Ұлы Жеңіске сан ұлттың ерлігі мен өрлігінің һәм бірлігінің арқасында қол жетті. Табандатқан төрт жылға созылып, адамзат баласын зор қасіретке ұшыратқан сол бір жаралы жылдар жаңғырығы ардагерлердің санасынан өшкен жоқ. От пен оқтың ортасынан оралғандардың қатары да қазір селдіреп қалды. Шүкір, аз болса да, ел қорғаған осынау ерлерімізбен мақтанамыз біз. Сол сұрапыл жылдардың көзі тірі куәгерлерінің алды жүзден асса, кейінгілері де тоқсанның бел ортасына келді. Оларды кәріліктің тұсауы алысқа жібермесе де, өз шаңырақтарының төрін толтырып отырғандарының өзі бір ғанибет!
Тарих тақтасына аттарын қанмен жазған қарт майдангерлердің бірі – Вениамин Скаленко. Ол 1924 жылдың 20 қазанында Теректі ауданына қарасты Бөрлі ауылында туған. Әскерге 1942 жылы 18 жасқа толысымен аттанып, содан туған топырағына 1947 жылы аман-есен оралыпты.
– Майдан жорықтарыңыз дей-сіз бе? О-о-о, менің көрген жерім көп, ажал оғы тимегені болмаса. Танкке қарсы атқыштар дивизиясы құрамында радиотелеграфист болдым ғой, бәрі көңіл сарайымызда сайрап тұр. Алғаш соғысқа Украина жерінде кіріп, Венгрияны, Польшаны, Австрияны азат етуге қатыстым. Варшава мен Праганы да жаудан тазартып, фашистердің шыққан ұясы Берлинге дейін жеттік қой. Бұл тек қазір айтуға ғана жеңіл. Біз қандай азапты күндерді бастан кешсек те, денемізді жау оғы жараласа да, ағайын-туыстың ортасына тірі оралдық. Майдан даласында топырақ астына көміліп, су түбіне кетіп, елеусіз қалған, хабарсыз жоғалған боздақтарымыздың санын кім біледі?! - дейді қарт солдат ауыр күрсініп.
Иә, Жеңіс жалауы желбіреген күнді Вениамин Пантелеевич Берлиннің қақ төрінде, Рейхстаг жанында тұрып, өз көзімен көрген. Сол жерде тізе бүккен 130 мыңдай неміс тұтқыны да болыпты. Ал одан кейін ол Қиыр Шығысқа аттанып, Маньчжуриямен түйіскен шекарада 1947 жылға дейін әскери сапта қызмет атқарады. Өйткені жапондардың диверсиялық әрекеттері біразға дейін тыншымай қойғаны көпке мәлім.
Осылайша жалын атқан жастықтың бес жылын Отан қорғауға арнаған азамат туған ауылына оралған соң, сол топырақта жиырма жылға жуық агроном, колхоз төрағасы болып абыройлы қызмет атқарады. Іскер де еңбекқор жан жоғары басшылықтың назарына ілігіп, алпысыншы жылдардың басында облыстық статистика басқармасына жұмысқа шақырылады. Осы жерде бөлім меңгерушілігінен басқарма басшылығына дейін көтеріліп, құрметті демалысқа шыққанша үздіксіз еңбек етеді. Отан соғысы ордені мен бірнеше жауынгерлік медальдардың иегері бейбіт өмірде сый-құрметтен кенде болмаған. Күні кешеге дейін түрлі қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылып, шақырған жерлердің құрметті қонағы болып, өмірлік тәжірибесінен салиқалы әңгіме де өрбіткен.
Біз өнегелі өмір мектебін қалыптастырып, ел-жұртының құрметіне бөленіп отырған ардақты жанға алда да шуақты көңіл, ұзақ ғұмыр тілейміз. Өздеріңіз сыйлаған Ұлы Жеңістің 76-ыншы көктемі құтты болсын!
Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.
zhaikpress