11.12.2020, 9:53
Оқылды: 67

Рухтарына  бас  иеміз

Облыстық «Орал өңірі» газетінің №98 санындағы Қазақстан Журналистер одағының  мүшесі,  тыл және еңбек ардагері, Бөрлі ауданының тұрғыны Қуанышқали  Ғұсмановтың «Рухтарына  бас  иеміз» мақаласы Жеңіс қадірін білуге үндейді. Ендеше, мақаланы оқып шығыңыз, оқырман!

 Жең

Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл толды.  Сол зұлматқа қатысқан соғыс ардагерлерінің қатары  мүлдем  сиреп  барады. Ал біз әңгіме еткелі отырған Бумакөл ауылдық  округінде соңғы соғыс  ардагері  Николай  Евгеньевич Беляев та өткен жылы көз жұмды. Менің есімде  қалғаны 1943 жылы Сталинград майданында бір аяғынан айырылған Қангерей Қалиев елге оралды. Соғыс біткен соң, қанды соғыстан аман қалғандары бірінен соң бірі  келе бастады. Көпшілігі  жаралы  мүгедектер, бірі  аяғынан, бірі қолынан айырылған, контузия алғандары да бар. Олар елге келісімен қарап отырған жоқ, соғыстың кесірінен мешеу қалған «Тельман» ұжымшарының шаруашылығына белсене  араласты. Ғұмар Мужанов, Қабдыраш Иманғалиев, Бисен Айжарықов, Темір Есқалиев, Ислям Дүйсембаев, Хамит Спанов, Өтепқали Ежекенов, Асмұрат Маймыров, Николай Дроздов, Петр Землянушин, Василий Ганенко, Рамазан Айжарықов, Абай Жиенбаев, Молдаш Құрманалиев, Әжігерей Истаев, тағы басқаларын жақсы білемін. Көпшілігімен бірге ұжымшарда бірге жасадым. Пендеміз ғой, тірі жүргенде олардың жасаған жақсылығын, шаруашылықтың өркендеуі  үшін еткен еңбегін кезінде бағалаған жоқпыз. Енді, міне, жас келіп қартайған шақта  еске түсіп, өздері жоқ болса да, артында қалған балалары, немере-шөберелері рухына бас иіп, «менің осындай ардагер аталарым болған» деп айтып жүрсін деген ой ғой. Әрине, олардың ерлігі, еңбегі елге елеулі, халқына қалаулы, әрбірінің  өмірбаяны  бір-бір кітапқа  азық боларлықтай.

«Тельман» ұжымшарында  алғашқы жылдары  2-3  отар қой, 2-3 табын ірі қара, 100-ге  жетер-жетпес жылқы болды. Бума, Садақ, Утвинка, Облавка деген  ауылдардан  тұрған ұжымшар  өсіп-өркендеп, егіні жайқалған, қора-қора қой, табын-табын ірі қара өсірген, шошқа, құс фермалары бар, бау-бақша өсірген шаруашылыққа айналды.  Осындай алып ұжымшар  кейін  тарап,  бүгінде  шағын ғана ауыл  болып  қалды. Солай десек те,  қазіргі  ауылды  бұрынғысымен  салыстыруға  мүлдем болмайды. Ең  бастысы, халықтың  тұрмысы  шүкір. Ауылда  тұрмысқа  барлық  жағдай  бар.  Әр  үйде жеңіл автокөлік,  ауданға, облыс орталығына барам десе әзір. Әр ауылда мәдениет үйі, кітапхана, медпункт, басқа да қызмет  орындары  жұмыс істеп тұр. Осының бәрі еліміздің тәуелсіздік  алуымен  келгені шындық. Енді халықтың тілегені соғыс болмасын. Бүгінгі бейбіт  күнге  жандарын  берген  ерлерге одан кейін  елге  келіп, еңбек еткен  соғыс ардагерлеріне бас иеміз.

 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале