Ұлы Жеңіс күні қарсаңында қазақтың қаһарман үш қызы – Әлия, Мәншүк, Хиуаз апаларымыздың Оралдағы ескерткіші жанында есте қаларлық шара өтті. Ол осынау ұлы мереке құрметіне Ресей мен Башқұртстанға су жорығына аттанған шағын топты шығарып салуға арналды. Жалпы нобайы жеті адамнан құралған бұл топтың төртеуі, яғни негізгі құрам – ҚазИИТУ-дың оқытушылары. Ал қалған үш адам – ардагер туристер. Осы шараға аттанғалы тұрған топ мүшелері мен оларды шығарып салушылар қазақтың батыр қыздарының ескерткіші жанында салтанатты жиын өткізді.
Онда университеттің қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Н.Қисметов, саяси-идеологиялық жұмыстар және қоғамдық байланыс бөлімінің меңгерушісі, аға оқытушы А. Маратова сөйледі. Салтанатқа жиналғандарды келе жатқан мерекемен құттықтады. Ел басына күн туғанда өрімдей жастығына қарамастан, қас жауға қарсы аттанған үш арудың ерліктеріне тоқталды. Олар көрсеткен қаһармандық үлгісі әлі талай ғасырларға жалғасып, жастарды елсүйерлікке баулуда маңызды рөл атқара беретінін тілге тиек етті. Тағы бір айта кететіні, су жорығына аттанған азаматтардың арасында сонау Атырау облысынан арнайы келген қонақ та бар еді. Ол – Халық Қаһарманы, Хиуаз Доспанова туған ауылдың перзенті, яғни жерлесі, облыстық туризм орталығының директоры Алмажи Өтегенов болатын. Осынау жорыққа ол батыр апасының ауылдасы ретінде арнайы шақырылыпты. Жиналғандар жорыққа аттанушыларға сәт сапар тілеп, қазақтың батыр қыздарының ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Аталмыш жорыққа бастамашы болып, оның бүкіл шаруасына бастан-аяқ жүгірген университеттің қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, алыс-жақын шетелдерде өткен талай су және тау жорықтарына қатысушы, осы бағытта талай шәкірт тәрбиелеген спортшы, ҚР-ның еңбек сіңірген туризм нұсқаушысы Қуаныш Аққалиевті әңгімеге тарттық:
– Біздің бұл жорығымыз Жеңістің 78 жылдығына арналып отыр. Сондай-ақ ол алда келе жатқан 80 жылдыққа әзірлік десе де болады. Бұл жолы біз Орынборда болып, онда университетімізбен тығыз байланыстағы оқу орнында кездесу өткіземіз. Одан әрі Башқұртстанның Юлдыбай ауылына жетеміз. Сол арада Сақмар өзенін бойлап, катамаранмен үш күндік су жорығына қатысамыз. Сосын, Мұрадым деп аталатын башқұрттардың атақты шатқалына барамыз. Онда ұзын саны 46 үңгір бар. Жерасты саяхаты десе, ішкен асын жерге қоятындардың ең көп жиналатын сүйікті орны. Сол жер астындағы үңгірлердің бірқатарына арнайы жорық жасамақшымыз. Анау Юлдыбай аталатын ауылдан бастап, жүрген жеріміздегі оқу орындарының оқытушыларымен, студенттерімен кездесу өткіземіз. Бұл – біздің осы жолғы мақсатымыз. Келесі жылы батырларымыз – Мәншүк, Әлия, Хиуаз апаларымыздың туған жерлеріне веложорық жасамақшымыз. Одан соң Ұлы Жеңістің 80 жылдығында сол апаларымыздың соғысқан, ерлікпен қаза тапқан жерлеріне жорық жасаймыз деп осы бастан әзірленіп жүрміз. Мұның бәрі бүгінгі ұрпаққа ержүрек апаларымыз бен ер-азаматтардың кешегі қырғын соғыста көрсеткен ерлігін дәріптеу үшін керек. Желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектерімізді елсүйерлік қасиеттерге тәрбиелеу үшін қажет, – деді ол.
Мақсаттары мен мұраттары таудай шағын топқа «Жолдарыңыз болсын!» деген тілек жауып жатты.
Есенжол Қыстаубаев,
«Орал өңірі»