QazaqGaz-дың (бұрынғы "ҚазТрансГаз") 2022 жылғы болжамды шығыны - 180 миллиард теңге. Бұл туралы ұлттық компанияның басқарма төрағасы Санжар Жаркешов мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ұлттық компания басшысының айтуынша, әдейі тиімсіз баға белгілеу осындай жағдайға алып келеді. Ол баға жер қойнауын пайдаланушылар мен компанияны қанағаттандырмайтынын, сонымен қатар тауар газының тапшылығын тудыратынын айтты.
"Биыл қарасақ, бізде 180 миллиард теңге жоспарлы шығын бар. Соңғы бес жылға қарасақ, QazaqGaz шамамен 580 миллиард теңге жинақталған шығын тудырды. Алдағы екі-үш жылды есептесек, солай жалғастырып, бағаны өзгертпесе, триллион теңгеден аса шығын жинақталады", - деді Санжар Жаркешов "Самұрық-Қазына" қорының баспасөз мәслихатында.
QazaqGaz - "Самұрық-Қазына" қорының портфельдік компаниясы. Ұлттық компания тауарлық газды магистраль газ құбырлары мен газ тарату желілері арқылы тасымалдаудың орталықтандырылған инфрақұрылымын басқарады, халықаралық транзитпен қамтамасыз етеді және ішкі мен сыртқы нарықтарда газды сатуды, құбырлар мен газ қоймаларын дамытуды, қаржыландыруды, салуды және пайдалануды жүзеге асырады. 2022 жылғы ақпанда ұлттық компанияның басшысы болып Санжар Жаркешов тағайындалды.
2021 жылдың аяғында "ҚазТрансГаз" ұлттық компания мәртебесін алып, QazaqGaz деп өзгертілді.