Жалған ханзада
2002 жылдың жазында Чикаго полициясы колумбиялық Антони Джигнакты тұтқындайды. Ол 9 жыл бойы өзін сауд ханзадасы Халед, Әбделәзиз патшаның немересі ретінде елге таныстырып келген екен.
Ойдан шығарылған есім мен жалған банк карточкалары бар алаяқ осы уақыт ішінде жеке тұлғалар мен мемлекеттен 200 миллион доллар көлеміндегі қаржы ұрлап үлгерген. Қымбат киім киген және алтынмен апталған «ханзада» лимузин не ең қымбат мерседес мініп, жеке күзет ұстаған. Сондай-ақ ең қымбат қонақ үй нөмірлерінде тоқтап, өзінен кейін үлкен қарыз қалдырып кетіп отырған. Майамидегі «Гран Бей» қонақ үйінде ғана құны тәулігіне 10 мың доллар болатын пентхауста 10 күн қызылды-жасылды күндер өткізген.
Жалған «ханзаданың» құпиясы жарты миллион доллардың лимузинін сатып алу үшін байқамай өз атына рәсімделген несие карточкасын қолданған кезде барып ашылады.
Тас дәуірінің адамдары
1971 жылдың 7 маусымында филиппиндік шенеунік Мануэль Элизальде Минданао аралында бүкіл батыс мәдениетін дүр сілкіндірген жаңалық ашады. Ит тұмсығы өтпейтін ну орманда ол Тасадаи тайпасымен байланыс орнатады. Өркениетті елдің үлкен қызығушылығын тудырған тасадаилықтар тас дәуірінде қалып қойған болып шығады. Яғни осы уақытқа дейін олардың сырт әлеммен ешқандай байланыс орнатпағаны, тіпті өздерінен басқа жұрттың бар екенінен бейхабар болғандығы анықталады.
Тайпа тұрғындары тастан жасалған құралдарды қолданып, үңгірлерде тұрған. Шөп тамырларын, жеміс-жидек жеп, аңшылықпен айналысқан. Оның үстіне, «соғыс», «жау» деген сөздерді мүлдем білмей келген.
Баладай аңғал тасадаилықтар әп сәтте алды америкалықтардың, арты қалған әлемнің сүйіктісіне айналып шыға келеді. Газеттер «Сенсация!» деп шулап, National Geographic деректі фильмдер түсіреді. Тіпті Джон Рокфеллердің қатысуымен PANNAMIN атты тайпаға қолдау білдіру қоры құрылады.
Сол тұстағы филиппиндік диктатор Маркос үңгір адамдары тұратын жерді қорық деп жариялап, сырттан ешкімді кіргізбеуді бұйырады. Барлық экскурсия Мануэль Элизальде мен әскерилердің қатысуымен өтеді.
15 жыл өтіп, төңкеріс болып, Маркос орнынан алынып тасталған соң, билікке демократиялық күштер келеді. Тасадаилықтарға қойылған әскери блок та жойылады. Қорға қаржы құйып тұрғандар бар, қызығушылық танытқандар бар, енді кез келген адам үңгір адамдарының тұрмыс-тіршілігін еркін келіп көре алатын болады.
Осыны пайдаланғысы келген антрополог ғалым Освальд Итен аралға келіп, тас дәуірінен бері өмір сүріп келе жатқан тайпаның орнын сипап қалады. Үңгірлер бос жатыр, тіпті ұзақ уақыт адам тұрған жерге де ұқсамайды.
Ары қарайғы зерттеулер тасадаилықтардың рөлін сол маңдағы өзге тайпалардың тұрғындары ойнағанын көрсетеді. ABC арнасы «Ешқашан болмаған тайпа» атты деректі фильм түсіреді. Аң-таң болған батыс әлемі экраннан өздері біраз жыл бойы тас дәуірінің тұрғыны деп танып келген «таныстарын» Levis шалбары мен футболка киген кейіпте көреді.
Жалған тасадаилықтар Элизальденің өздерін осы жерге қуып тығып, әлгі тайпаның өкілдерін ойнауға бұйырғанын мойындайды. Шенеуніктің өзі болса 15 жыл бойы Коста-Рикада «табиғаттың төл перзенттеріне» деп бөлінген қордың 35 миллион доллар көлеміндегі ақшасын құртып, жақсы өмір сүрген екен.
Жалпы, алаяқтық қылмыстары тек қаржы пирамидаларымен шектеліп қалмайды, әрине. Адамдардың жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүріп, оңай ақша табуға деген құмарлығы, олардың тарапынан неше түрлі айла-шарғыларға барып, тиісінше алаяқтықтың сан түрін ойлап табуына итермелейді.
Біз бұл мақалаларымызда алаяқтықтың ең негізгі белгілеріне және елімізде кеңінен тараған түріне тоқталып өтетін боламыз. Сонымен қатар, алаяқтық қылмыстары тек Қазақстанда емес, әлем бойынша кең тараған қылмыс түріне жататынын ескере отырып, кейбір қызықты деп көрінген тарихи оқиғалардан мысалдар келтіруді жөн көрдік.
Сонымен, алаяқтық дегеніміз не және оның ең негізгі белгілері қандай?
Бірінші ерекшелігі және басты белгісі, ол алаяқтық қылмыстарының адамның сеніміне кіре отырып, алдау арқылы жүзеге асатындығында.
Сенім – адам бойындағы туа бітті қалыптасатын қасиет. Психология саласының мамандары сенімді бірнеше түрге жіктеп-жіліктеп, олардың әрқайсысына баға беріп тастаған. Солардың ішіндегі біздің назарға алып отырғанымыз – өзгеге деген сенім.
Адам болғасын, өзге бір адамға сенбей, сенім артпай тұра алмайды. Ол ел басқарған басшы, көңіліңіз кеткен ғашық адамыңыз, бизнес серіктесіңіз, тіпті көшеден кездейсоқ кездестірген, бұрын-соңды танымаған адамыңыз болуы әбден мүмкін. Әйтеуір адам баласы сеніммен өмір сүретіні, ал сенімнің жоғалуы, адам баласынан, адамзаттан көңілі қалудың өте ауыр психологиялық салдарға әкеп соғатыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Сондықтан, жалпы алып қарағанда сенім – ол сөзсіз адам бойындағы жақсы қасиеттердің бірі.
Қашаннан тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін мақалмен, мәтелмен түйіндеп үйренген халқымыздың «Адам күні адаммен», «Еліне сенген еңкеймейді» немесе Күлтегін бабамыздың «Халқына бегі, бегіне халқы сенген ел, ұзақтау жасайды» деп келетін сөздері, сенім категориясының жеке адам үшін де, ел, халық үшін де қаншалықты маңызды екенін бекіте түседі.
Алаяқтардың қылмыс жасаудағы ең басты нысанасы, негізгі объектісі де сол, яғни сіздің сеніміңіз.
Сол себепті де, алаяқтық қылмыстарынан сақтанудың жалпыға бірдей ортақ, универсал жолы жоқ десе де болады. Дегенмен, еліміздің жылдар бойғы қалыптасқан сот тәжірибесіне сүйене отырып шығарылған, қолданыстағы «Алаяқтық туралы істер бойынша сот практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 29 маусымдағы № 6 нормативтік қаулысын оқыр болсаңыз, біраз дүниеге көзіңіз ашылары хақ.
Аталған нормативтік қаулысы былай басталады:
Сот практикасында туындаған мәселелерге, заңнаманың өзгеруіне байланысты және заң нормаларын біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
Алдау нәтижесінде жаңылыстырылған меншік иесі немесе мүліктің өзге иесі өзінің мүддесі үшін жасаған әрекеттерінің негізділігіне сенімді бола отырып, кінәлі адамға мүлкін өз еркімен береді.
Мүлік иесінің немесе өзге адамның алаяққа сенім артуы әр түрлі мән-жайларға негізделуі мүмкін: жеке таныстығы, туыстарының және өзге адамдардың ұсынымы бойынша, кінәлінің қызметтік жағдайы және т.б.
Жымқыру кезінде жалған құжаттарды пайдалану алдау нысандарының бірі болып табылады. Басқа адам әзірлеген жалған ресми құжатты пайдалана отырып жасалған жымқыру алаяқтық құрамымен толық қамтылады және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 385-бабы бойынша қосымша саралауды талап етпейді.
Егер алаяқтық бөтен мүлікке құқықты иемдену нысанында жасалса, қылмыс кінәліде бөтен мүлікті өзінің меншігі ретінде иеленуге, пайдалануға және билік етуге бекітілген құқықтық мүмкіндік туындаған сәттен бастап, яғни осы құқық тиісінше ресімделгеннен, куәландырылғаннан немесе тіркелгеннен кейін аяқталды деп есептеледі.
Абзал Құспан,
адвокат, облыстық «Орал өңірі» газетінің
«Заң және біз» арнайы бетінің қоғамдық редакторы
(Жалғасы, басы облыстық «Орал өңірі»
газетінің алдыңғы сандарында)