11.02.2026, 15:15
Оқылды: 13

Рельс бойында шалқыған шабыт

 

Таяуда Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Талғат Мықидың «Параллель» атты шығармашылық кеші өтті.

DSC02364

Талғат Мықи – айтыс  пен жазба поэзияда  өзіндік өрнегімен  танылған дарын.

Ақынның осы күнге  дейін «Жан дауыс», «Қылшыққұм» атты жыр жинақтары жарық көрген. Әрі ол – халықаралық, республикалық айтыстарда да Шолпан жұлдыздай жарқырап жүрген сөз зергері. Күні кеше ғана «Отан» және «Құрмет» ордендерінің иегері, ақын Жүрсін Ерманның мерейлі 75 жасқа толуына орай ұйымдастырылған айтыста бас бәйгені қанжығалады. Ақын Талғат Ақ Жайық өңірінің мәдениет саласының дамуына да лайықты үлес қосып келеді. Ол алғаш 2011 жылы М. Өтемісов атындағы облыстық сауықтыру мектеп-интернатында тәрбиеші болып еңбек жолын бастады. Содан кейін Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында түрлі қызмет сатысынан өтіп, тәжірибесі толысқан маман ретінде танылды. Әркез өз ісіне жауапкершілікпен қарап, орталық жұмысының жандануына мол үлес қосты. Қажырлы еңбегінің нәтижесінде биылғы жыл басында Қадыр орталығының директоры болып тағайындалды. Алтыншы сыныпта Қадырдың шығармашылығымен танысып, кейін одан бата алған бала Талғат бүгінде өнерімен биік белестерді бағындырып келеді.

Ақынның шығармашылық әлемі айтыс және өлеңмен ғана шектелмейді. Мықиды музыка майталмандары да жақсы таниды. Себебі жұртшылық жүрегінен орын алған көптеген әннің мәтіні Талғат ақынға тиесілі.

DSC02293

Шайырдың шығармашылық кешінде «Атамекеннің» кең залы көрерменге лық толды. Алдымен жиналған жұртқа кеш атауын ашатын, ақынның ішкі жан толғаныс-тебіренісін жеткізетін қойылым ұсынылды.

Теміржол бекеті. Ақын рельс бойымен өлеңін оқып, жүріп келеді. Шамасы, бұл бозбала кезінде Алматыға арман қуып аттанып, Жазушылар одағындағы аға буынның алдынан өткен шағы. Жыр маржанын одан әрі жарқырата түсіп, таулы қалаға табан тіреген оның тұлғаларды тамсандырсам деген ниеті бар. Тәкеңнің «Мойындатып қайту керек Одақты, Ақ Жайықта ақын жоқ деп айтпасын» деген жыр жолдарынан біз осы ниетті айқын аңғардық.

Вокзал маңында кездесулер мен қоштасулар... Қойылым бірі туған жерінде қалып, бірі өзге қалаға аттанған қос ғашықтың тағдырына ұласады. Осылай амалсыз бала махаббатынан алыстаған екі жанның сағыныш әуені шертіліп, жауқазын жыры оқылады. Ал жазмыш жазуына сырттай қарап, ғашықтардың ғаламат сырына куә болып тұрған жолсеріктер – белгілі ақындар Бауыржан Ширмединұлы мен Жарқынбек Шынтаев. Олар көрермен жадына тамызық тастап отырды. Вагонды – өмір деп алсақ, теміржол – өмір жолы. Өмір пойыздай зырғып, тоқтаусыз жылжып барады. Ал алдағы бекеттерде қуаныштың, не қайғының күтіп тұрғаны белгісіз. Пойыз жүретін екі темір жолақ бір бағытқа қозғалса да, олар мүлде қосылмайды. Рельстің «дүрс-дүрс» деген гуілі жүректердің сыр шертісер үні ғой. «Жолымыз түйісер нүкте жоқ, біздің жолымыз – параллель» деп ақын Талғат жыр жолдарын өрсе де, қойылым кейіпкерлері соңында бір-бірін қапсыра құшақтап, табысады. Айта кетелік, көпшілік көңілінен шыққан қойылымды Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармонияның өнерпаздары, Х. Бөкеева атындағы об-лыстық қазақ драма театрының әртістері сахналаса, «Атамекен» халықтық би ансамблі мен «У-Шу» шығармашылық тобы мазмұнын одан  әрі байыта түсті. Содан кейін Жұмабектің Талғаты өз өлеңдерін оқыды. Ақынның дүние дидарын көруге себепші болған анасына, кіндік қаны тамып, балалығы өткен туған жеріне арнаған өлеңдері көптің  қошеметіне  ие  болды.

DSC02457

Жоғарыда айтып өткендей, Талғат Мықидың талантына қазіргі қазақ эстрадасындағы жұлдыздар мен ән тыңдарманы таң. Әрине, әуен мазмұнды мәтінімен өміршең. Осы сөзімізге Алматыдан ағылған ән керуені дәлел. «Параллельге» Әбдіжаппар Әлқожа, Нұрболат Абдуллин, Жандос Қаржаубай, Мәлік Жамбылұлы секілді эстрада жұлдыздары арнайы келіп, ақын өлеңіне жазылған әндерді шырқады. Кеш барысында Әбдіжаппар өзінің ән қоржынындағы «Түлектер сағынышы», «Неке туралы куәлік», «Параллель», «Бәрі рас» әндерін  орындады. Сондай-ақ Н. Абдуллиннің «Миллион», Ж. Қаржаубайдың «Түнгі екіде», М. Жамбылұлының «Аңсама» әні дүйім жұрттың назарын жаулады.

DSC02568

Талғат Мықидың кешіне айтыстағы дос-құрдастары да қатысты. Домбыра сазына жыр көкпарын ұштастырған ақындар Дидар Қами, Аспанбек Шұғатаев, Қазырет Бердіхан, Шалқарбай Ізбасаров, Қажымұқан Абзалов, Тұрар Тілеулиев қағытпа қалжыңымен көрермен қауымды дән риза қылды.

DSC02837

1988 жылы жарық дүниеге көрінген құрдас айтыскерлердің сөз қағысын бастаған Дидар Қами досы Талғатқа деген ізгі лебізін өлеңмен жеткізді:

Шыққан соң Қылшыққұмдай  мұратты  елден,

Мөлдір жырға  тұнып  тұр  бұлақ  кеудең.

Біраз жыл зам болып  Халиоллаға,

Баукеңнің  мінезіне  шыдап  келген.

Құранда  жақсылыққа  береді  дейді,

Құлына болса  Құдай сынақ  берген.

Он  төртінші  қаңтарда  бас  бәйге  алып,

Айтыста  жыры  жұртқа  ұнап  көрген.

Он  алтыншы  қаңтарда  туған  күні,

Жүзінен  жұрт  шұғыла  шуақ  көрген.

Он  тоғызыншы  қаңтарда  басшы  қылып,

Шығарды «Қадыр» дейтін  бір-ақ  төрден.

Аллаға  мың  қайтара  шүкір  дейміз,

Досымызға  күш  берген,  қуат  берген.

Мына  бес  күн  жалғанның  нығметтерін,

Бес-ақ  күнде  басына  бір-ақ  берген.

 

Ішер  ас,  киер  киім  былай  тұрсын,

Шоу  бизнесте  сөз  бенен  ән  сатылад (ы).

Сен  жазған  жыр  хит болады  деп  жатыр ғой,

Тамсана  тыңдаған  соң  қанша  құлақ.

Талғатжан, мен  өзіңнен  сұрайыншы,

Жүрсің-ау  сан  әншіні  аңсатып-ақ,

Өзіңнің «ставкаңды»  білеміз ғой,

Сөзіңнің бір әрпі қанша тұрад (ы), – деп ақжарма тілегіне сұрағын қоса жолдады. Оған Талғат  ақын:

Тұрса  да  хит  болуға  жарап  әнім,

«Қанша  аласың?» деп  олай  қарамағын.

Алу  деген  нәрсені  ұмытқанмын,

Сарайын  басқарғалы  Қадағаның.

Ал  сөз  жазу  жағына  келер  болсақ,

Әркім  өзінің  қарайды  шамаларын.

Арнайы  белгілеген  «ставкам» жоқ,

Аш  қалмаса  болғаны  балаларым.

Сынықшылар  сияқты  клиенттің,

Шын ниетпен бергенін ғана аламын, – деп ұтымды жауап қатты.

DSC02861

Шығармашылық кештің шымылдығын түрген шағын қойылым барысында Талғат ақын әкесі Жұмабектің рухына жырмен тағзым етті. Ал  шырайлы шараның соңына таман анасы Гүлайым апаға перзенттік сезімін өлеңмен жеткізіп, гүл шоғын ұсынды. Әрі өзін қолдап келген көрермен мен өнер иелеріне ризашылығын білдірді. Кеш соңында Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармонияның директоры Бауыржан Халиолла әсерлі рухани кеш үшін Талғат Жұмабекұлына алғысхат ұсынып, өнеріне өріс тілеп, әріптес інісінің иығына шапан жауып, Ақ Жайық айтыскерлерінің атынан ат мінгізді. Ал Ақ Жайық атырабының бас қаласына 600 шақырым жерден келген Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов кіндік қаны Нарын құмында тамған ақынға аудан әкімі Нұрлыбек Дауымовтың алғысхатын табыстап, Нарын жұртының игі тілек, ізгі ниетін жеткізе келе, аудан басшылығы мен аудан халқының атынан Талғат ағамыздың тақымына  тұлпар  тосты.

DSC02905

Қылшыққұм

Атлантида...

Сұм  дүниеден  әр  түрлі  жәйтті көріп,

Платон  шал  өтірік  айтты  делік...

Есенғали  Раушанов

Тынышымды  ала  берді  тыншып  түн,

Түстеріме  бір  кірдің  де, бір шықтың.

Түндігіңнің  шықпай  қапты  түтіні,

Кіндігімнің  қаны  сіңген, Қылшыққұм.

 

Айналайын,  туған  ауыл, Қылшыққұм!

Мен  қайғыға,  ал  сен  құмға  тұншықтың.

Қабағымнан  қара  бұлтты  көрдім  де,

Жанарымнан  жалғыз  тамшы  ыршыттым.

 

Қу  дүние  қу  жанымды  енді  алсын,

Барымды  алды, басқа  менің  нем қалсын?

Су астында бар ма, жоқ па сол қала...?

Құм  астында,  Қылшыққұмым, сен  барсың.

 

Көңілімнен  көктем  қашып, күз  кеп  жүр,

Тарығудан  тіздім  қанша  тізбек  жыр.

Уақыт  сені  жер  астында  қалдырды,

Бақыт  мені  жер  үстінде  іздеп  жүр...

 

Кесек-кесек  кеселеп у  ішетін,

Тар  маңдайы  тағдырынан  ісетін.

Бүтін  Жайық  бір  ақынды  біледі,

Жер  астына «бақытсыз»  боп  түсетін.

 

Ал  сол  ақын  мен едім ғой, есі  аман,

Есеңгіреп  жүрген  жанмын – есалаң.

...құм  астында  бір  ауыл  бар  деп  айтсам,

Енді  маған  сенер  ме  екен  Есағам?..

 

 

Нұрым  Ғұмар,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале