10.10.2017, 18:16
Оқылды: 77

Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығы аталып өтті

Бүгін Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде ақын, әдебиетші, филология ғылымдарының кандидаты Сағынғали Сейітовтің туғанына 100 жыл толуына орай «Нұрлы ғұмыр тағылымы» атты көрме ұйымдастырылып, тарихи-тағылымды шара өтті.

Шара ақынның өмірі, шығармашылығымен таныстыру, музей қорындағы оның фотосуреттері, алған марапат, алғыс хаттарын, тұтынған заттарын көпшілік назарына ұсыну мақсатында ұйымдастырылды. Шараға ақынның жерлес інісі Б.Сәпиев, тілші Т.Әліпқали, өлкетанушы С.Танабаева, ақын-ұстаз Ү.Елеубайқызы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент З.Мүтиев, «Жайық үні» газетінің бас редакторы М.Шүйіншәлиева, М.Өтемісов атындағы БҚМУ мен Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж студенттері қатысты.

Шараға қатысқандар ақынға арналған көрмемен танысты. Өлкетанушы Сара Есқайырқызы ақын Сағынғали туралы өз естеліктерімен бөлісіп, ақынның 100 жылдығы киелі шаңырақ – музейде өтіп жатқандығына ризашылығын білдірді. Ақын-ұстаз Үзілдік Елеубайқызы Сағынғали ақынның адами қырларына тоқталып, осындай тағылымды шаралардың өтуі кейінгі ұрпақтарға үлкен өнеге екенін айтты. Сонымен қатар музей қорына ақынға қатысты өз қолындағы жәдігерлерін табыс етті. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Жақсылықұлы ақынның шығармашылығына, зерттеулеріне тоқталып өтті. Сондай-ақ шарада ардагер журналист Тихон Әліпқали, «Жайық үні» газетінің бас редакторы Мира Хамзақызы естеліктерімен бөлісті.

Шарада Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж жанындағы «Вдохновение» клубының мүшелері ақын Сағынғали Сейітовтың өлеңдерін мәнермен оқыса, жас термеші А.Болатов  «Ағайша» термесін орындады.

БҚО тарихи-өлкетану музейі

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале