Бүгін Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде 25 қазан – Республика күніне орай мемлекеттік марапаттарды табыстау рәсімі өтті.
Республика күні мерекесіне орай өңіріміздің дамуына әртүрлі салада айрықша үлес қосқан, мемлекеттік және ведомствалық наградалармен бірқатар батысқазақстандықтар марапатталған болса, сырымдықтар да мереке қарсаңындағы марапаттан құр қалмады.
Атап айтсақ, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ақын, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония директоры Бауыржан Халиоллаға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Құрметті атағы берілді.
Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының артисі Мұсағали Бектенов «Құрмет» ордені тағылса, Сырым ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің «Оқырмандарға қызмет көрсету» бөлімінің меңгерушісі Дина Қажығалиева «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанды.
Айжан Бауыржанқызы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Орал қаласы