«Рухани жаңғыру» бағдарламасы ауқымында 2019 жылы «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы іске қосылғаны мәлім.
Биыл жоба аясында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің оқытушылары Ресей Федерациясындағы Астрахан аймақтық «Жолдастық» қазақ мәдениеті қоғамдық ұйымы, Саратов аймақтық «Ұлттық мәдени орталығының» «Поволжье қазақтарының ассоциациясы» қоғамдық ұйымы және Волгоградтағы «Қазақстан мұрасы» қорының мүшелерімен кездесті. Кездесу нәтижесінде қос тарап қазақстандық және ресейлік студенттердің қатысуымен шетел қазақтарының рухани қасиетті орындарын зерттеу тақырыбына арналған халықаралық ғылыми конференция өткізу туралы келісім жасады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің қаржылай қолдауымен AP09563101 «Таяу шетелдегі қазақтардың рухани қасиетті орындары (Батыс Қазақстанмен шекаралас Ресей Федерациясының аймақтары мысалында)» жобасы шеңберінде ғылыми зерттеулер жүргізілді.
Осы күні кеше түгесілген қазан айында М. Өтемісов атындағы БҚУ-да «Қазақтың рухани қасиетті орындары туралы білімді зерттеу мен насихаттаудағы трансшекаралық ынтымақтастық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өтті. Басты мақсат – Батыс Қазақстан облысының тұрғындары мен шекаралас елдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің қарым-қатынасын нығайту, көршілес аймақтардағы қазақ бірлестіктерімен тұрақты түрде хатхабар алмасу. Конференцияда М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың оқу және әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры Ә. Тасмағамбетов, дүниежүзілік тарих және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының доценті А. Нұрғалиева, аға оқытушысы А. Әмен, оқытушы Ж. Қалиева мен БҚУ оқытушыларының шығармашылық тобы, Астрахан аймақтық «Жолдастық» қазақ мәдениеті қоғамдық ұйымының төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Астрахан мемлекеттік техникалық университетке қарасты экономика институтының директоры Р. Арықбаев, Саратов аймақтық «Ұлттық мәдени орталығының» «Поволжье қазақтарының ассоциациясы» қоғамдық ұйымының президенті В. Ташпеков сөз алды.
– Бүгінгі конференцияда талқылауға шығарылған мәселелер өте өзекті. Қос мемлекет басшысының шекаралық ынтымақтастықты нығайтуға үнемі мүдделілік танытуы қазақ этносын, оның мәдениетін сақтауға ерекше ықпал етуде. Биылғы жаздың ортасында Қазақстан Республикасына барған ресми делегация құрамында болдым. Делегация мүшелері ел Президентімен, Үкімет басшысымен және Энергетика министрімен кездесті. Міне, осы кездесулерде ынтымақ аясын кеңейту, экономикалық қана емес, тарихи байланысты тереңдету жайы айтылды.
2021 жыл – біз үшін айтулы жыл. Өйткені күйші Құрманғазы Сағырбайұлына арналған музей-кесененің ашылуының 25 жылдығын атап өтеміз. Бұл кешеннің іске қосылуына Ресей мен Қазақстан халықтары арасындағы үлкен достық дәнекер болды. Осы кесененің ашылуына ҚР тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев, Ресей Федерациясының сол кездегі премьер-министрі В. Черномырдин және екі ел шекарасы маңындағы өңірлерден келген 50 мыңнан астам адам қатысты. Бұл оқиға туралы, әрине, мерзімді баспасөз беттерінде, ғылыми әдебиеттерде кеңінен жазылды. Менің ойымша, өзара интеграция мен қазақ даласының қасиетті жерлері туралы әңгімелесу, ақпараттар алмасу, әсіресе, жастар үшін өте маңызды. Өйткені Қазақстан халқымен байланысты киелі географиялық орындармен қоса, бұл ретте Ресейдің де киелі орындары туралы тарихи деректерді талқылап отырмыз. Оның үстіне Ресей Федерациясы тарапы осы жерлерді сақтап қалуға барынша күш салып жатқанын мақтан тұтамыз. Мұндай бағыттағы іс-шараларды мемлекеттердің қолдауынсыз жүзеге асыру қиындық туғызар еді. Біз әріптестеріміздің, жерлестеріміздің, қандастарымыздың қазақтардың киелі географиялық орындарын көздің қарашығындай сақтауға ұмтылғанына ризамыз, – деді Р. Арықбаев конференцияның ашылуында.
Конференцияда «Поволжье қазақтарының ассоциациясы» қоғамдық ұйымының президенті В.Ташпеков Еділ қазақтарының қауымдастығы этномәдениетті сақтауға ықыласты екенін айтты.
– 2017 жылы біз құрамына Мәскеу, Омбы, Орынбор, Саратов, Челябинск қалалары мен бірқатар өңірдегі қазақ қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары кіретін ұйым құрдық. Ресей азаматы болғанымызға қарамастан, қазақ мәдениетін насихаттау біз үшін өте маңызды. Қазақстан – біздің тарихи атамекеніміз. Биылғы қараша-желтоқсан айларында «Поволжье қазақтарының ассоциациясы» қоғамдық ұйымы Батыс Қазақстан облысының ғалымдарымен бірге Саратов облысының аумағында Бөкей хандығының құрылғанына 210 жыл толуына арналған ғылыми конференция өткізу жоспарлауда. Қазір өмір сүріп жатқан қазақтардың ата-бабалары Саратов, Волгоград, Астрахан облыстарының аумағы Бөкей хандығының аумағына енгендігін біледі. Бұл оқиғаны да ұмытпау керек, ол жерде студенттерімізге көрсете алатын көптеген тарихи орын жеткілікті, – деді ол.
Пленарлық отырыста Астрахан мемлекеттік университетінің қазақ тілі оқытушысы А. Ғұмарова, Астрахан мұнай және газ институтының студенті А. Сейдешева, Құрманғазы Сағырбаев мұражайының меңгерушісі А. Макабаева мәдениет пен тілді дамыту тәжірибесі, рухани құндылықтарды сақтау туралы баяндап, көпғасырлық халықтар достығына негізделген Ресей мен Қазақстан ынтымақтастығын нығайту қажеттігін атап өтті. М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың тарих ғылымдарының докторы А. Нұрғалиева Ресей-Қазақстан аумағында қазақ халқының қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуін құруға үлес қосуға ғалымдар ерекше ықыласты екендігін айтты. «Қазақтардың этномәдени бірлестіктері арасында «Жолдастық» қоғамдық ұйымы осы бағытта белсенді әрі жемісті қызмет етуде. Бірлестік мүшелері жан-жақты ағарту жұмысын жүргізіп, қазақ музыкасын орындаушылардың байқауларын және қазақ халқының салт-дәстүрі мен фольклорын насихаттауға байланысты фестивальдер мен басқа да мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға тікелей атсалысуда. Алтынжар ауылындағы Құрманғазы Сағырбаев атындағы мемлекетаралық мәдени орталықтың қызметкерлері – нағыз энтузиастер», – деп атап өтті университет ғалымы.
Тарих ғылымдарының докторы А. Нұрғалиеваның айтуынша, 100-ге тарта адам қатысқан конференцияға 35 баяндама ұсынылды. «Жолдастық» қоғамының жас өкілдері, оқытушылар, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің тарих, экономика және құқық факультетінің магистранттары мен студенттері белсене қатысып, бір-біріне ыстық лебіз білдірді. Ғылыми конференция материалдары бойынша электронды жинақ жарық көрді.
Нұртай Алтайұлы,
zhaikpress.kz