Биыл Ұлы Жеңіске – 75 жыл. Менің туып-өскен жерім қазіргі Мерей (бұрынғы Логашкино) ауылында жағымды жаңалықтар көп. Соның бірі – ауылымызда жастардың қолдауымен қаржы жиналып, Жеңіс саябағы ашылды. Бұл саябақта Ұлы Отан соғысында қаза тапқан және соғыстан ауылына аман-есен қайтып келген жерлестеріміздің аты-жөні ескерткіш тақталарда ойылып жазылған.

Менің әкем Хайрош Рахимбердин фашистермен күресте майданда қаза тапты. Ал әкемнің інісі Шамиль Рахимбердин майданнан аман-есен оралып, отбасын құрып, жеті бала тәрбиелеп өсірді. 2006 жылы өмірден өтті. Ескерткіш тақтадан әкем мен оның інісі Шамиль Рахимбердиннің есімдерін көріп, ерекше сезімде болдым. Биыл күзде шөберем Рамильді Мерей ауылындағы Жеңіс саябағына алып барып, гүл шоқтарын қойып, әкеміз бен аға рухына тағзым еттік. Шамиль ағамыздың балалары қазір Мерей ауылында тұрады. Жыл сайын көркейіп келе жатқан ауылды көріп қуандық. Ауылды көркейту бағытында іргелі істерге ұйытқы болып жүрген ауыл әкімі Мелс Нарыковқа ризашылығымыз шексіз.
Мақсот Рахимбердин,
тыл еңбеккері,
Орал қаласы