23.05.2022, 9:15
Оқылды: 213

Садху тақтасы туралы естiдiңiз бе?

Бала кезімізде жаз мезгілінде аулада жалаң аяқ ойнай беруші едік. Себебі ата-әжелерімізден жалаң аяқ жүргеннің денсаулыққа пайдалы екенін көп естідік. Алайда нақты қандай пайдасы бар екенін білген жоқпыз. Кейін шеге терапиясы туралы естігенде бәрі де түсінікті болды.

5331a6d9-ca24-465a-bfcd-96dc96addbe3

Адам табанында 70 000-нан астам жүйке талшықтары орналасқан көрінеді. Шегелі тақтайшаның үстінде тұрғанда сол жүйке нүктелеріне әсер етіп, бойыңыздағы 500-дей ауруға ем болады. Бұл үрдіс қан айналым жүйесін жақсартып, зат алмасу үдерісін тездетеді. Күйзелісті жеңілдетіп, ұйқының жақсаруына сеп болады. Сонымен қоса ойлау жылдамдығын да арттырады. Табанда биологиялық белсенді нүктелер көп. Садху тақтасында тұру арқылы адам геморрой, варикоз, жамбас дерті мен бүйрек ауруларынан айыға алады. Себебі бүйректің проекциялық аймағы табан астындағы нүктелерге негізделген. Сонымен қатар  бүйрекүсті безі, ұйқы безі белсенді жұмыс істеп, көздің көру қабілетін де жақсартады екен.

Сізге таңсық болып отырған «Садху» сөзінің мағынасына тоқталайық. Садху – индуизм мен үнді мәдениетінде аскетиктерге, әулиелерге және йогашыларға қатысты айтылатын термин. Яғни садху «дана» дегенді білдіреді. Үндістанда Садхгуру есімімен танымал тұлға да бар. Ол жер жүзіндегі адамдардың рухани және психикалық, физикалық жағдайын жақсартуға өмірін бағыштаған мистик, йогашы. Біраз уақыт бұрын әлеуметтік желілерден аталған терапия үдерісін көзім шалып қалғаны барды. Кейін бұл Оралға да келгенін естіп, шеге терапиясының маманымен сөйлесіп  көрдім.

– Алматы қаласында алғашқы қазақша йоганың негізін қалаушы Жұлдыз Қайыпжан есімді ханым бар. Мен сол кісінің сеанстарына қатыса жүріп, өзім де маман атандым. Оқып, жан-жақты меңгердім. Былтырғы желтоқсан айында садху тақтасының франшизасын Орал қаласына серіктесі ретінде алып келдім. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатқаныма екі айдан астам уақыт болды. Осы екі айдың ішінде 50-ге жуық адам келді. Бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге, адамдарға көмектесуге дайынмын. Ескерте кетер нәрсе, әр адам бұл терапияға келерде шын ниетінің болғаны абзал. Кейбір адамдар қызық үшін келеді екен. Ондай ерігудің нәтижесі жақсы болмайды. Яғни үдеріс кезіндегі физикалық ауыртпалыққа шыдай алмауы мүмкін. Ал шынымен жаны күйзелген, өзіне деген сенімі аз, өзгеге өкпесі көп адам үшін өте пайдалы болмақ. Мидағы көңілсіз, үрейлі ойлардан құтылып, жауапсыз сұрақтардың шешімін табуға көмегі зор,  – дейді садху терапиясының маманы Мөлдір Берікқалиқызы.

Садху тақтасын сатып алып, шеге йогасымен үйде де айналыса беруге болады. Тек әуелі мамандарынан кеңес алып, біраз уақыт жаттыққаныңыз жөн. Бұл сіздің денсаулығыңыз нығайып, бақытты өмір сүруіңізге септігін тигізуі мүмкін. Инстаграмдағы парақшасынан шеге йогасына барып, естен кетпес­пей әсер алған және өмірін жақсы жаққа қарай бұра алған қала тұрғындарының баршылық екенін білдім.

InShot_20220522_212345769

– Бірінші йога процесі кезінде өкіріп жылап, айқайға басқаным есімде. Аздаған минуттар ішінде алапат күй кештім. Мұны сөзбен айтып жеткізу қиын. Кейін әлі де ішімде әлдекімге деген өкпем қалып қойғандай сезілді. Санамдағы жауапсыз сұрақтардың шешімін іздеп, тағы да осы терапияға жүгіндім. Ол кезде әуелгісіне қарама-қарсы көңіл күйде болдым. Бойымды белгісіз қуаныш кернеп, әлемнің бәрі маған дос секілді көрінді. Ешкімге деген реніш қалмады. Есейгенімді сезіндім. Өмірдегі кедергілер өз санамыздағы ойлардан құралатынын ұқтым, – дейді Орал қаласының тұрғыны Лунара Ыбыраева.

Йога маманы төмендегідей жағдайдағы адамдарға бұл үрдіс қауіпті болатындығын айтты:

• 24 сағат ішінде арақ-шарап ішкендерге;

• Жүкті әйелдерге;

• Қан қысымы тұрақсыз кісілерге;

• Етеккірі келіп жүрген әйел затына;

• Қызуы көтеріліп, сырқаттанып жүргендерге;

• Қатерлі ісікке (ракқа) шалдыққандарға;

• Табанында жарасы барларға;

• Эпилепсия немесе жүйке жүйесінде ауытқуы бар науқастарға.

Нұртілеу Қадырқұл,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале