айтып, пікір қалдырғандар көп болды. Бірақ ол жігітті таңдаған мен емес. Менің таңдауым колумбиялық немесе АҚШ елінің жігіті еді. Өкінішке қарай, олар келе алмады. Бірақ кімді құлатсам да, мен үшін маңызды емес, – деді Махмұд Сабырхан.

Махмұд өз сөзінде әуесқой бокста қала беретінін мәлімдеді.

«777» 24-жеңісін тойлады

Кәсіпқой бокста 23 кездесу өткізіп, оның 17-сін нокаутпен аяқтаған Батыр Жүкембаев «Барыс Аренада» ұйымдастырылған бокс кешінде Ұлыбритания боксшысы Кейн Гарднермен қолғап түйістірді.

«777» лақап атымен танымал қазақ боксшысының қарсыласы оңай шағылар жаңғақ емес еді, ол 17 қарсыласының жетеуін нокаутқа түсірген. Бірақ Кейнмен ұрысты біздің жігіт өзіне қолайлы қашықтықта өткізе білді.

Айқастың қорытындысында төрешілер жеңісті Батыр Жүкембаевқа берді.

Сұлтан өз биігінде қалды

IBF Intercontinental тұжырымындағы екінші орта салмақта жекпе-жек өткізген қазақстандық Сұлтан Зәуірбек 18 кездесудің 12-сінде қарсыласын сұлатқан Оңтүстік Африка республикасының өкілі Азинга Фузилемен айқасты.

8c6f725f-7e64-4285-bd36-939f0787561c

Қос қарсылас алғашқы раундтарда бір-бірін аңдысып бақты. Жетінші раунд аяқталысымен Сұлтан қарқынын күшейтті. Сегізінші раундта Азинга Зәуірбектің қарқынына тойтарыс бере алғанымен, тоғызыншы және оныншы раундтарда Сұлтанның біраз соққысы дәл тиіп жатты.

Жоспарланған, барлық дистанцияны толық еңсерген айқас соңында төрешілер Сұлтан Зәуірбекті жеңімпаз деп таныды.

Әдеттегідей «Qazaq style»

Бокс кешінің соңында дүйім жұрт асыға күткен Жәнібек Әлімханұлы да шаршы алаңға шықты. Чемпионның елімізде өткізген жекпе-жегін асыға күткен жанкүйер Әлімханұлын үлкен қошеметпен қарсы алды. IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем шемпионы атағын елорда төрінде қорғағаны да өз алдына бір жаңалық еді. «Барыс арена» ішін лық толтырған ағайынның қиқуынан құлақ тұнды.

Десе де, жекпе-жек алдында көп жұрт қарсылас ретінде танымал, ел аузында жүрген азулы боксшы келгені дұрыс деген пікірде болғанымен, баласына қолдауға келгенде ол сөздерін бірден ұмытқандай әсер қалдырды. Дегенмен Анауэль Нгамиссингені әлсіз деуге ауыз бармайды. Жоғары деңгейде 14 жекпе-жек өткізген француз былғары қолғап шебері оның 9-ын мерзімінен бұрын аяқтаған.

2831e460-85c3-4024-bbe5-b5e0a049001a

Алғашқы раундтың соңында француз есеңгіреп, канвасқа құлап үлгерді. «Жекпе-жек осыдан кейін көпке созылмайды-ау» дегендер қателесіпті. Өйткені бокс кеші алдындағы баспасөз мәслихатында Нгамиссинге:

– Мені көп адам білмейтіні еш алаңдатпайды. Шеберлігімді шаршы алаңда көрсетемін. Астанаға бір апта бұрын келдік. Дайындығым тамаша. Жеңістен басқа нәтижеге көңілім толмайды, – деген еді.

Нгамиссинге сөзге берік жігіт екен, екінші раундта  жинақылау өнер көрсетті. «Qazaq style» оның шабуылдарын сәтті қадағалап отырғандай көрінгенімен, Анауэль сәті келгенде әр соққысын жақсы дарыта білді. Әсіресе үшінші және төртінші раунд тең дәрежеде өрбіді. Бесінші раунд басында Нгамиссинге өз бабына келгендей көрінді, тіпті сериялық шабуылдары да өтті. Алайда Жәнібектің сол қолының жойқын соққысы жекпе-жектің тағдырын шешіп кетті.

Осылайша, қазақ боксшысы қос белбеуін сәтті қорғап қалды.

Астанадағы кештің басты мақсаты – елге шоу сыйлап, кәсіпқой боксқа деген жанкүйердің назарын аударту болған еді. Кеш өз мақсатына жетті. Бірнеше жас қазақстандық былғары қолғап шеберлері шаршы алаңды сезініп, кәсіпқой бокстың не екенін көре алды. Ағайынды Сабырхандардың дебюттік жекпе-жектері де ойдағыдай өтті. Алда Жәнібекті үлкен жекпе-жектер күтіп тұр. Карлос Адамес, Эрисланди Лара секілді мықтылар бар. WBC Карлос Адамес пен қазақстандық Мейірім Нұрсұлтановты мамырдың 6-сына дейін ортақ шешімге келіп, промоутерлік сауда ұйымдастыруға мәжбүрлеп отыр. Өйткені Мейірім – жоғарыда аталған тұжырымның шемпиондық таласына түсетін міндетті үміткер. Ал Жәнібек өз салмағындағы барлық белдікті алғысы келеді. Барлығы біз ойлағандай болып жатса, қазақтың қос баласы шемпиондық белдік үшін рингке шығуы ықтимал. Баспасөз мәслихатында Жәнібек ондай кездесуге дайын екенін мәлімдеді.

Ендеше күтейік!

 

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»,

Орал–Астана–Орал

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале