17.01.2023, 16:00
Оқылды: 46

«Сақтанғанды, сақтайды!»

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде сала мамандары және БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті. Департамент өкілдері өңіріміздегі орын алған жалпы төтенше жағдайлардың себеп-салдары жайлы сөз қозғады. 

8

Жақында Орал қаласындағы Самал шағынауданында 2 қабатты тұрғын үйде екі адам газдан уланып, ауруханаға жеткізілген.

Басты себеп – үйдегі табиғи газбен жылытылатын пешті пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Мереке Жұмағалиев аталмыш жағдай жайлы баяндап, басқа да сұрақтарға  жауап  берді.

– Қаңтар айының 10-ы күні сағат 13:52 шамасында Орал қаласындағы көпсалалы аурухананың реанимация бөлімшесіне 1956 жылы туған екі азамат ауыр жағдайда түскен. Тексеру нәтижесінде олардың жылыту қазандығын дұрыс пайдаланбау себебінен оқыс жағдайдың орын алғаны анықталды. Тұрғындар жылыту жабдықтарының жай-күйін бақылауы, электр жарығының шамадан тыс жүктелуіне жол бермеуі және жас балаларды қараусыз қалдырмауы керек. Себебі әр адамның өмірі маңызды, – деді Мереке Бауыржанұлы. Басқарма бастығының баяндауынша, жылу беру кезеңі басталғаннан бері облыс аумағында 104 өрт оқиғасы орын алып, 2 адам қаза тапқан. Ал осы қаңтар айының 12-сіне дейін облыста 17 өрт оқиғасы тіркелген.

– Өңірімізде өрттің алдын алу мақсатында бірқатар шара жүргізілуде. Соның бірі – тұрғын үйлерде улы газ датчиктерін орнату. Жылу беру кезеңінің басында әкімдіктер мен демеушілердің қолдауы есебінен халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне 253 улы және 32 табиғи газ датчигі орнатылды. Қазіргі таңда тағы да 147 улы газ датчигі сатып алынды. Соңғы 4 жылға назар аударсақ, облыстағы тұрғын үйлерге 1347 газ датчигі қойылды, – деп мәлімдеді Мереке  Жұмағалиев.

Келесі кезекте БАҚ өкілдері департаменттің төтенше жағдайларды жою басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Айбар Камидуллиевке жол бойындағы оқыс оқиғаларға байланысты сауалдарын қойды. Маманның мәліметіне сүйенсек, 2022-2023 жылдардың қысқы кезеңінің басында 6 авариялық-құтқару жұмысына 7 бірлік техника тартылған. Нәтижесінде 6 адам құтқарылып,  7 адам  эвакуацияланған.

– Облыс әкімінің 2022-2023 жылдардың қысқы кезеңіндегі төтенше жағдайдың алдын алу жөніндегі өкімі шықты. Онда қыс мезгілінде тұрғындар мен аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделген. Осы уақытта оқыс жағдайға жедел ден қою мақсатында және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге дайын 92 бірлік жоғары өтімді техника жолдардың неғұрлым қауіпті учаскелеріне бекітілді. Сондай-ақ облыс бойынша зардап шеккен азаматтарды қабылдау үшін 37 жылыту және тамақтандыру пункті әзірленді. Жол қызметтерінің дайындығына тексеріс жүргізіліп, оның нәтижесі туралы облыс әкімдігі, прокуратура және полиция департаментіне хабарлама жіберілді. Сонымен қатар жолдардың тайғақтығы мен аутокөлік жылдамдығын шектеу керек екенін ескертетін  200 белгі  орнатылды.

Кез келген адам тиісті ескертулер мен ережелерге құлақ түріп, барынша сақ жүруі тиіс, – деді капитан  Айбар Хайдарұлы.

Мамандардың айтуынша, тұрғындарға қыс мезгіліндегі қауіптерді ескерту үшін ұялы байланыс операторлары (Kcell, Вelline, Tele2, Aсtiv), «Дәрмен» қосымшасы және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мәтіндік хабарламалар жіберіледі. Сонымен қатар аутокөлік жолдарында төтенше жағдай орын алса, 1403 Call орталығы тәулік  бойы жұмыс істейді.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале