Азаматтарға тиесілі және олардың жеке қажеттіліктері үшін пайдаланылатын жеңіл автокөлік және мотоциклдерді аталған техникалық байқаудан өткізу бұдан былай міндеттелмейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Ресейдің Мемлекеттік Думасы сәрсенбі күнгі отырыста жеке мақсатта пайдаланылатын автокөлікті техникалық байқаудан міндетті өткізуді алып тастау туралы заң жобасын үшінші оқылымда қабылдады. Алайда техникалық байқау такси және жолаушыларды тасымалдау үшін пайдаланылатын өзге де көлік түрлері, сонымен қатар қызметтік мақсатта пайдаланылатын жеке автокөлік үшін міндеттеледі. Дума спикері Вячеслав Володин «процедураның төрт жылдан жоғары автокөлік және мотоциклдерді сату мен тіркеу кезінде міндетті болып қалатынын» нақтылады. Жүргізушінің диагноз картасы бола тұра, жол испекторы қызметкері көліктің көзге көрінетін техникалық ақауын байқаған жағдайда, оны техникалық байқаудан өткізуді сұрауы мүмкін. Жеке көлік иелерінің диагноз картасы болмаса, оларға айыппұл салынбайды. Володиннің айтуынша, заң 50 мың көлік құралын қамтып, көп жүргізушінің өмірін жеңілдетеді.