10.01.2024, 12:34
Оқылды: 65

Сағырбаев көшесі санатқа алынса...

Сырым ауданының орталығында тұратын зейнеткер Аққыз Хамидуллина ауылішілік жол мәселесін көтеріп, «Орал өңірі» газеті редакциясына хат жолдады. Оған қоса ауыз су шектеулі уақытта берілетіні туралы жазған. Оқырман хатына байланысты «арғымақты ерттеп мініп»,  Жымпиты ауылына жолтартып, хат авторына жолықтық. Ол өзінің үйі орналасқан Құрманғазы Сағырбаев көшесі жолының күз бен көктемде ми  батпақ болып жататынын, аудан әкімдігінен жөндеу жүргізуді сұрағанымен,  әлі күнге жарытымды жауап алмай жүргендерін айтты.

Аққыз

– Сағырбаев көшесінің жолы туралы жеті жыл бойы шағым айтудан кенде емеспіз, бірақ жергілікті биліктен ешкім құлақ аспайды. Жол жобалары кезең-кезеңімен жүргізіледі деген құрғақ жауап бар, ал біздің көшенің кезегі келетін күн алыс секілді. Мынадай ми батпақта жүру, тіпті балшыққа батқан етігімізді суырып алу оңай емес. Ауыл ішінде таксилер үйімізге дейін келмейді. Жауын-шашын күндері мектепте оқитын немеремізді әріден, асфальт салынған көшеден қарсылап алуға тура келеді. Одан бөлек былтыр мамыр айында Жымпиты ауылының Жүнісов, Молдағалиев, Момышұлы көшелеріндегі аутожолдарды жөндеу аяқталмады. Осы үш көшенің де жай-жапсарын білгіміз келеді. Бұл жобалар қашан аяқталады, қанша қаражат жұмсалуда? Аудан орталығында ауыз су 16 сағат қана беріледі. Кешкілік мерзімде сусыз отырамыз. Қаладағыдай ыстық су берілмейтіні де белгілі. Соған көңіліміз толмайды. Осы мәселелерді бірнеше рет аудан әкімі Жұмакелді Батырниязовпен ауылдық округ әкімі Мейрам Қайырғалиевке айтып, табанымыз тозды. Облыс басшысы Нариман Төреғалиев жұмыс сапарымен бірнеше рет ауданға келгенін білеміз. Алдын ала ескертілмегендіктен, оған жолыға алмай жүрміз, – деді 68 жастағы зейнеткер АққызХамидуллина.

көше

Сырым аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Тимур Айтқалиев зейнеткер көтерген мәселемен таныс екенін, ауыл тұрғыны аудан әкімінің қабылдауында болғанын айтты. Тұрғынға аудан әкімі таяу уақытта Сағырбаев көшесіне жол салынбайтынын ескерткен. Айтқалиев аудан орталығында Сағырбаев көшесі шағын көшелердің бірі екенін, осымен аттас тағы бірнеше көше бар екенін қаперге салды.

«Сырым аудандық аумақты дамыту бойынша 2024-2028 жылдарға арналған жол картасына сай қатар жатқан Сағырбаев-Шоқанов көшесінің жолын жөндеу 2026 жылға жоспарланған. Түсіндіре кетейін, шолақ көшенің бір жақ беті Сағырбаев, екінші жағы Шоқанов деп аталады», –деген Тимур Айтқалиев Сағырбаев-Шоқановқа арналған жол жобасы 2025 жылы жасақталуы мүмкін екенін айтты. Сондықтан оның құны есептелінбеген. Осы қосарлы көше орталық тұста орналасса да, мүлдем мүйісте жатқандай күй кешіп отыр.– Жалпы Жымпитының орталық көшелерінің дені асфальтталған. Ендігі кезек–шеткері көшелерде. Ауыл тұрғыны сұрап отырған жобаның бірі –Жүнісов, Молдағалиев, Момышұлы, Сатаев көшелерінің жолдарын жөндеу былтыр басталды. Жоба құны– 287 миллион теңге. Автожолдардың жалпы ұзындығы – 3,1 шақырым. Мердігер – «Сапақ» өндірістік кооперативі былтыр 3,1 шақырым жолдың негізін дайындап, соның ішінде 2,4 шақырым жол бөлігіне қиыршықтас, 300 метр бөлігіне асфальт төседі. Үш су өткізгіш құбыр орнатты. Аталған нысанда 700 метр жолды асфальттауға арналған жол құрылысының материалдары жинақталған. Төрт көшенің жолын жөндеу– ауыспалы мерзімге арналған екі жылдық жоба. Құрылыс уақыты– 6 ай 24 күн. Мердігер 2023 жылы бес ай бойы жұмыс атқарды. Биыл бір ай 24 күнде асфальт төсеп үлгеруі тиіс. Тұрғындар аталған учаскеде қиыршықтастардың балшыққа араласып, азайып жатқанын айтып жатыр. Осы жылы мердігер жұмысын мұқият қадағалап, қосымша қиыршықтас салдыртамыз. Сосын битумын дайындап, қатты жамылғысын құяды. Жоба бойынша Молдағалиев көшесіне 635 метр тротуар тартылады. «Сапақ» өндірістік кооперативінің жұмыс кестесінен кешіккені рас. Соған байланысты былты роблыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа талап-арыз жолдадық, –деген Тимур Саламатұлы алдағы жылдары Жымпитыдан басқа ауылдық округтерге арналған жол жобаларына басымдық берілетінін атап өтті.

Тұрғын үй-коммуналдықшаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Тимур Айтқалиевтің айтуынша, Жымпиты ауылына магистралды су құбыры 77 шақырым жердегі Кеңащы су көзінен тартылған. Су құбырының желісін «Қазсушар»РМК қадағалайды. Ал ауылішілік суқ ұбыры – «Сырым» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының меншігінде. Аудан әкімдігі ауыз суды үнеммен босатуда. Таңғы сағат 6:00-ден кешкі сағат 22:00-ге дейін су үздіксіз беріледі. «Магистралды су құбырын «Сырым» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының теңгеріміне ауыстыру бойынша жұмыстанудамыз. Саралап қарасақ, ауылда сағат 22:00-ден кейін ауыз суды көп ешкім тұтына бермейді. Сол себепті түнгі уақытта су қысымы күшейеді. Содан кейбір үйлердегі су шүмегінің бұрандасы мен шлангісі бұзылып, тұрғындар әбігерге түседі. Осы себепті кейбір тұрғындар вакуумды сорғы орнатып алған. Ол құбырдағы қалдық суды сорып, түнімен пайдалана береді», – деп түсіндірді Тимур Айтқалиев.

Мейрам at 10.13.44

Бұдан кейін Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиевке де жолығып, зейнеткер Аққыз Хамидуллинаның әкімге деген өкпе-назы бар екенін құлағдар еттік. Ауылдық округ әкімі Мейрам Қайырғалиев қатар жатқан Жымпиты мен Өлеңті ауылдарына 10 шақырым тротуар салу үшін 2022 жылы жобалық-сметалық құжаттама жасақталғанын айтты. Жоба 246 миллион теңгеге есептелінген. Округ
әкімдігі облыстық энергетика және ТКШ басқармасына бюджеттік өтінім жолдаған. Егер қаражат
беру мәселесі оң шешілсе, Сағырбаев-Шоқанов көшесіне де тротуар тартылады. «Былтыр аудан әкіміне жолыққан соң ауыл тұрғыны Аққыз Хамидуллинаға аталған жоба үлгісін, сметалық құжатын арнайы таныстырдым. Бұған дейін Жымпиты мен Өлеңті ауылдарына 17 шақырым жаяу жол салынған. Біз ауылдардағы халық көп шоғырланған жердің инфрақұрылымын жетілдіруге көңіл бөлуге тырысамыз. Өткен жылы Абай көшесіне жергілікті бюджет қаражаты есебінен 700 метр тротуар салдық. Жымпиты мен Өлеңті ауылдарының әрқайсысында төрт көше жолын жөндеуге ЖСҚ жасақталған. Алдымен осыны орындауымыз керек. Әйтпесе, облыстық басқармалар басқа жол жобаларын мақұлдамайды. Құрманғазы көшесінің ұзындығы 300 метр ғана. Ар жағы–дала. Ал Жымпитыдағы жобаға енген төрт көшенің бойында 1000-ға жуық адам тұрады. Бір көшедегі жолдың ұзындығы кем дегенде 500-600 метр. Мына Өлеңтінің 1 километр кіреберіс жолы ғана асфальтталған. Қалған көшелеріне әлі күнге асфальт төселген жоқ. Сондықтан жобалардың әлеуметтік ерекшелігін ескереміз», –деді округ әкімі.

Аудан әкімдігіне қарасты «Сырым» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Тұрарбек Нұрғалиев жазғы уақытта 1000, күз айларында 500 текше метр су берілетінін хабарлады. «Ауыз суды 24 сағат беруге мүмкіндік бар. Бірақ оған қажеттілік жоқ. Кеңащы-Жымпиты су құбыры біздің мекеме теңгеріміне берілсе, су жіберу уақытын біртіндеп көбейтуді қарастырамыз», –деді директор.

коше

Жымпиты ауылдық округінің тапсырысымен «Сырым» МКК ауылішілік жолдарды күтіп-ұстаумен шұғылданады. Бұл үшін жыл сайын бюджеттен 11 миллион теңге бөлінеді. Мекеме басшысы кәсіпорында үш техника барын, Жымпиты-Өлеңті ауылдарының автожолдары батпақ болған кезде қырып, тегістеп, қыста қарын аршуға үлгеріп отырғандарын айтты.

Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале