18.03.2021, 23:03
Оқылды: 83

Роботтар асық атып, «қыз қуады»

15 наурыз – Зияткерлік күніне орай Орал қаласының Д.Нұрпейісова көшесі бойындағы арбатта робототехника көрмесі ұйымдастырылды. Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастамасымен өткен көрмеде ұлттық ойындарды ойнайтын роботтар таныстырылды.

 Роботтар асық атып, «қыз қуады»2

Көрмеге республикалық жоғары техникалық колледжінің (РЖТК) студенттері мен облыстық балалар техникалық шығармашылық орталығының тәрбиеленушілері, сондай-ақ Назарбаев зияткерлік мектебінің, №27 М.Мәметова атындағы мектеп-лицейінің, №26 және №44 ЖОББМ оқушылары құрастырған роботтар қойылды.

Солардың ішінен РЖТК-нің 3курс студенті Мирас Демеудің жұмысы көзімізге ерекше көрінді. Ол асық ату роботын құрастырған.

–  Бұл робот берілген бағыт бойынша жүріп, тізбектелген асықтарды  атады. Алдымен роботтың бағдарламасын енгізіп, бір күнде құрастырып шықтым. Асықтарды шамамен 70 сантиметр қашықтықтан тигізе алады. Осы роботыммен облыстық жарысқа қатысып, үшінші орын иелендім. Өзім оптикалық-электрондық жабдықтар мамандығын игерудемін, - дейді Мирас Демеу.

Одан басқа РЖТК студенттері «Арқан тартысатын», «Қыз қуу», «Ақ сүйек» ойынын көрсете алатын роботтар жасаған. Колледждегі үйірме жетекшісі Бекнұр Қабдығалиевтің айтуынша, оқу орнында робототехника үйірмесі  2014 жылдан бері жұмыс жасайды. Кейінгі үш жылдың ішінде  ұлттық ойындар бағытындағы роботтар құрастыруға ерекше маңыз берілген.

– Робототехника – киберспорт түріне жататын олимпиадалық ойын. Мереке қарсаңында қаладағы жас техниктерді ынталандыру мақсатында көрме ұйымдастырудамыз. Мереке аясында қазақ күресі мен айтыстан, шымырлық пен шеберлікті сынау мақсатында Бортауда ұлттық спорт түрлерінен сайыс, сондай-ақ қыздар арасында бауырсақ пісіруден, ерлер арасында қой көтеруден байқаулар өтпек. Ал Ұлыстың ұлы күнінде «Орал барысын» ұйымдастыру жоспарымызда бар, - дейді Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Шерғалиев.

 

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале