Облыстық көпбейінді аурухананың нейрохирургия бөлімшесінде дәрігерлер заманауи «С-доға» рентгенді хирургиялық құрылғысымен ота жасай бастады. Қондырғы былтыр желтоқсан айында сатып алынған.
«С-доға» жылжымалы аппараты ота жасау кезінде рентгендік кескіндерді анық көруге болады. Сондай-ақ омыртқа жарақаттары мен ауруларында, қатерлі ісікті алып тастағанда жұлынға зақым келтірмейді. Жұлындағы ісікті (бастапқы және қайталама)және жұлын нервтерінің қабықтарын микрохирургиялық жолмен емдегенде науқастың тез сауығуына септігін тигізеді. Сынған омыртқаны емдеп, жүйке тамырларын қалпына келтіру отасы жасалып жатқанда хирургке науқастың денсаулық жағдайын бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.
-Нейрохирургия саласында омыртқаға ота жоспарлы және шұғыл түрде жасалады.«С-доға» заманауи құрылғысын отаның барлық түріне қолдануға мүмкіндік бар. Омыртқа бағанасына микрохирургиялық жолмен немесе шағын инвазивті әдіспенкүрделі оталар қолға алынды. Шағын инвазивті ота кезінде жарақаттың айналасы көп кесілмейді. Бүгінгі ота омыртқалары сынған науқасқа жасалды. Ол құрылысшы екен. Жұмыста жүргенде биіктен құлап, өндірістік жарақат алған. Оған ота осымен екінші мәрте жасалып отыр. Қазір денсаулығы жақсы,- деді нейрохирург Бекежан Траисов.
«С-доға» аппаратыатауы айтып тұрғандай, доға тәрізді. Стендтің бір шетінде рентгендік түтік болса, екінші жағында рентгендік кескінді ұлғайтқыш орналасқан. Жаңа құрылғының арқасында енді хәлі ауыр науқастарды рентгендік зерттеу үшін басқа кабинетке тасымалдамай, сол жатқан жерінде, оған еш қиындық келтірмей, диагностикалауға болады.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz