26.01.2026, 13:00
Оқылды: 625

Сайлау және саяси жаңғыру

Жыл сайын ақпанның алғашқы бейсенбісінде дүниежүзі Сайлау күнін атап өтеді. Бұл мереке азаматтардың сайлауға қатысу құқығын және демократиялық азаматтық құқық пен бостандықты құрметтеуге негіз болып келеді.  Кәсіби мереке биыл елімізде ерекше жағдайлармен тұспа-тұс келіп отыр.

WhatsApp Image 2026-01-26 at 12.05.19 (2)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Turkistan» газетіне берген сұхбатында: "Биыл Қазақстанның келешегіне тікелей ықпал ететін аса маңызды жыл болады. Еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр. Алдағы парламенттік реформа осы өзгерістердің өзегі болатыны анық" - деген болатын. Ал кеше Қызылордада өткен Құрылтайда ҚР Президенті атап өткендей, бұл тұрғыдан еліміз мүлдем жаңа кезеңге аяқ басуда.

WhatsApp Image 2026-01-26 at 12.05.18

Жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде әлем елдері 2005 жылы Будапештте (Венгрия) сайлауды ұйымдастырушылардың Бас конференциясында сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде бекітілген және Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Дүниежүзілік сайлау күнін атап өтеді. Биыл бұл мереке 5 ақпанға кеп тұр. Осы айтулы күнге орай 2026 жылғы 26 қаңтар мен 6 ақпан аралығында ҚР Орталық сайлау комиссиясы заң үстемдігі, Тәуелсіздік, ашықтық, қолжетімділік, кәсібилік, алқалық принциптеріне негізделген тақырыптық іс-шаралар тізбегін ұсынды. Олар қоғамда сайлау ұғымының жан-жақты ашылуына оң әсерін тигізетін болады. Өйткені еліміздегі саяси-әлеуметтік реформалар ашық сайлау, халықтың еркін таңдауы арқылы ғана жүзеге аспақ. Осы орайда Президент: "Кейбір партиялар Парламентпен қатар барлық деңгейдегі мәслихаттарды пропорционалды жүйемен жасақтауды ұсынғанын білемін. Бірақ аймақтарда мажоритарлық жүйені сақтап қалу керек деп ойлаймын. Еліміздің өңірлерінде жергілікті азаматтардың дауыстары, пікірлері жақсы естілуі қажет. Бұл – мен үшін айқын ұстаным. Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни заңды түрде келуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Осы норма кейінгі мемлекет басшылары үшін де еш өзгермейтін қағида болуға тиіс!" - деп айқындап берді.

WhatsApp Image 2026-01-26 at 12.05.19

Бүгінде мемлекетімізде сайлау комиссияларының бiртұтас жүйесiн  республиканың орталық, аумақтық, округтік және учаскелiк сайлау комиссиялары құрайды.

Бәйтерек ауданы бойынша 67 сайлау комиссиясы, оның ішінде 1 аумақтық (7 комиссия мүшесі), 13 округтік (65 комиссия мүшесі) және 53 учаскелік (319 комиссия мүшесі) сайлау комиссиялары жұмыс жасайды.

Былтыр аудандық аумақтық сайлау комиссиясы 6 ауылдық округ әкімдерінің сайлауын (Сұлу көл, Зеленов, Январцев, Чиров, Янайкин, Шалғай) өткізді. Осы ауылдық округ әкімдері сайлауына қатысты Бәйтерек ауданы әкімдігінің ресми сайтына – 108, аудандық «Ауыл тынысы» газетіне – 58 және аудандық аумақтық сайлау комиссиясының "Facebook" парақшасында – 96 ақпарат жарияланды. Аталған сайлауларды кандидаттардың 14 сенім білдірген адамдарынан бөлек, «Аманат» партиясынан -13, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан - 2,  «Жария» қоғамдық бірлестігінен - 6, «Абырой» қоғамдық бірлестігінен - 3, Бәйтерек ауданының «Сенімді болашақ» мүгедектігі бар адамдар ұйымынан - 10, барлығы - 34 байқаушы және БАҚ-тың 11 өкілі дауыс беру күні сайлау барысын қадағалады. Бұл өз кезегінде азаматтардың әділ сайлау өткізудегі жоғары жауапкершілігін, белсенділігін көрсетеді. Әр сайлауалды дайындық жұмысын жіті қадағалаған облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов комиссия мүшелерімен бірге сайлау тағайындалған әр ауылда активпен арнайы кездесіп, тұрғындармен пікір алмасты. Учаскелік сайлау комиссияларымен түрлі форматта кездесулер өтіп, білім жетілдіру, тәжірибе ширату мақсатында семинарлар ұйымдастырылды. "Жалпыға ортақ мүмкіндік" қағидатымен әр сайлауда кандидаттар арасында ашық пікірсайыс оздырылды. Сайып келгенде, осынау электоралдық принциптер - сайлаушы сенімінің негізі екендігін көрсетеді.

WhatsApp Image 2026-01-26 at 12.05.19 (1)

Биыл аудан бойынша өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты 7 ауылдық округтер әкімдерінің (Раздольное, Белес, Переметный, Атамекен, Көшім, Махамбет, Щапов) сайлауын өткізу жоспарланған. Соның біреуі - Раздольное ауылдық округі әкімінің  сайлауы ағымдағы жылғы 18 қаңтар күні өтті. 2022 жылы ауылдық округ тұрғындары өз әкімдерін тікелей сайлаған болса, бұл  округ сайлаушыларының тікелей екінші рет  әкім сайлауына қатысуы. Ауылдық округ әкіміне кандидаттар жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайланады.

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2025 жылғы 15 тамыздағы  №14 қаулысымен «Жас сайлаушылар клубы туралы» ережесі бекітіліп, алғашқы отырысын былтыр 28 тамыз күні өткізді. Жас сайлаушылар клубының құрамында 19 мүшесі бар.

WhatsApp Image 2026-01-26 at 12.10.53

2025 жылы Дүниежүзілік сайлау күніне орай аудандағы сайлау комиссияларының ұйымдастыруымен әртүрлі форматтағы сайлау мәдениетін қалыптастыру бағытындағы 700-ден астам қатысушыны қамтыған 45 іс-шара өтті. Сонымен қатар, 600-ден астам қатысушыны қамтыған ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған 40 астам іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ аудандағы 22 мектеп пен «Бәйтерек» колледжі «Өз көшбасшыларын» сайлады. Осы іс-шараларды аудандағы сайлау комиссия мүшелерімен бірлесе атқардық. Осынау кәсіби мереке қарсаңында барша сайлау саласыныңдағы комиссия мүшелерін мейраммен құттықтай отырып, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, қызметтеріне табыс тілеймін.

Радик Ихласов,

Бәйтерек аудандық аумақтық

 сайлау комиссиясының төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале