14.11.2022, 10:30
Оқылды: 23

Робототехникалық жобада топ жарды

Бүгінде ғылым саласы ғарыштық жылдамдықпен қарыштап дамуда. Адамдар қай салада болмасын жасанды интеллект, «ақылды» құрылғылар мен роботтардың көмегіне жүгінуде. Отандық білім мен ғылым саласы да осындай әлемдік ақпараттық технологиялар ағымында дамып келеді. Кибернетика, роботехника, механика салаларының көкжиегін кеңейту, жас буынды заманауи ғылыми бағыттарға баулу мақсатында жыл сайын елімізде түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді.

5

4-5 қараша күндері Қарағанды қаласында өткен «ROBOLAND- 2022» робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялардың VII фестивалі – осының айқын айғағы. Оған Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық амандандырылған мектеп-лицей-интернатындағы «Робототехника» үйірмесінің оқушылары қатысып, жүлдеге ие болды.

Оқушылардың шығармашылық белсенділігін дамытуды, техникалық пәндерді дәріптеуді, робототехника мүмкіндіктерін көрсетуді мақсат еткен алғашқы әрі ірі робототехникалық жобаға Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Өзбекстан, Греция сынды мемлекеттердегі және еліміздің барлық өңіріндегі мектеп оқушылары қатысты. 16 санат бойынша 300 топ сынға түскен халықаралық байқаудың «Кегельринг-квадро Х2» бағыты бойынша жоғарыда аталған мектептің 9-сынып оқушысы Тілеухан Жұмағали 20.92 секундта үздік нәтиже көрсетіп, 25 команданың ішінде 4-орынға тұрақтады. Ал «Робогеометрия» (level 2) санатында мектебіміздің «ASTROBOY» командасының мүшелері, 10-сынып оқушылары – Әнуар Салауатов пен Мансұр Құсан 12 команданың ішінен ең жоғарғы 900 ұпайдың 836-сын жинап, жүлделі 1-орынды иеленді.

8 қараша күні байқау жеңімпаздарын мектеп директоры Аягөз Хамзина қабылдап, ақ тілегін білдірді. Мұғалімдер мен оқушылар қатысқан салтанатты жиында жүлдегерлерге арнайы алғысхаттар мен ынталандыру сыйақылары табысталды.

Отандық білім кеңістігінде тынысы мен өрісі кеңейіп келе жатқан роботехника саласында халықаралық деңгейде мұндай іс-шараның ұйымдастырылуы көңіл қуантады. Бұл өз кезегінде еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, талантты жастарды анықтауға септігін тигізері сөзсіз. Осы орайда бәсі биік бәсекелестер арасында бағы мен бабы келісіп, топ жарған үздік шәкірттеріміз бен «Робототехника» үйірмесінің жетекшісі Әділхан Махимовты жарқын жеңісімен құттықтап, шығар асуларыңыз асқақ болсын деген тілек білдіреміз.

 

Ұлболсын Молдағалиева,

дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы 

№11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының

педагог ұйымдастырушысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале