Бүгін «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданына қарасты Переметная станциясына келіп тоқтады. Бұл іс-шара елорданың туған күніне орайластырылып, Астана күні мерекесінің қарсаңында ұйымдастырылуы — кездейсоқтық емес. Себебі бұл жобаның басты мақсаты — шалғай ауыл тұрғындарына сапалы медициналық және әлеуметтік көмек көрсету.

Пойыздың жұмыс басталуы салтанатты іс-шарамен ашылды. Аталған іс-шараға Ерлан Галиев Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары, Татьяна Вениаминовна Рогозина – БҚО әкімі аппаратының бас инспекторы, БҚО әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы, Гүлжанар Болатқызы Шөкеева – БҚО Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, комиссия мүшесі, Бәйтерек аудандық ауруханасының директоры Тимур Қапезұлы Мусагалиев және мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері, сондай-ақ пойыз ұжымы мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Аудан әкімінің орынбасары, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі аудандық комиссия төрағасы Е.Е.Галиев қонақтарға қош келдіңіз айтып, өз сөзінде бұл бастаманың ел Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының және Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатқанын атап өтті. Ол сондай-ақ Переметное станциясында білікті мамандардан құралған топ 2 күн жұмыс істейтінін, ал жалпы Бәйтерек ауданында 4 күн бойы қызмет көрсетілетінін хабарлады.

Шара барысында медициналық пойыздың аға дәрігері Әсемгүл Жұмабайқызы Саханова және медиатор Шолпан Ағзамбекқызы Шалғазина тұрғындарға көрсетілетін қызмет түрлері мен олардың қолжетімділігі туралы кеңінен түсіндірді. Мамандардың айтуынша, барлық қызметтер – медициналық, заңдық, медиациялық және психологиялық көмек – толықтай тегін әрі барлық жастағы азаматтарға бағытталған.*
Қажет болған жағдайда көшпелі бригадалар да тартылатын болады. Медициналық вагондарды аралау барысында алғашқы тексерулер мен консультативтік көмек көрсету жұмыстары басталып кетті.

Сонымен қатар тіркеу бөлімі де алғашқы келушілерді қабылдай бастады.

Мобильді топтың жұмыс уақыты таңғы сағат 09:00-ден кешкі 18:00-ге дейін белгіленген.
Ауыл тұрғындары білікті мамандардың кәсіби шеберлігі мен адам өміріне бағытталған игі істеріне ризашылықтарын білдіріп, әлеуметтік жобаның маңыздылығын ерекше атап өтті.