26.11.2024, 10:30
Оқылды: 11

Рулан Батов – шеге шығаратын шебер

Кез келген табысты кәсіптің негізі – жасампаз еңбек пен табандылық. Орал қаласының тұрғыны Рулан Батов осыны дәлелдеп отыр. Ол қарапайым гаражын шағын цехқа айналдырып, бүгіндері тәулігіне 1-2 тоннадай шеге шығарады. Кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс орнын кеңейтуді көздейді және шағын бастамасының үлкен жетістікке айналарына шүбәсіз сенімді. Таяуда Рулан Салауатұлының цехына арнайы барып, өндіріс барысымен танысып қайттық.

DSC03021

Кейіпкеріміз – Ақжайық ауданындағы Жамбыл ауылының тумасы. Бү­гіндері отбасымен облыс орталығында тұрады. Ұзақ жыл жүргізуші болып еңбек етіп, нәпақасын тапқан. Кейіннен шеге өндірісіне қызығушылық танытып, бұл саланы өз бетінше зерттеген. Жан-жақты ізденіп, кәсіптің қыр-сырына қаныққаннан кейін бизнес-жоспарын құрады. Өзінің айтуынша, оның жобасы көп ұзамай қолдау тапқан, өйткені қазір құрылыс материалдарына сұраныс артып тұрған көрінеді.

– Бұл саланың тиімді-тиімсіз тұстарын әбден саралап, кәсіп­орынның даму әлеуетіне талдау жасап, түрлі ресурстардан ақпарат жинадым. Бұған менің 2-3 жыл уақытым кетті. Нәтижесінде былтыр бизнес-жоспарымды тап-тұйнақтай етіп дайындап, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан» 5 миллион теңге төмен пайызбен несие алдым. Менің жобамның тұжырымдамасы – Орал қаласында шеге шығаратын цех ашу. Қаржы қолыма тиген бойда Қытайдан арнайы станокқа тапсырыс бердім, ол келгенше тағы 2-3 ай өтті. Осы аралықта шағын гараж сатып алып, ішін сайлауды қолға алдым. Станогім жеткеннен кейін оны орналастырып, цехқа ток жүргізіп, атоматын орнаттым. Станоктың жалпы  салмағы – 2 тоннаға жуық, кү­ніне 1 тонна шеге шығаруға  қауқарлы. Оны іске қосу үшін арнайы мамандарды шақыртып едім, сөйтсем, олар мұндай машинаны бұрын-соңды көрмепті, тіпті естіп-білмеген. Ақырында, батырмаларын түр­тіп, бұрап көріп, екі күнде жұмыс жасау механизмін өзім ұғып алдым, қазір қосып-айы­руды толық меңгердім. Сөйтіп, «Тәуекел түбі – желқайық» де­мекші, биылғы жылдың ба­сында жұмысыма кірі­сіп кет­тім, – дейді Рулан Сала­уатұлы.

Кәсіпкер әңгіме-дүкен барысында нағашы атасы Ғайнеден Есенғалиұлын еске алды. «Қолы шебер, кез келген техниканың тілін білетін адам еді. Өмір бойы станокпен жұмыс істеді. Ертеректе Ақжайық ауданының қазіргі Қабыршақты ауылындағы ауыл шаруашылығы техникумында оқытушы болған. Жастайымнан сол кісінің жа-нына еріп, шаруасына араласатынмын. Содан да шығар, техниканы меңгеру маған да қиынға соқпайды», – дейді кәсіпкер. Қазір ол өндіріске әбден машықтанып төселген, тұрақты тұтынушылары да бар екен. Әуелде өнімдерін таныстары мен көрші-көлемге ұсынса, ке­йін өзге кәсіпкерлерден, өңір ау­дандарынан хабарласушылар қарасы көбейген. Ат айналуға келмейтін аядай жерде бір өзі жұмыс істеп, тәулігіне 1-2 тонна шеге шығарады. Қаладағы құрылыс дүкендерінің барлығын дерлік өнімімен қамтып отыр. Бұған қоса шегенің нарықтағы құны 800, 700, арзан дегенде 650 теңге болса, Рулан Батов 500-550 теңгеден сатуда. Сатып алушылар келіп ағылғанда екі аптаның ішінде тонналаған шегеден бір түйірі де қалмайтынын айтады. Осылайша ол бүгіндері жұртшылықтың сапалы құрылыс өніміне деген  сұранысын қанағаттандыруда.

DSC03038

– Менің қызметімнің тұрақты тұтынушылары – құрылыс дүкендерінің иелері, жиһаз өн­дірушілер, құрылыс-жөндеу бригадалары, ағаш ұсталары мен шатыршылар. Қазір 90, 110, 120 миллиметрлік шегелерге сұраныс көп. Қаладағы және аудан-ауылдардағы кәсіпкерлер аяқтай келіп, 200-300 келіден сатып алып кетеді. Шегелер әртүрлі болады, мәселен, кең қалпақты, тар қалпақты, қалпақсыз, қарапайым құрылыс шегелері, битум, тор, қалайыға және шатырға арналған, бұранда, зәкір (якорь), дюкерт және тағы басқа осы сияқты түр-тү­рі бар. Былайша айтқанда, ең үлкенінен бастап қарапайым аяқ киім жөндеуге арналған кішкентай шегеге дейін өндіремін. Негізінен техникалық жағынан шеге жасау үдерісі өте қарапайым. Шикізат көзі ретінде болат сымды қолданамын. Оны ресейлік «Мишель» фирмасының Шымкенттегі филиалынан тапсырыспен алдыртамын. Қиындығы сол, бұл фирмаға үлкен цехтардан 100-200 тоннаға дейін сым орамасына тапсырыс түсіп, оларға тауар бірінші кезекте жөнелтіледі. Ал мен 700-800 келі тапсырыс беремін және ұзақ күтіп, жұмысым тұрып қалады. Өйткені цехта оны қоятын орын жоқ, бұл қауіпсіздік талаптарына да қайшы. Материал келген бойда әлеуметтік желіде хабарландыру жасаймын, шикізат таусылғанда, шегелерім де түгелдей сатылып кетеді. Егер ол уақтылы жеткізіліп отырса, мен күніне 15-20 тонна өнім өндіретін едім. Осы себепті мен цехымды кеңейткім келеді. Кеңейтіп қана қоймай, шеге мен қатар бұраншеге (саморез) өндірісін қолға алуды көздеп отырмын, – дейді шеге шебері.

Кейіпкеріміздің сөзінше, отандық нарыққа шегелер көбіне Қытай мен Ресейден тасымалданады. Сондай-ақ еліміздің өзге қалаларында біздің өңірмен салыстырғанда шеге құны қымбатырақ болса керек. Оған, әсіресе, Ақтау, Атырау қалаларынан, тіпті Астана, Алматы сықылды мегаполистерден кә­сіпкерлер хабарласады екен. Алайда шебердің цехында жеткізу қызметі қарастырылмаған. Ал егер кәсіпорынды кеңейткен жағдайда, Қазақстанның түкпір-түкпіріне жеткізуді ұйымдастыруға болады, әрине.

– Цехты кеңейту үшін, ең алдымен, жер мәселесін шешу керек. Мен осы салаға жауапты біраз лауазым иесінің қабылдауында болып, шаруамды айттым. Таяуда «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына да жолығып, мәселемнің жай-жапсарымен бөлістім, қолдау күтудемін. Жер телімі берілген жағдайда қолдау көрсетіп, бірігіп жұмыс істеуге ниет білдірушілер де баршылық, жер мәселесі ғана қолбайлау болып тұр. Құрылысты бір жылдың ішінде аяқтап, бірден жұмысқа кірісіп кетуге әбден болады. Бұраншеге өндірісін қолға алу үшін тағы 6 аппарат алуды жоспарлап отырмын. Бұл өнімге сұраныс шегеден гөрі көп болмаса, аз емес. Тағы бір айта кетерлігі, шеге шығаратын станок арнайы май арқылы жұмыс істесе, бұраншеге жасайтын машинаға су қажет. Сонымен қатар бұраншегеге арналған бір станоктың ұзындығы 6 метрге дейін барады. Өндірісті бастап кетейін десем, менің қазіргі цехымда мұндай мүмкіндік жоқ, яғни орын тапшы. Аумағы бар болғаны 20 шаршы/метр. Кең зауыт салынса, ішін толықтай жабдықтап, 10 адамды жұмыспен қамтып отыруға, кіріс көзін көбейтуге мүмкіндік туады. Тіпті өнімдерді шетелге де шығаруды ойлап отырмын. Келер жылы мен Қытайдағы бұраншеге өндіретін зауытқа бір апталық оқуға барып, білім-білігімді жетілдірмек ниеттемін, – деп өзіне деген нық сеніммен сөзін  сабақтады ол.

Шағын өндірістік цехта қайнаған еңбек пен жігерлі істің жағымды иісі аңқып тұр. Биылғы көктемде су тасқынының ауыр салдары елдің еңсесін басқан шақта, кәсіпкер жұртшылықтың қайғысын бөлісуді өз міндеті санаған. Ол шеге өндірісін тоқтаусыз жүргізіп, күндіз-түні жұмыс істеген. Оның қолынан өткен әрбір шеге тасқын салдарын жою мақсатында салынған жаңа үйлердің қабырғаларын бекітіп, болашақтың биік іргетасын қалауға арналған. Тонналаған шегелер су астында қалған елді мекендерге жөнелтілгенде шебер өз еңбегінің мән-маңызын ерекше сезінгенін жасырмады. Арманы асқақ, мақсаты айқын Салауаттың Руланы қолындағы азғантай құрал-жабдықпен өз ісін жалғастыруда. Алайда ол жаңа жобалардың кең қанат жаюы үшін мемлекет тарапынан қолдау күтеді.

Аружан Аманжол

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале