27.06.2024, 23:00
Оқылды: 189

Репродуктивті денсаулық апталығында көптеген мәселелер талқыланды

Биылғы 24-28 маусым күндері аралығында елімізде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен репродуктивті денсаулық апталығы өтті.

IMG-20240627-WA0120

Іс-шараның мақсаты – репродуктивті денсаулықтың маңыздылығын түсіндіру, салауатты өмір салтын насихаттау. Осыған орай таяуда өткен өңірлік коммуникациялар алаңындағы баспасөз мәслихатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Ғұбайдуллина, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Шалқыма Құрманалина, сондай-ақ №4 қалалық емхана жастар денсаулық орталығының психологі Назгүл Жұмалиева баяндама жасады.

InShot_20240627_202544052

— Қазіргі кезде тіркеліп жатырған жүктіліктің 30%-ы жоспарланбаған болып есептеледі. Соның ішінде жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу тақырыбы — өзекті мәселелердің бірі. Жақында Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасынының орынбасары Елена Тарасенконың қатысуымен облыстық комиссия отырысында кейінгі кезде жиі ұшырасатын жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік мәселесі талқыланды. Медициналық көрсеткіштерге сәйкес 19 жасқа дейінгі жүктілік ерте деп саналады. Жасөспірімдердің жүктілігі бүгіндері 15-17 жас аралығындағы кезеңде көптеп тіркелуде. Осының салдарынан кәмелет жасқа толмаған қыз балалар жасанды түсік жасап, кейбіреулері түсік тастайды. Бұның қыз бала денсаулығына әсер тигізбей қоймайтыны жасырын емес. Сол себепті ерте жүктілікті болдырмау үшін ең әуелі балалардың жыныстық тәрбиесі мәселесіне назар аударған абзал. Бұған қоса отбасы құндылықтары, ондағы әкенің рөлі, қыз бала мен ер бала тәрбиесі кеңінен насихатталып, жыныстық қатынас тақырыбы жиі сөз болуы керек деп есептеймін, - деді Шалқыма Хайроллақызы.

Айнаш Ғұбайдуллинаның айтуынша, «Репродуктивті денсаулықты сақтау» деген атаумен өткен апталық жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығының маңыздылығы, ерте жүктіліктің және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ), АИТВ инфекциясы мен жатыр мойны обырын тудыратын адам папилломавирусының алдын алу әдістері сияқты мәселелерді шешуге бағытталған. Апталық аясында ақпараттық-ағарту іс-шаралар, денсаулық орталықтарында ашық есік күндері, жасөспірімдерге арналған тегін медициналық тексерулер мен кеңестер ұйымдастырылады. Науқанға мемлекеттік құрылымдар, халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес ұйым мүшелері белсене қатысты.

InShot_20240627_202801783

- Облысымызда жалпы саны 697 мың халық болса, соның 358 709-ы - әйел адам. 158 977 әйел босану жасында. 15-17 жастағы жасөспірім қыз балалардың саны 20 233 адамды құрайды. Жыл сайын өңірде 12 мыңға жуық жүкті әйел тіркеуге алынып, олардың денсаулықтары дәрігердің қадағалауына алынады. Оның 30%-ы - кәмелетке толмаған жасөспірім қыздар. Дегенмен өткен жылмен салыстырғанда жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік деректері 19,5%-ға төмендеді, - деді Айнаш Жұбанышқызы.

InShot_20240627_202337226

Келесі сөз кезегін алған №4 қалалық емхана жастар денсаулық орталығының психологі Назгүл Демеуғалиқызы аталмыш орталықтың қызметі жөнінде баяндады. Спикердің айтуынша, денсаулық орталығы 10-18 жастағы кәмелетке толмағандарға және 25 жасқа дейінгі жастарға тегін медициналық көмек көрсетеді. Медициналық көмек алу үшін емханаға тіркелу шарт емес. Бұған қоса психологиялық кеңестер беріліп, қолдау көрсетіледі.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Сурет авторы: БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале