7.04.2022, 12:31
Оқылды: 30

Сайлау жүйесіне қатысты мәселелер талқылануда

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров облыс жұртшылығымен кездесті.

001

- Сайлау комиссиясы төрағалығына тағайындалған соң, Президент қабылдауында болдым. Мемлекет басшысы тапсырмасына сай бірнеше өңір жұртшылығымен кездестім. Тұрғындармен жүздесу барысында бірнеше ұсыныс-пікір айтылды. Орталық сайлау комиссиясы заң шығарушы органға жатпайды. Бірақ үкіметпен, Парламент палаталарымен тығыз байланыста жұмыс істеудеміз. Қазір ауыл әкімдерін сайлау жүруде. Осыған қатысты қандай мәселелер бар, сайлау әділ өтуде ме? Сондай бағыттағы түйткілдерді талқылаудамыз. Биыл сайлауға қатысты саяси өзгерістер жүзеге асады. Конституцияға да толықтырулар енгізіледі. Бір ай жарым уақыттан бері тұрғындармен кездесуде көпшілігі мажиротарлық сайлау туралы сұрайды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы" атты Жолдауында Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатынын, аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізілетінін айтты. Партия тіркелушілер санын 5 мыңға дейін кемиді. Енді жаңа партиялар құруға зор мүмкіндік туды. Қоғам сұранысына сай сайлау жүйесі жаңарып, жаңғырып келеді, - деді Нұрлан Мәжитұлы.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың айтуынша, қазіргі уақытта сайлауды ашық, жария өткізу, байқаушылар құқығын нығайту мәселелері қоғамда кеңінен талқыланып келеді. Сондықтан халық саяси өзгерістен зор үміт күтіп отыр. Қапақовтың мәліметі бойынша биыл облыста 18 ауылы әкімі сайланады. Облыс бойынша 451 мың сайлаушы бар.

002

Тұрғындармен кездесуде қоғам белсендісі Серік Зиятов сайлау үдерісінде жиі орын алатын заңбұзушылықтарды атап өтті. "Сайлау қорытындысын шығаруға байланысты заңды нақты құқықтық анықтама беру керек. ҚР Сайлау туралы заңының 43-бабына өзгеріс енгізуге ұсыныс жасау керек деп есептеймін. Кешегі "Қаңтар қасіреті" саяси жүйені өзгертуге біраз ықпал етуде. Жария тәуелсіз байқаушылар енді тіркеліп жатыр", - деген Серік Зиятов қоғам белсенділері атынан ұсыныс хатты ОСК төрағасына тапсыратынын айтты.

Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен кездесуге сайлау комиссияларының мүшелері, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, белсенді азаматтар қатысып, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале