8.10.2020, 20:04
Оқылды: 35

Рухы мықты жандарға қолдау бар

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев Орал қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының тыныс-тіршілігімен танысты.

IMG-20201008-WA0022

Аталмыш спорт клубы 2016 жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спорттық белсенділігін арттыру мақсатында құрылған. Қазір мұнда 30 қызметкер жұмыс жасайды. Клуб құрамында 200-ден астам спортшы жаттығады. Соның ішінде параолимпиадалық  (тірек-қимыл аппараты зақымдалған)  90, сурдоолимпиадалық (есту қабілеті төмен) 85, көру қабілеті төмен 30 спортшы бар. Олардың бесеуі халықаралық дәрежедегі спорт шебері. П.Атоян атындағы спорттық базадағы екі қабатты ғимаратта спортшылар үшін бар жағдай жасалған. Олар параолимпиадалық, сурдолимпиадалық спорттың 28 түрі бойынша атсалысады. Оның ішінде үстел теннисі, жүзу, отырып ойнау волейболы, пауэрлифтинг және басқа түрлері бар.

IMG-20201008-WA0015

Клубты аралап, спортшылармен тілдескен облыс әкімі Ғали Есқалиев тағдыр тәлкегіне қарсы тұрып, салауатты өмір салтын ұстанып, алға талпынған рухы мықты жандарға сәттілік тілеп, жергілікті атқарушы билік тарапынан әр кез қолдау болатынын айтты.  

IMG-20201008-WA0034

– Былтыр қазан айында мүмкіндігі шектеулі азаматтар бірнеше мәселе көтеріп, соның ішінде өздеріне жайлы спортзал қажет екендігін айтқан еді. Осы күнге дейін ескі, салқын ғимаратта спортпен айналысып келді. Биыл спортзал мәселесі шешілді.  Олар жылы, жайлы жерге келгеніне қуанып, ризашылықтарын білдіруде. Әлі де қосымша қажет құрал-жабдықтар бар. Бұл мәселе де өз шешімін табады. Олар – мүмкіндігі шектеулі болғанымен, рухы мықты, жігерілі, қайсар жандар. Біз өз тарапымыздан өзгелерге үлгі көрсетіп жүрген спортшыларға көбірек көңіл бөліп, қолдау танытуымыз керек, - деді облыс әкімі БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында.  

IMG-20201008-WA0035

Қазіргі күнде спорт клубта алдағы жылы болатын параолимпиадалық ойындарға, Қазақстан чемпионатына қызу жаттығу жұмыстары жүруде. Біз тілдескен Әбубәкір Медетов алдағы жылы өтетін отырып ойнау волейболынан Қазақстан чемпионатына дайындық үстінде екен.

2D9746E9-AAC0-42CE-BCD8-9DC873481F63

– 2011 жылдан бері волейбол ойнаймын. Былтыр өткен Қазақстан чемпионатында төртінші орын алып келдік. Негізінен осы жерге келіп жаттығамыз. Аптасына екі рет «Конденсат» спортзалында жаттығу  жасаймыз. Басты мақсатымыз – жеңіске қол жеткізу. Туғаннан аяғым ауырады. Бір аяғым  протез. ІІ топ мүгедегімін. Бес балам бар. Үлкені 13-те, кішісі 7 айлық. Жеңіс оңайлықпен келмейді ғой. Тер төгіп, еңбек еткен адам жеңіске жетеді. Сондықтан күн сайын еңбектеніп, жаттығамыз,- дейді волейбол спортшысы.

IMG-20201008-WA0025

Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубын ең алғаш құрған Азон Шаймарданов клубты ашарда қоғамдық орындарды, мектептерді аралап мүгедек жандарды жинаған. Олардың кейбірін көшеден, енді бірін аялдамадан кездестіріп, спортклубына шақырады. Сөйтіп табандап, іздеп жүріп 80-нен астам мүмкіндігі шектеулі адамды табады.

IMG-20201008-WA0017

  – Қазір спортшыларымыздың саны 200-ден асты. Оның 50-і балалар. Клубымыз ашылғалы спортклуб мүшелері 56 жарысқа барып, 80 алтын алдық. Қазіргі ғимаратымызда бар жағдай жасалған. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайының бәрі ескерілген. Сондықтан жөндеу жұмыстарын жасаған кәсіпкерлерге де ризамыз. Қажетті спорт құралдары бар. Қазір біз 2021 жылы өтетін параолимпиодалық ойындарға дайындық үстіндеміз. Талап өте қатал. Облыс басшылығының осындай қолдауының арқасында жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймыз, - дейді Азон Шаймарданов.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале