29.12.2020, 12:05
Оқылды: 40

«Сақалды» құрылыстарға сән кіре бастады

Биылғы жылдың маусым айында облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен кеңес отырысында өңір басшысы Орал шаһарындағы құрылысы бітпеген нысандар иелерімен келіссөздер жүргізіп, тозығы жетіп, апатты жағдайда тұрған ғимараттарды қалыпқа келтіру немесе бұзу туралы құзырлы мекемелерге тапсырма берген болатын.

 1 (36) (1)

Жақында қала әкімдігінің баспасөз қызметі аталған бағыттағы жұмыстардың атқарылуы турасында БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз сапарын ұйымдастырып, шаһардағы бірқатар нысандарды аралап шықты.

БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы Бауыржан Сейтқалидің мәлімдеуінше, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жоғарыда аталған мәселелерді тексеру мақсатында өңірде арнайы ведомоствоаралық комиссия құрылған. Бүгінде жүргізілген тексерістердің нәтижесінде Орал шаһарынан апатты жағдайдағы 12, ал құрылысы бітпеген 15 нысан анықталып, ғимарат иелерімен келіссөздер жүргізілуде.

1 (43) (1)

- Соңғы жылдары құрылысы басталып, аяқталмай қалған немесе әбден тозығы жеткен көне ғимараттардың саны көбейіп кеткендігі белгілі. Облыс әкімі Ғали Есқалиев қаланың сәнін кетіріп, тұрғындарға қауіпті жағдай туғызатын әр нысан иелерімен жеке-жеке жұмыс жасауды тапсырған болатын. Себебі жас балалар қоршауы мен күзетшісі жоқ, есік-терезесі ашық жатқан ғимаратқа кіруге әуес келеді. Ал ол әрекеттері қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Сондай-ақ мұндай жерлер үй-күйлері жоқ қаңғыбас адамдар үшін де таптырмас пана болуда. Бұл жағдайда қаланың санитарлық жағдайына да нұқсан келері сөзсіз. Бүгінде бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуда. Аталған ғимараттардың иелері анықталып, олармен түсіндірме жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде бірқатар ғимараттардың құрылысы қайта жанданды. Әрине, жеке нысандар болғандықтан біздер оларға ұсыныстан басқа нақты бұйрық бере алмаймыз. Әркімнің жағдайы әр түрлі. Нысанның құрылысы тезірек аяқталып, жұмысын бастағаны кәсіпкер үшін де тиімді. Сол деңгейге жеткізуге кейбірінің қаражатты тапшы болса, енді бірінде басқа жағдайлар кездесіп жатады. Мысалы, қалалық әкімдіктің жанындағы құрылысы тоқтап қалған тоғыз қабатты тұрғын үйдің иесі өмірден өткен. Бүгінде ғимараттың жаңа қожайынын анықтау мақсатында сот процестері жүргізілуде. Сондай-ақ Полиция басқармасы ғимараты жанындағы ондаған жылдар бойы құрылысы аяқталмай тұрғын үйдің иесін жақында ғана анықтады. Алматы қаласында тұратын кәсіпкер жаңа жылдан соң келетінін айтты. Сол кезде тұрғын үй иесімен ақылдасып, құрылысын аяқтауға немесе жартылай бұзып, сауда нысанын салуға, нағыз болмаса мүлдем сүріп тастау жөнінде ақылдасатын боламыз, - деді Бауыржан Сейтқали.

1 (9) (1)

Пресс тур барысында алғашқы болып барған нысан – Орал-Желаев тас жолы бойындағы сауда кешені болды. Ольга Колузанова есімді кәсіпкерге тиесілі ғимараттың құрылысы 2018 жылы басталыпты. Кейін қаржылық жағдайға байланысты құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. Жергілікті әкімдік тарапынан ескерту келісімен ғимараттың төңірегі қоршалып, қарауыл қойылған. Кәсіпкер көп кешікпей қаражат көзін тауып, құрылысты жандандырған. Көлік көп жүретін күре жол бойындағы жаңа дүкеннің құрылысы келер жылы аяқталып, пайдаланылуға берілмек.

Ал Д.Қонаев 52/Н2 мекенжайында орналасқан ғимарат құрылысын бастаған кәсіп иесі нысанды басқа кәсіпкерге сатқан. Нысанның жаңа қожайыны құрылыс жұмыстарын тез арада қолға алып, бүгінде тек ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Аталған ғимаратта кеңсе бөлмелері жалға беріліп, қонақ үй мен мейрамхана жұмыс жасамақ.

1 (16) (1)

Шолохов көшесі бойынан салына бастаған «Мерей» сауда кешенінің де құрылысы қарқынды. Кәсіпорын иесінің айтуынша, құрылыс жұмыстары 2013 жылы басталған. Кейін бұл маңнан қаланың басты кәріз құбыры тартылуы, қаражаттың тапшылығы, банктердің несие бермеуі ғимарат құрылысын аяқтауға қолбайлау болған. Биыл бұл түйіткілдер біртіндеп шешіліп, құрылыс жұмысы жанданған. Жертөлесінде қойма, бірінші қабатында сауда нүктелері мен көлік жөндеу орындары болатын сауда кешені келер жылы ашылмақ.

Шаһардың мұнай базасы ауданындағы бұрынғы «Омега» прибор жасау зауытының зәулім ғимараттары соңғы жылдары қаңырап бос қалып, қаланың сәнін алып тұрған еді. Бүгінде бұл нысандарға да жан бітіп, шетінен әсем ғимараттарға айналуда.

1 (5) (1)

- Кезіндегі «Омега» зауытының әкімшілік ғимаратын сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл нысан болашақта екі корпустан тұратын жатақхана болмақ. Пәтер үлгісіндегі жатақхананың тең жартысы біздің зауыт жұмысшыларына берілетін болады. Ал екінші бөлігін өзіміз сенімгерлік басқаруға алған Орал индустриалды колледж студенттеріне беріледі. Біздің зауытқа алыс-жақын шет елдерден қонақтар көп келетіндіктен ғимараттар айналасын барынша абаттандыруға көңіл бөлеміз. Былтыр осы ескі ғимараттардың алдындағы алып теректерді кескендігіміз қоғамның қызу талқылауына іліккен болатын. Биылғы жылы сол жасы жеткен ағаштардың орынына 215 түп қарағай отырғызылды. Жатақхананың қаспеті толық жөнделіп болған соң 55 түп шырша егіледі. Сонымен қатар бұл маңнан балаларға арналған ойын алаңдары жасақталып, шамдар мен орындықтар қойылып, шағын аудан тұрғындары серуендейтін жайлы тынымбақ жасақтауды жоспарлап қойдық, - деді Орал трасформатор зауытының директоры Ақжол Сауранбаев.

Айта кетейік, өңір басшысының тапсырмасымен қолға алынған шаралардан соң шаһардағы бірқатар «сақалды» құрылыстарға сән кіре бастады. Аталған бағыттағы жұмыстарға жауапты мекеме мамандары бұл жұмыстардың келер жылы да қарқынды жалғасатындығын айтады.

 

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале