6.04.2021, 19:20
Оқылды: 49

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы БҚО-да қалай жүзеге асты?

Батыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын 2017-2020 жылдары жүзеге асыру барысында 5744 шара ұйымдастырылып, 5 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалды. Іс-шаралармен 1 миллионнан астам адам қамтылды.

533B8A70-E0DE-4E0D-B38D-150B59BBCA69

 

Жыл

Іс-шаралар саны

ЖБ-тен бөлінген қаражат

Меценаттар қаражаты

Қамтылған адам саны

2017

543

199 млн. тг.

60 жоба, 2 млрд. 581 млн. 864 м тг.

25 450

2018

1579

139 млн. тг.

252 жоба, 539 млн. 636 мың тг.

194 550

2019

2677

87 млн. тг.

195 жоба, 711 млн. 448 мың тг.

260 000

2020

745

24 млн. тг.

138 жоба, 1 млрд. 51 млн. тг.

406 000

 «Туған жер» арнайы жобасы

Бағдарламаның жүзеге асырылу кезеңінде облыста «Туған жер» арнайы жобасы аясында демеушілер мен меценаттардың қаражатымен 645 жоба жалпы құны 4 млрд. теңгеден аса қаражатқа жүзеге асты.

Мысалы: 2020 жылы меценаттардың күшімен салынған жобалар: мәдени-спорт кешені – Бәйтерек ауданы Погодаев ауылы, фельдшерлік-акушерлік пункт – Казталов ауданы Жаңажол ауылы, бастауыш мектеп – Казталов ауданы Қособа ауылы, көпбалалы анаға тұрғын үй – Орал қаласы Зашаған кенті, 4 мәдени нысан – («Алаш орда және Қайыржан Хасановтың» мемориалдық-музей кешені – Қаратөбе ауданының орталығы, мәдениет үйі «Жұбан орталығы» - Ақжайық ауданының орталығы, «Ерсары батыр» кесенесі – Сырым ауданы Шолақанқаты ауылы, «Пять поколений» тынымбағы – Орал қаласы).

Елдегі төтенше жағдай кезінде меценаттардың көмегімен жалпы суммасы 120 млн. теңге қаражатқа медициналық құралдар мен дәрі-дәрмектер (160 дана оттегі концентраты, 400 пульсоксиметр) алынып, облыстағы медициналық мекемелерге табысталды.

Орал қаласында 2017 жылы меценаттардың демеушілігімен «Рухани жаңғыру» музейі ашылды. Музей еліміздің және Батыс Қазақстан облысының жетістіктерін бейнелейтін 500-ден астам экспонаттармен жабдықталған. Ашылған сәттен қазіргі уақытқа дейін музейге келушілер саны 16 мыңнан асады.

Облыстық жастар саясаты басқармасының қолдауымен бағдарламаның 6 принципі қамтылатын «Өркениет: JAIYK SMART IDEAS CLUB «Идеи меняющие сознание» - «Сананы өзгертетін ойлар» бейресми зияткерлік алаңы» жобасы 3 жыл бойы жүзеге асырылып келеді. Жоба басталғаннаң бері шараға (танымал жас спортшылар, кәсіпкерлер, медиа тұлғалар т.б.) талантты 31 спикердің қатысуымен TEDx форматында 6 кездесу өтті.

Ұлы композитор Құрманғазының 200 жылдығы мерейтойы аясында «Ғасыр қойынауынан жеткен балалар үні» халықаралық экспедиясы, «Жаһандану әлемі және Құрманғазы Сағырбайұлының мәңгілік мұрасы» республикалық ғылыми-тәжірибиелік конференциясы, «Ұлы дала мұрасы» республикалық домбырашылар байқауы және 1700 домбырашы қатысып, Гиннестің рекордтар кітабына ресми түрде жазылып, енгізілген «Нағыз қазақ домбыра» домбыра ойнаушылардың кең ауқымды акциясы ұйымдастырылды.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы

Өңірде 47 тарихи-мәдени жәдігер бар, оның 7-уі жалпыұлттық Қазақстанның киелі жерлері тізіміне енген. Олар: Жайық қалашығы, Бөкей орда тарихи-мұражай кешені, Тақсай қорған қорымы, Жұмағазы Хазірет кесенесі, ХХ ғасырдың көрнекті қайраткері Ғұмар Қараштың жерленген жері, Алаш музейі, Дәулеткерей Шығайұлының кесенесі.

Облыста туризмді дамыту және қасиетті жерлерді танымал ету мақсатында қасиетті жерлердің инфроқұрылымын қолжетімділігін дамыту жұмыстары жүргізілуде. 2019 жылы Елбасы тапсырмасымен облыс орталығынан 600 км қашықтықта орналасқан Бөкей орда тарихи-мұражай кешеніне жол салу басталып, қазіргі таңда жұмыс жүріп жатыр.

2017 жылы Сырым ауданында орналасқан «Алаш орда үйіне» күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, экспозициялары жаңартылды. 2018 жылы «Алаш орда үйі» республикалық байқауда «Үздік мұражай» аталымы бойынша 1-орынды иеленді.

Үш жылда барлығы 24 экспедиция және 12 мыңнан астам экскурсиялар ұйымдастырылды.

2019 жылы Құрманғазы Сағырбаевтың туғанына 200 жыл толуына орай халықаралық экспедиция ұйымдастырылды. Экспедиция маршруты Ресей Федерациясы Астрахан облысы Володар ауданы Алтынжар ауылы арқылы өтті. Экспедиция мүшелері Астрахан қаласындағы «Құрманғазы Сағырбаев мұражай-кесенесі» мәдени кешенін, Қ.Сағырбаевтың ескерткішін және архивті аралады.

2019 жылы облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен облыстың қасиетті жерлеріне блог-тур өткізіліп, оған Яков Федоров және Тимур Бектур секілді танымал блогерлер қатысты. Блог-турдың мақсаты – танымал блогерлердің қатысуымен облыстың қасиетті жерлерін танымал ету.

Сондай-ақ «Индер – Ақжайықтың перспективті геопаркі» онкүндік халықаралық экспедициясы өтті. Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының 4 ірі табиғи объектілері зерттелді. Олардың арасында үлкен Ешкі тауы, Индер көлі және Индер таулары, Аралсор көлі және Орда қарағайлы орманы бар. Ғалымдар ландшафтық аймақтардың, карст нысандарының, минералды сулар мен балшықтардың көздерінің ерекшеліктеріне, жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін түрлерін анықтауға ерекше назар аударды. Экспедиция қорытындысы бойынша мақалалар мен монографиялар жарық көрді.

Батыс Қазақстан облысында мәдени-туристік кластерді дамыту бойынша 5 бағыт әзірленді:

1) «Бөкей орда киелі жерлері» (Хан ордасы);

2) «Алаш орда үйі»;

3) «Жұмағазы Хазрет» кесенесі;

4) «Алтын Ханшайым» Тақсай корғандарына баруымен;

5) «Жайық қалашығы».

 «100 жаңа есім» арнайы жобасы

Арнайы жоба жүзеге асырыла бастағаннан бері облыстан 4 адам жеңімпаздар тізіміне енді (2017 жылы Ақсерік Әйтімов, Саида Калыкова, Елена Шушлебина, 2019 жылы Асел Аяпова). Барлық аудандарда және Орал қаласында жоба жеңімпаздарының тұрғындармен 125 кездесуі ұйымдастырылып, «100 жаңа есім» жобасы жеңімпаздары туралы 28 баннер орнатылды.

«Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы

Мәдениет пен өнердің үздік туындыларын шетелдерде насихаттау мақсатында Македония, Таиланд, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Әзірбайжан, Австрия сияқты елдер бойынша 30-ға жуық гастрольдік турлар іске асырылды. 2019 жылы шығармашылық ұжымдардың алыс және жақын шет елдерге 11 гастрольдік сапары жүзеге асырылды.

Мысалы, Орал қаласы Жастар шығармашылығы орталығының ұжымы Әзірбайжан Мәдениет министрлігінің қолдауымен Түрксой мен Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Әзірбайжанның Шеки қаласында өткен Х-шы халықаралық музыкалық фестивальға қатысты.

2019 жылы шілде айының басында облыстық филармония ұжымы, Г.Құрманғалиева, Орал қаласының «Орал сазы» фольклорлық ансамблі және «Салтанат» би ансамблі «Ұлы дала әуезі» концерттік бағдарламасымен Кремс және Вельс (Австрия) қалаларында гастрольдік сапармен болып қайтты.

2020 жылы өңір халқын заманауи қазақстандық мәдениетпен таныстыру мақсатында апта сайын наурыз айынан бастап "Ақжайық" телеарнасының тікелей эфирінде "Жайық жұлдызы", "Оралдан әуен LIVE" онлайн-жобалары іске асырылды. Онлайн-жобаның алғашқы эфирі «Голос. Дети» бүкілресейлік балалар байқауының, «Junior Evrovision» халықаралық балалар байқауының жеңімпазы, дарынды жас жерлесіміз Ержан Максимның концерті болды.

«Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру» арнайы жобасы

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің негізгі аспектілері туралы ақпаратты халыққа түсіндіру мақсатында облыста халықтың әртүрлі санаттары арасында 160 000-нан астам адамды қамтитын 465 іс-шара өткізілді.

2017 жылы және 2018 жылы "Qazaq kitaptary 1929-1940" тақырыбында латын графикасындағы кітаптар көрмесі ұйымдастырылды, онда сирек қордан 1929-1940 жылдары аралығында басылып шыққан латын графикасындағы 100-ден астам кітап ұсынылды, көрмеге 3500-ден астам адам келді. 2017 жылы «Қазақ жазуын латын графикасына көшірудің өзекті мәселелері» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. 2018 жылдың қараша айында «Қазақтың ұлттық коды - төл жазу» атты халықаралық ғылыми - практикалық конференция өтті, оған Қазақстан мен жақын шет елдердің тіл мамандары мен лингвистері қатысты.

2020 жылы қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуінің «оқиғалар сериясын» ақпараттық сүйемелдеу мақсатында 50-ден астам материал жарияланды: республикалық (4), өңірлік (13) және танымал әлеуметтік желілерде (38).

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы

Облыстың жоғары оқу орындарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға бағытталған 1 институт, 2 орталық және 1 кеңсе жұмыс істейді. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 1-2 курс студенттері үшін «Рухани жаңғыру» орталықтары арнайы жоба аясында аударылған және басып шығарылған 47 жаңа кітаптың көрмесін ұйымдастырды. Білім беру орталықтарында кітаптардың тұсаукесерлерінен басқа, «Қазақ тілінің 100 жаңа оқулығы» арнайы жобасы аясында ай сайын білім беру конкурстары, дөңгелек үстелдер, онлайн-семинарлар өткізіледі. Осы арнайы жоба аясында Орал қаласы колледждерінің студенттері үшін жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Облыстың барлық аудандарында «Жаңа оқулық – өзгеріс пен өсудің бастауы» тақырыбында  «100 жаңа оқулық» жобасының тұсаукесері өтті.

«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы

Ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында облыстың 12 ауданында бірқатар іс-шаралар өткізілді. Шалғай ауылдарға су құбырын жүргізу,  ауылішілік жолдарды жөндеу және салу, мектептер мен дәрігерлік амбулаторияларды күрделі жөндеу, жаяу жүргіншілер жолдарын салу және жарықтандыру бойынша жұмыстар жүргізілді.

Аудан орталықтарындағы бірнеше мәдениет үйлері мен спорт кешендері күрделі жөндеуден өтті. Егер іске асырылған ірі іс-шараларға тоқталатын болсақ: Ақжайық ауданының Жайық ауылында аудан орталығы мен Жайық ауылын қосатын жолдың 3,2 шақырымын күрделі жөндеу аяқталды. Қолайсыз ауа райында ұзақ жылдар бойы ауыл тұрғындарын мазалаған бұл мәселе осы арнайы жоба аясында шешімін тапты.

Бөкей ордасы ауданы Сайхын ауылындағы Т.Масин, М.Насимуллин, Ә.Жангелдин, Орда, Б.Жанекешов, Жамбыл, Г.Азербаев, Р.Егізбаев көшелерінің асфальтбетонды жабыны бар жолдарының жүру бөлігін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жәнібек ауданы, Борсы ауылдық округінің Тегісшіл елді мекеніне ауыз су құбыры жүргізілді. Ауылішілік ауыз су құбыры тұрғын үйлер мен әлеуметтік ғимараттарға толығымен тартылған, құдықтар орнатылып, су қысымды мұнара салынған. Су қысымын реттеуші алаң мен насосты стансаның құрылысы аяқталған. Су көзі ауылдан жеті шақырым жерде орналасқан скважинадан тартылып, ауыз су құбырының жалпы ұзындығы он шақырымды құрады.

«Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобасы

2018-2019 жылдары Казталов ауданы Қайыңды ауылында 2 күн бойы «Ұлы даланың қызғалдағы» халықаралық этномәдени фестивалі өтті.

2019 жылдың 1-15 қыркүйегінде Қала күнін мерекелеу аясында «Ақжайық» этнофестивалі өткізілді.

Өңірде алғаш рет 2019 жылдың 16-17 желтоқсанында «Алтын домбыра» VIII республикалық ақындар айтысы өтті.

2020 жылы Орал қаласының облыстық тарихи-өлкетану мұражайында облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «MY DOMBYRA» Ұлттық телеарна жобасының түсірілімі өтті. Түсірілім кезінде Батыстың Мұхит, Ғарифолла, Құрманғазы, Дина және т.б. күйші-термешілердің күйлері шырқалды.

«Түркі әлемінің генезисі» арнайы жобасы

Халықты түркітілдес елдердің мәдениетімен таныстыру мақсатында 12 мәдени және 10 спорттық іс-шара өткізілді. Тарих ғылымдарының кандидаттарының, ЖОО оқытушыларының, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен 5 дөңгелек үстел өткізілді. Жоба аясында Теректі ауданы, Сарыөмір ауылы, Шалқар көлі жағасында, Сасай мен Сантас баурайында құсбегілер жиналып, «Жайық қыраны-2020» республикалық турнирі өтті. Турнирге Батыс  Қазақстан облысынынан бөлек, Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының құсбегілері қатысты.

«Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» арнайы жобасы

Өңір тарихы, аудандардағы тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды таныстыру мақсатында YouTube-бейнехостингінде «Батыс Қазақстан облысының тарихи картасы» арнайы жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 12 аудандағы тарихи орындар бойынша видеороликтер түсіріліп, әлеуметтік желілерде жарияланып отыр. Жәнібек ауданында жерлесіміз, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Меруерт Өтекешеваның қатысуымен түсірілген «Қыз Жібек» фильмінің көрсетілімі өтті.

«Архив-2025» арнайы жобасы

Сырым ауданы Сырым Датұлы туған мекенінде «Дат мешіті» болғаны анықталды және 1928 жылы «Дат мешіті» жер қоғамдығы ретінде құрылып, құрамындағы 40 отбасында 168 адамның толық тізімі табылды.

Арнайы жобаны іске асыру мақсатында өңірде «WESTАРХИВ-2025» жобасы жасалынды. «WESTАРХИВ-2025» жобасы БҚО мемлекеттік архивінде ғылыми-іздестіру жұмыстарынан басталды.  

Атап айтсақ, «Сакралды география» аясында БҚО бойынша жалпыұлттық деңгейдегі нысандар тізімге енген Жұмағазы Хазірет кесенесі туралы тың деректер табылды. 1950 жылғы картада осы мекеннің атауы орысша «Урочище Казреткауз», яғни төл атауы «Қазірет қауыз мекені» деп тайға таңба басқандай көрсетілген.

«Ұлы даланың Ұлы есімдері» арнайы жобасы

2019 жылы патша өкіметі кезінде сайланған алғашқы Қазақстандық заңгер, Қазақ депутаты Шәңгерей Бөкеев музейінің ашылуы өтті. Мұражай Батыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық Хан ордасы музей-қорығының аумағында орналасқан.

Сондай-ақ 2019 жылдың қыркүйек айында Орал қаласында Қала күнін мерекелеу аясында белгілі батырлар Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлына ескерткіш ашылды.

2020 жылы жерлес ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына орай Орал қаласында және Ақжайық ауданында ақынның ескерткіштері орнатылып, онлайн форматта халықаралық ғылыми конференция өткізілді.

Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай Орал қаласында Абай даңғылы ашылып, қалада орналасқан аялдамаларда Абайдың қара сөздері жазылған билбордтар, Абай алаңында тақтатастар орнатылды.

«Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі» арнайы жобасы

Теректі ауданында «Қымызмұрындық-2019» этнофестивалі ұйымдастырылып, оның барысында қымызды дайындаудың үздік рецептісі бойынша байқау өткізілді.

2020 жылы музей қорындағы жәдігерлердің тарихымен таныстыру мақсатындағы «Жауһар жәдігерлер» атты танымдық бейне-жоба жүзеге асырылып, музейге қызығушылық танытушылар www.olke.kz сайты арқылы облыстық музейге виртуалды саяхат жасауға мүмкіндігі бар.

Жаңа арнайы жобалар аясында облысымызда бірқатар шаралар өтті. «Үнем – қоғам қуаты» арнайы жобасы аясында – 10, «Дәстүр мен ғұрып» - 25, «Еңбек – елдің мұраты» - 12, «Құқықтық мәдениет» - 8 шара өтіп, 2750 адам қамтылды.

Бағдарламаны сүйемелдеу

Бағдарламаны ақпараттық қолдау бекітілген медиа-жоспар негізінде жүзеге асырылады. Ғылыми және шығармашыл зиялы қауым, ҮЕҰ, Ассамблея және бизнес өкілдерінен тұратын өңірлік спикерлер тобы құрылды.

Облыста өткізілетін барлық іс-шаралар республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі және уақтылы жарияланады.

Бағдарламаны іске асырудың барлық кезеңінде түрлі БАҚ-та барлығы 15 380 материал жарық көрді: баспа беттерінде - 4012, электронды БАҚ - 1607, интернет ресурстарда – 1117, әлеуметтік желілерде – 8644 материал жарияланды.

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале