1.04.2025, 12:30
Оқылды: 304

Саланың даму стратегиясы қандай?

Облысқа жұмыс сапарымен келген  Энергетика министрінің  орынбасары  Құдайберген Арымбек өңір  тұрғындарымен есептік кездесу  өткізді. Жиынға  облыс  әкімінің  орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов  қатысты.

Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек

Жиында вице-министр өңірдің отын-энергетикалық кешенінің қазіргі жағдайы және әрі қарай даму стратегиясы туралы баяндады. Батыс Қазақстан – республика бойынша мұнай өндіру көлемі бойынша Атырау және Маңғыстау облыстарынан кейінгі үшінші мұнай өндіруші облыс. БҚО-ның үлесіне елдегі жалпы мұнай өндірісінің 14,4%-ы тиесілі. Мұнай мен конденсаттың қорлары шамамен 329 млн тоннаны құрайды, газ қоры – 882,6 млрд текше метр. Облыста «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б. в.» (2024 ж. – 12,2 млн тонна), «Жайықмұнай» ЖШС (2024 ж. – 0,211 млн тонна), «Урал Ойл энд Газ» ЖШС (2024 ж. – 0,222 млн тонна) компаниялары мұнай өндіреді.  2030 жылға қарай өңірде мұнай өндірісі 13,9 млн тоннаға дейін ұлғайтылады. Негізгі өсім Қарашығанақ кен орны есебінен болмақ. Рожков конденсат кен орны бойынша да жұмыстар жүргізілуде («Урал Ойл энд Газ» ЖШС).

– Қарашығанақ кен орнында газды кері айдаудың 5-компрессоры (құны 970 млн АҚШ доллар) салынды және 6-компрессорды (құны 735 млн АҚШ доллар) салу жобасы жүзеге асырылуда. Жоба 2028 жылы аяқталады. Өңірдегі жер қойнауының келешегі бар бос учаскелері аукцион арқылы сатылады. Былтыр Шыңғыс-Телсу учаскесі бойынша аукцион өткізілді. Кен орнын игеруге 2,1 млрд теңге инвестиция жұмсау жоспарланған. Бүгінде игерілетін учаскелер бойынша барлау жөніндегі жобалау құжаттама жасау үшін материалдар зерделенуде. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукцион өткізуге әлеуеті бар 5 учаске мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына енгізілді,  –  деді Құдайберген Берікұлы. Одан әрі вице-министр Қарашығанақ кен орнының операторының газ өңдеу зауытының құрылысын жүзеге асырудың газ стратегиясы әзірленгенін айтты. Өткен жылдары министрлік «PSA» ЖШС уәкілетті құрылымымен бірлесіп, қуаты жылына 4 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауыты құрылысының  оңтайлы нұсқасын таңдаған. 2023 жылдың желтоқсанында Рожков кен орнында бірінші газ өндіру өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Операторы «Жайықмұнай» ЖШС болып табылатын кен орнынан өндірілген шикі газдың барлық көлемі Шынар газ өңдеу зауытына өңдеуге жіберіледі.

Қазіргі кезде БҚО-ның газбен қамтылу деңгейі республика бойынша ең жоғары деңгейде, 99,7%-ды құрайды. Өңірдегі 694 мыңнан астам адам табиғи газбен қамтамасыз етілген (696 058 адамның ішінен). Бұл күндері 5 елді мекенге (364 адам тұрады), яғни Ақжайық ауданының Қадырқұл, Бәйтерек ауданының Забродина, Спартак, Богатск, Тасқала ауданының Өркен ауылы) газ құбырын тартуға жобалау-сметалық  құжаттама  әзірленуде.

Кездесуде тауарлық газ бағасын белгілеу мәселесі де сөз болды. Қарашығанақ кен орнындағы шикі газ Орынбор газ өңдеу зауытына тасымалданып, өңделіп, елге қайтарылады. Министрлік өкілінің баяндауынша, облыстағы тұтынушыларға айтарлықтай арзандатылған бағамен сатылуда. Тауарлық газдың өзіндік құнына шикі газды сатып алу, тасымалдау және оны Орынбор зауытында өңдеу, тауарлық газды  Қазақстан шекарасына дейін тасымалдау, әкімшілік шығыстар «Қазақгаз» үшін текше метрі 25,79 теңгені құрайды. Газды бөлшек саудада сатуды «ҚазТрансГазАймақ» жүзеге асырады және соңғы тұтынушылар үшін бағасы текше метрі 18,19 теңгені құрайды. Мемлекет халық үшін газдың бөлшек сауда бағасының текше метрін 7,6 теңге мөлшерінде субсидиялап отыр. Бекітілген көтерме сауда бағасы тауарлық газдың өзіндік құнынан  төмен.

Облыстағы электр желілерінің тозуы 79,14%-ды құрайды. «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ның қызметкері Елена Безьянова сүреңсіз жағдайды жақсарту үшін қандай қарекеттер қолға алынатынын сұрады.  Вице-министр министрліктің әкімдікпен бірге тиісті шаралар қолға алғанын, соның нәтижесінде 2024 жылдан бері тозу көрсеткіші 2,86%-ға төмендегенін, 2024 жылы 1000 шақырым электр желі күрделі жөндеуден өткен. Бұған қоса «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС есебінен 40 шақырым желі қайта қалыптастырылған. Облыс әкімдігі 2000 шақырым желіні салу, қайта құру бағытындағы 12 жоба дайындады.  Ұлттық модернизациялау жоспары аясында 9 жоба жасақталған. 2025 жылдың соңына таман  өңірдегі электр желісінің тозуы 75% болады деп күтілуде.

– 1969 жылы Шыңғыс деп аталатын жерден мұнай кені табылды. Тәуелсіздік жылдарында мұнда 4 компания жұмыс істеді. Мамандардың айтуынша, мұнай сапасы  өте жоғары. Одан әуе керосинін алуға болады деседі.  Осы кезге дейін кен орнында жұмыстанған мұнайшылар өздерінің мойнына алған міндеттемелерін орындамады.  Осы кен орнына жауапты мердігерді бекітуге назар  салсаңыз, – деді М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің  иегері Жаңабек Жақсығалиев.

Бұл сұраққа қатысты министрдің орынбасары өңірге жұмыс сапары барысында жер қойнауын пайдаланушылармен кездескенін, 4 барлау учаскесі барын, 3 кен орны өндіру сатысында екенін, бір кен орны 2026 жылдың екінші жартысында іске қосылатынын тілге тиек етті. «Төрт барлау учаскесінің бірі – Шыңғыс-Телсу. Осыған дейінгі жер қойнауын пайдаланушылар учаскеде тиісті шаруаларды жүргізбеді. Жұмыс мерзімі аяқталып, келісімшарттардың күші жойылды. 2025 жылдың 8 қаңтарында «RV-Oil&Gas» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Енді бір жылдың ішінде жобалау құжаты дайындалуы керек, – деді  Құдайберген Берікұлы.

Қарашығанақ газ өңдеу зауыты жобасына қатысты қойылған сұраққа  вице-министр кен орында болып, оператормен сөйлескенін, акционерлер тарапынан биыл шешім қабылданатынын жеткізді.

2026 жылдан бастап зауыт  құрылысын жобалау, құрылыс жұмыстарын бастау көзделуде. «Бұл мәселе – Үкіметтің бақылауында», – деп түйіндеді Қ. Арымбек. Тағы бір сұраққа баяндамашы еліміздің солтүстігі мен оңтүстік аймақтарының  бірыңғай энергетикалық жүйеге қосылғанын, енді батыс аймақты осы жүйеге қосу жұмыстары басталатынын айтты. «Қазақстанда сутегі энергетикасын дамыту басты назарда. Атырау облысында «ҚазМұнайГаз Инжиниринг» компаниясы филиалының жобалау институты бар.  Осы институт грант алып, зерттеу жұмыстарын бастады. Күн панелдерін орнатып, одан әрі сутегі бөлу жұмыстарын қолға алды. Маңғыстау облысында германиялық  «Svevind Energy Group» компаниясының «жасыл» сутегі өндіретін зауыт құру жобасы бойынша құрылыс жұмыстары әлі басталған жоқ. Сутегі энергетикасы  Қазақстанда дамымаған, бірақ келешегі зор сала деп санаймыз», – деді «жасыл»  энергетиканы дамыту туралы қойылған сұраққа жауап берген Құдайберген Арымбек.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале