Саясаттанушы, Еуразиялық интергация институтының директоры Оразғали Селтеев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына сапарындағы уағдаластықтар туралы пікір білдірді.
«Президенттің Ресейге апарған меморандумдары мен келісімдеріне қарап-ақ, жалпы осы бағыттар бойынша ішкі ынтымақтастықтың маңызды екені түсінікті және бұл жерде, ең алдымен, жұртшылықты қызықтыратыны – ядролық энергетика саласында кадр даярлау деп ойлаймын. Яғни, бұл қазіргі әлемдегі ең сұранысқа ие бағыттардың бірі екенін түсіну керек», - деді Оразғали Селтеев агенттік тілшісіне берген сұхбатында.
Өз сөзінде спикер Францияның алты жаңа атом стансасын салуды жоспарлап отырғанын және барлық жетекші мемлекеттер бейбіт атомды дамытуға қаржы салып жатқанын айтты.
«Сондықтан, осы тұрғыдан алғанда ядролық энергетика мамандарын даярлау жөніндегі ресейлік ғылыми-білім беру жүйесі не дегенмен алдыңғы қатарлы болып саналады және осы жүйе бойынша оқытылатын мамандар кем дегенде тағы 100 жыл әлемдік деңгейде сұраныста болатынын түсіну керек, сондықтан бұл өте маңызды. Екінші мәселе – Қазақстанда АЭС салумен байланысты. Бұл мәселе талқылануға да келмейді, өйткені бүгінде бүкіл ел бойынша энергия тапшылығы проблемасы бар және негізгі шешімдердің бірі – АЭС салу болып отыр. Бұл жерде Ресейдің атом станциясын салуға негізгі үміткерлердің бірі екенін тікелей айту керек. Бірақ әзірге мұның бәрі әзірлеу, меморандум жасау, талқылаулар, келісімдер сатысында, содан кейін ғана жұмыстардың қалай және қай бағытта дамитыны анық көрінеді», - деді Оразғали Селтеев.
Айта кетейік, 10-11 ақпанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясында жұмыс сапарымен болды.
Сапар аясында Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізді.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге жұмыс сапары аясында бірқатар құжатқа қол қойылды.
Екіжақты келіссөздің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.
Дереккөз: ҚазАқпарат