Орал қаласындағы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінің клубында Республика күніне арналған салтанатты концерт өтті. Бұл мерейлі шараға Ұлттық ұланның жеке құрамы, ардагерлер мен шақырылған қонақтар қатысты.

Салтанатты жиында “Батыс” өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, полковник Нариман Ақбаров құттықтау сөз сөйлеп, тәуелсіз елдің еңсесін биік ұстар маңызды мерекенің мәні мен маңызына тоқталды. Ол Республика күні – мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен тұтастығын, елдің бірлігі мен отанға деген адалдықты айшықтайтын ерекше мейрам екенін атап өтті.
Мерекелік концерттің шырайын Орал қаласының Жастар мәдениет үйінің әртістері кіргізді. Олар орындаған патриоттық әндер мен би қойылымдары көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, елдік рухты асқақтатты. Әрбір өнер нөмірі көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, ұзақ қол шапалақпен сүйемелденді.

Іс-шара соңында қызметте үздік нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер мен бөлім қызметкерлеріне Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
ҚР Ұлттық ұланы
“Батыс” өңірлік қолбасшылығының
баспасөз қызметі