16.02.2022, 9:50
Оқылды: 29

Сабақ алуға тиіспіз!

Санамызда «2022 жылдың қаңтарына дейін және кейін» дерліктей үлкен өзгерістер болып жатқаны сөзсіз. Кім-кім де сабақ алуға тиіс күндер өтті ел басынан. Елдік те, ерлік те, сабыр мен парасат та таразыға тартылды көз алдымызда. 

270074135_4648460948536563_7595185971429199705_n Бәрі де болып жатты.  Сыннан сүрінбей өткен де, мұрттай ұшып, қалпақтай түскен де бар.  Әр сала да керегінше қорытынды шығарып, ақ-қараны айырып, оң-солын бағдарлайтын-ақ шығар енді. Соның ішінде  оқу-ағарту, тәлім-тәрбие көзі – білім  саласына қойылатын сауал да, күрмеуі қиын мәселе де басымырақ сияқты. Қаңтар оқиғалары анықтап берген шексіз қатыгез,  аяушылығы жоқ  адамдар қайдан шықты? Мектеп көрмеді ме олар? Мұғалімнен дәріс алмады ма? Тәрбие сағаттарын тыңдамады ма алуан-алуан? Қайда нәтиже? Басқа облыстарды қоя тұрып, өзіміздің Оралды-ақ алайықшы  мысалға. Бүлінген, сынған, өртенген ештеңе жоқ, шүкір. Соның өзінде жазықсыз жәбір көріп, жапа шеккендер туралы мағлұмат естіліп қалды.

Мысалы, міне: Қамиев Аман Сырымұлы, 1995 жылы 5 шілдеде туған. Үйленген, екі баласы бар. Орал қаласында пәтер жалдап тұрады. 2021 жылдың 30 наурызынан бері Орал қаласының көше тазалығымен айналысатын «Орал таза қала» ЖШС-да 2-разрядты жұмысшы болып қызмет етеді.

2022 жылдың басында қалың қар жаууына байланысты «Орал таза қала» ЖШС қызметкерлері тәулік бойы қызмет етуге көшкен. БҚО аумағында төтенше жағдай енгізілген кезде де коммуналдық қызмет өкілдеріне тәулік бойына жұмыс істеуге рұқсат етілген. ЖШС қызметкерлерінің әрқайсысына қызмет ететін жері туралы анықтама берілген. Қамиев Аман Сырымұлына осындай №112 анықтама 2022 жылғы 6 қаңтар күні берілген, оған мекеменің кадр бөлімінің аға инспекторы М.Е.Есқазиева қол қойып, мөрін басқан.

Аман Қамиевтің әңгімесі:

«Жетінші қаңтар күні түнгі сағат 12-лер шамасында тамақтанып алу үшін үйге қарай бара жаттым. Үстімде жұмыс киімім, спецовкам болды. Назарбаев көшесінің бойында облыстық әкімдік жанынан екі адам айқайлап тоқтатты да шақырып алды. Полиция қызметкерлері екен. Қалтамдағы анықтаманы көрсетіп, мән-жайды, жұмыста жүргенімді, үйге тамақ ішуге кетіп бара жатқанымды айттым.

Телефондағы бүкіл суреттерімді, қар тазалап жүрген фотоларымды, бәрін көрсеттім. Менімен алғаш сөйлескен полиция қызметкері «Жарайды, бара бер» деп еді, сол кезде полицияның «УАЗ» көлігінде отырған тағы бірі «Сен қайда кетіп барасың?» деп айқайлап шақырып алды. «Мына құжатың дұрыс емес. Сен – террористсің» деді. Сосын Абай полиция бөліміне алып барды. Көліктің ішінде-ақ мені сабай бастады. Резеңке тоқпақпен, қолымен аямай ұрып, аяқпен тепкіледі. Көлікте тағы бір жігіт отыр екен. Оны да сабады. Мен полиция көлігінде бірден өзімнің Талғат деген бригадиріме  хабарласып, болған жағдайды айттым, полиция қызметкерлеріне жағдайды түсіндіруді сұрадым. Бірақ полиция қызметкерлері менің телефонымды алмады, бригадиріммен сөйлеспеді. Телефонымды тартып алды. Не де болса, полиция бөліміне барған соң мән-жайды анықтайтын шығар деп ойладым.

Полиция бөліміне, үшінші қабатқа апарып тағы да сабады. Қолымды қайырып, басымды жерге тұқыртып алып барды. Екі адам ұрды. Біреуі қарап тұрды. Ол «Жас жігіт екен, ұрмаңдар» деп еді, «Мұндайларды аямау керек!» деп тіпті қатты ұрды. Сол жерде тағы бір полиция менің қағазымды көрді. Сосын «Жарайды, сен бара бер! Енді көзімізге көрінбе!» деді маған. Мен «Бұл қалай болды, мені неге сабадыңдар? Мен түн ішінде қайда барам?» деп ренжідім. Сосын олардан құтылғаныма қуанып,  түнгі сағат бірдің шамасында полиция бөлімінен шығып, қаланың қарын тазалап жатқан өз әріптестеріме жаяу бардым.  Бірнеше шақырым жерге үй-үйдің арасымен тығылып жеттім. Аяғымның сіңірі тартылып, әрең жүрдім. Ет қызуымен жүре берген болып тұрмын ғой. Жұмыстастарым мені «КамАЗ»-бен үйге әкеліп тастады. Үйге келіп төсекке құладым. Тұра алмай қалдым. Сосын ата-анам «Жедел жәрдем» шақырды, дәрігерге, жарақат бөліміне алып барды.  Дәрігерлер сол жерде қарады, анықтамасы бар. Кіші дәретім жүрмей қалды...

Әрине,  бұл істің ақ-қарасын шешу – тиісті  мекемелердің еншісі, ал мені байырғы мұғалім ретінде  адами қалып,  ұстаным қағидаларының қайда қалғаны ойландырды.

Негізі,  о бастан-ақ,  қай пән болмасын, қандай сабақ болмасын,  оның  тәрбиелік жағына  маңыз беріп отыратын  педагогикалық сара жол бар емес пе еді?  Санаға мысқалдап отырып сіңірілуге тиісті  адами  қасиеттерден мақұрым қалған, аяушылықтан жұрдай жандар неге көп? Әлде,  балалар қауымын  иландырып,  ізіне ерте алатын мұғалімдер қатары сиреп кетті ме?  Сөзі мен ісі бір жерден шығатын асыл тек мұғалімнен тәлім алған шәкірт  мұндай болмаса керек еді ғой. Қай жерден кетті мәкілік?

Қалай болғанда да, білім-тәрбие саласына қатысты үлкен олқылықтың бір жаңғырығы бар жаңағы оқиғада. Бітпейтін талас-тартыс,  әділетсіздік,  бақталастық-бақастықтан шаршап тұрған мектептер баршылық. Оны реттеуге  басқармаларда толып отырған мамандар  қабілетсіз... Бала тәрбиесін, демек, ұлт ертеңін кімдердің қолына сеніп беріп қойып отырмыз осы?!

Сырттай қарасаң,  тәрбие, білім жарыстарын өткізіп, мұрындарынан су кетіп, зыр жүгіріп жүрген бір мұғалім. «Кітап оқуға құштар мектеп» (Кітапқа құштар емес те мектеп болатындай...)  дейсіз бе, «Жемқорлықпен күрес» (Жетіскен екенбіз!)  дейсіз бе, Құдай-ау,  небір-небір тақырыптағы шаралар,  тіпті флешмобтардан көз тұнады әлеуметтік желіге мектептер, басшылық құрылымдары салған  есептік хабарлардан. Поэзияға арналатын кештердің қисабы жоқ. Емен де семен өлең шығару  балалар арасында «модаға» айналған – тәрбие  солай... («Ақын болу өз еркің, азамат болу – міндетің» дегенді айтып жатқан адам болса-шы!) Оған толып жатқан байқау-жарыстарды қосыңыз.

Сондағы нәтижеміз, жеткен жеріміз міне. Демек, тәрбие сағаттарын, сабақтан тыс  шараларды ұтымды ұйымдастырып, жас санаға  ықпалын арттыру жағын дереу ойластырған жөн.

«Гестапо» деп айтуға ауыз бармайды,  бірақ  жауыздыққа шімірікпей  бара салғандардың әйтеуір ата-ана мен мектептен жарытымды тәлім-тәрбие алмағаны анық.

Меніңше,  басқасының барлығын қоя тұрып,  адамгершілік,  тек қана адамгершілік тәрбиесін қолға алу керек, асылы. Барлық іс-шара осы арнаға келіп тоғысуы тиіс. Ол үшін,  алдымен педагогикалық ұжымдардың өздерінде адамгершілік қағидаларының  сақталуына қатаң бақылау қойылмаса, болмайтын сыңайлы.

Бір нәрсе ақиқат – идеология мектеп қабырғасынан басталмайынша, озбырлық пен өз бетімен кеткендіктен құтылу мүмкін емес.

«Баланы жастан»  деуінде терең, өте терең мән жатыр халық педагогикасының.  Сол қағиданы босаңсытып алғанның нәтижесі бүгін алдымыздан шығуда.

Шалағайлық, солқылдақтық, әлін де, жолын да, өз орнын да  білмей  адасу,  күшке салу,  зорлық-зомбылық – бәрі  адамгершіліктің тұма сипаттарынан ада болып өскендіктің белгісі. Жасынан тәрбие жұмысы  олқы  болса, ол вакуумды кейін қандай оқу-тоқу, лауазыммен, материалдық байлықпен, яки заңмен, жазамен толтыру мүмкін емес.

«Қаңтар сабақтары» осыны көрсетті бізге. Бұлай кете беруге болмайтынын көрсетті!

Дариға Мұштанова

P.S. Айналада осындай жағдайлар болып жатқанда, мұғалімдер  қауымы да үнсіз отырмай  немесе жеке дауларын қаузай бермей, ортақ мәселені үндесе атқарса керек-ті. Істің міні – шеберге мәлім, адам тәрбиесіндегі кем-кетікті паралап, жөнін айтып отырмаса, бола ма? Аға буын ұстаздар айтар ма екен бірдеңе? Тыңдар құлақ бар ма екен оларды?..

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале