1.11.2022, 10:45
Оқылды: 60

Сайлауға сақадай саймыз ба?

Жақында Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын дайындау және өткізу мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті. Оған ҚР орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шафхат Өтемісов, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, облыстық, қалалық, аудандық учаскелік сайлау  комиссияларының төрағалары және жергілікті атқарушы билік  құрылымдары мен БАҚ өкілдері қатысты. 

3206d22f-6c91-490d-bcdd-fd41aa30c42c 

Іс-шараны облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов жүргізді. Ол, ең әуелі, қатысушыларды күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. Шафхат Өтемісов ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын дайындау және өткізу ерекшеліктері туралы баяндама жасады.

– Бұл сайлау науқанына жеңіл-желпі қарауға болмайды. Бұл жолғы сайлауда жаңа талап, жаңа тәсіл бар. Осыны түсінгеніміз жөн, – деді Шафхат Әнесұлы. Ал Бақытжан Хаберұлы сайлаушылар тізімі, сайлауды материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету бойынша жергілікті атқарушы құрылымдар жүзеге асырған іс-шаралар жайлы айтты.

– Биылғы жиырмасыншы қарашада өтетін Президент сайлауына өңірімізде тыңғылықты дайындық жүргізілуде. Облыс орталығында, аудандарда жұмыс топтары құрылды. Сайлаушылар базасымен жұмыс істейтін жауапты мамандар бекітілді. Call-орталық (109) тәулік бойы қызмет етуде. Әкімдіктердің сайттарында, «SMART URALSK» мобильді қосымшасында сайлаушылар тізімі жарияланатын болады, – деді  облыс  әкімінің орынбасары.

5a7708f5-b19d-4f96-bd29-2478ea23a314

Іс-шара барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдәш Ысқақова «Сайлау учаскелерінің физикалық қолжетімділігін және мүгедектігі бар адамдар үшін дауыс беруге жағдайды қамтамасыз ету» тақырыбында баяндама оқыды.

– Облыстық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, өңірде 505 сайлау учаскесі құрылды. Барлық дауыс беру учаскесінің мекенжайы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік қорғау туралы ақпараттық порталына (inva.gov.kz) енгізілуде. Сайлау өтетін күні Орал қаласында және аудандарда инватакси қызметі көрсетіледі, – деді Ділдәш Салауатқызы.

Облыс прокурорының бірінші орынбасары Александр Цуранков сайлау үдерісіне қатысушылардың сайлау заңнамасының сақталуын қалай қадағалайтыны жөнінде ой қозғаса, облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин «Дауыс беру күні сайлау учаскелерінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сайлау бюллетеньдерін күзету және жеткізу» тақырыбында сөз өрбітті.

– Референдумнан кейін аумақтық және учаскелік комиссиялардың құрамы қайта қаралды. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының күнтізбелік жоспары жасалып, жауапты тұлғалар анықталды. Қараша айының ортасында байқаушыларға, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне арналған семинарларды өткізу жоспарлануда. Билбордтарды, күнтізбелерді және ақпараттық стендтерді орналастыру орындары белгіленді. Облыс бойынша барлығы 236 баннер орнатылды. Сайлау комиссияларының жұмысын құқықтық қамтамасыз ету үшін тәжірибелі заңгерлер тобы (14 адам) құрылды, – деді  Ғайса Хамидоллаұлы.

Семинар-кеңес тәмамдалған соң Орал қаласындағы А. Н. Островский атындағы драма театрда дауыс беру кезінде атқарылатын жұмыстар бойынша практикалық жаттығулар жүргізілді.

Марлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале