«Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары Головкин-Шеремета жекпе-жегін тікелей эфирде көрсетеді.
Кәсіпқой бокстан орта салмақтағы IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (40-1-1, 35 КО) АҚШ-тың Флорида штатындағы Холливуд қаласында поляк боксшысы Камил Шереметамен (21-0, 5 KO) жекпе-жек өткізеді. 38 жастағы жерлесіміз шаршы алаңға соңғы рет 2019 жылдың қазан айында украиналық Сергей Деревянченкоға қарсы шыққан еді. 31 жастағы Шереметамен өтетін жекпе-жекте Головкин IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын қорғайды. Бокс кеші аясында қазақстандық кәсіпқой боксшы, екінші орта салмақтағы WBC International Silver чемпиондық белбеуінің иегері Әли Ахмедов (16-0, 12 КО) кезекті жекпе-жегін өткізеді. Әли Ахмедов 18 кездесудің барлығында жеңіске жетіп, 13 қарсыласын нокаутпен ұтқан 31 жастағы эквадорлық Карлос Гонгорамен жұдырықтасады. «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары бокс кешін 19 желтоқсанда тікелей эфирде көрсетеді. Трансляция Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы 4-те басталады.
inform.kz