3.06.2025, 17:15
Оқылды: 149

Сабақтастық

Оралда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық  университетін  35  жыл  бұрын  тәмамдаған  түлектердің кездесуі  өтті.

DSC02965 (1)

Олар Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының ауыл шаруашылығын механикаландыру (қазіргі уақытта бұл факультет – БҚАТУ-дың политехникалық институты) факультетінде оқыған. Білім ордасына жан-жақтан жиналған түлектер мәре-сәре болып қауышып, ерекше қуанышқа бөленді. Өздері білім алған оқу корпусын аралап, қызыққа толы студенттік өмірді еске түсірді. Оқу орнының қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты. Осында қызмет етіп жүрген Ермек Айталиев, Бекет Нұралин, Алтынбек Дәулетияров секілді ұстаздарымен жүздесті. Ақтөбе қаласынан келген ұстаздары Ахмет Мырзағалиев те қуанышқа ортақтасты. Бұдан соң түлектер институт ауласына өздері отырғызған аққайың көшеттеріне су құйып, арнайы тақтайша орнатты. Түлектердің кездесуі жоғары оқу орнының үлкен залында жалғасты.

– Әр адамның жүріп өткен жолында бағындырған биік белестері, тағылымды тұстары болады. Соның ішінде білім алған ордасының орны ерекше. 35 жылдың ішінде елімізде де, университетімізде де сан түрлі өзгеріс болды. Бірақ өзгермейтін бір ақиқат – атаанаға, білім мен тәрбие берген ұстазға, алтын ұя – оқу орнына деген құрмет. Әр адам ең алдымен өзіне өмір сыйлаған ата-анасына қарыздар. Ал болашаққа бағыт берген мектеп пен университетке деген алғыс – әр жүректегі орны бөлек сезім. Бүгін сіздер де осы игі дәстүрден жаңылмай, Жәңгір хан университетіне келіп, ықыластарыңызды білдіріп отырсыздар. Бұл – нағыз адамдықтың, шынайы алғыстың белгісі. Бүгінде сіздер әр салада еңбек етіп жүрсіздер. Әрқайсыңыз сара жолға түстіңіздер.

Ел азаматы атандыңыздар. Біз осыған қуанамыз. Сіздердің әрбір жетістіктеріңіз – біз  үшін үлкен мақтаныш, – деп түлектерді құттықтаған университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов (суретте) оларға ризашылығын білдірді. Ол сондай-ақ түлектерге облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің құттықтауын жеткізді. Бұдан соң мінберге көтерілген ғалым-ұстаз, Жәңгір хан университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Ермек Айталиев 1990 жылғы түлектерге дәріс бергенін, олардың білімді, белсенді, ұлтжанды болғандарын мақтанышпен айтып өтті. «Менің бұл университетке келгеніме 55 жыл болды. Мұнда сабақтар ұзақ уақыт бойы орыс тілінде оқытылды.

DSC02931 (1)

Осы түлектер 4-курсқа келгенде ректорға: «Біз 5-курсты қазақша оқимыз» деп хат жазған. Міне, сол кезден бастап дәрістің көпшілігі мемлекеттік тілде өте бастады. Қазақ топтарының саны артты. Бұл – бүгін жиналып отырған түлектердің ұлтжандығы, елге деген құрметі», – деп есіне алған ұстаз шәкірттерінің білімге құштар болғанын да атап өтті. Түлектер атынан сөйлеген Темірғали Ескендіров, Есенгелді Арыстанғалиев, Қасым Сүндетов сол кездегі ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетінің оқытушылары шәкірттерін жанжақтылыққа, әр салаға бейім болуға үйреткенін мақтанышпен айтты. Аталған факультетті бітірген мамандардың бүгінде ғылым-білім, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, құқық қорғау, қорғаныс, бизнес салаларында жемісті еңбек етіп жүруі – соның дәлелі. Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, университет түлегі Мынатаубиік Әнесов ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаевтың түлектерге жолдаған құттықтауын жеткізді.

Облыс аудандарынан бөлек Астана қаласынан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау өңірлерінен келген түлектер университеттің вокалды ансамбліне музыкалық аспаптар тарту етті. Ал политехникалық институттың төрт студентіне 100 мың теңгеден бірреттік шәкіртақы сертификатын табыстады. Сонымен бірге түлектер ұстаздарына да сыйсияпат көрсетті. Салтанатты кездесуден соң қонақтар БҚАТУ-дың «Мәдениет және өнер студиясы» өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады. 1990 жылы ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетін тәмамдаған 126 түлектің 112-сі кездесу  кешіне  қатысты.

– Мен бұл оқу орнынан инженер-механик деген мамандық алып шықтым. Ақтөбе облысының Ойыл ауданында кәсіптік-техникалық училищеде, Ақтөбе индустриалды-педагогикалық техникумда жұмыс істедім. Кейін мамандығым бойынша ғылыммен айналыстым. 2007 жылы кандидаттық диссертациямды сәтті

қорғадым. Бүгінде техника ғылымдарының кандидатымын. Қазір Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде қызметтемін. Түлектердің кездесу кешіне келіп, ерекше сезімге бөлендім. Ұстаздарды, курстастарымды көріп, қуандым. Институт заман талабына сай жаңартылған. Студенттердің осындағы барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланып, білікті маман болып шығуларына тілектеспін, – деді Ақтөбеден келген Ақжарқын Балғынова.

DSC02881 (1)

Политехникалық институттың директоры Жанна Құбашеваның айтуынша, оқу орнын  жыл сайын 200-ден астам студент аяқтайды. Мұнда бакалавриат, магистратура және докторантурада 18 бағыт бойынша білікті мамандар даярланады. «Университетіміздің түлектері келіп, ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісін көрсетті. Жалпы институттың әр жылғы түлектері білім берген алтын ұясын, ұстаздарын ешқашан ұмытқан емес. Бүгінгі кездесу де сондай жарқын сәттің бірі», – деді Жанна  Қайыржанқызы.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале