17.01.2025, 16:15
Оқылды: 60

Сайлау мәдениетін арттырудың өзекті мәселелері талқыланды

Бүгін БҚО аумақтық сайлау комиссиясы аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйым жетекшілерінің қатысуымен «Сайлау мәдениетін арттырудың өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Бұл өзекті мәселе ешқашан күн тәртібінен түспейді. Сондықтан электоралдық мәдениетті жетілдіруде қоғамдық ұйымдар, ұлттық және халықаралық институттармен өзара іс-қимыл жасау аса маңызды.

WhatsApp Image 2025-01-17 at 17.11.01

БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов  көрсетілген тақырып аясында еркін ой-пікір білдіруді ұсынды. «Сара жол» Республикалық Саяси Қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алпамыс Бектұрғанов қоғамдық ұйымдар белсенді болса сайлауға деген ықылас та артады деп есептейді. Алпамыс Мыңғазыұлы бұл іске қоғамдық ұйымдарда жұмылып, азаматтарға сайлау заңнамасын кеңінен түсіндіруді қолға алғанын жөн санайды.

WhatsApp Image 2025-01-17 at 17.11.28

«Жария» тәуелсіз байқаушыларының Батыс Қазақстандық қозғалысы» жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекнұр Сражанов ауыл әкіміне кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптарын жеңілдетуді, оларға мемлекеттік тілді еркін білу талаптарын міндеттеуді ұсынды. Қоғам белсендісі учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің мәдениеті ұмыт қалмауы керек дейді.

«Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының жетекшісі Асхат Өкшебаевты кейбір сайлаушылардың конституциялық құқығын пайдаланудағы енжарлығы мазалайды. Ол учаскелік сайлау комиссиялары сайлауға шақыруда жаңа әдістерді кеңінен қолданғанын қалайды.

«Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аида Мектепқалиева депутаттардың сайланған соң белсенділігі күрт төмендейтінін алға тартып, электоратпен қарым-қатынас мәдениетін дамыту керек дейді.

WhatsApp Image 2025-01-17 at 17.11.02

Дөңгелек үстел басында орта және орта арнаулы оқу орындарының Парламент пен Президент сайлауларын, тақырыптық сынып сағаттарын жүйелі өткізу арқылы жас буынды тәрбиелеу жәйі де айтылды. Азаматтық қоғам өкілдері қоғамдық ұйымдардың аккредиттеу мерзімдеріне де қатысты ұсыныстарын берді. Сайлау жүйесін жетілдіруге, электоралдық мәдениетті арттыруға қатысты тиімді ұсыныстар жоғары тұрған комиссияға ұсынылмақ.

WhatsApp Image 2025-01-17 at 17.11.02 (1)

Өңірде 2021 жылдан бері 155 ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтсе, биыл 49 ауылдық округ тұрғындары өз  басшыларын таңдайтын болады. Демек, саяси реформалардың ашықтығы мен бәсекелестігін арттыруда байқаушылармен өзара іс-қимыл маңызды бола бермек.

БҚО аумақтық комиссия мүшелері де талқыға ұсынылған мәселеге қатысты түсініктер берді. Комиссия маңызды тақырыпты талқылауды түрлі деңгейде жоспарлы жалғастыратын болады.

БҚО аумақтық сайлау комиссиясы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале