1.04.2025, 10:30
Оқылды: 235

«ІТ саласының білгірі болғым келеді...»

Қазіргі әлемде ақпараттық технологиялар күн санап дамып, IT мамандарының бәсекелестігі артып келеді. Жаңа бағдарламалар, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, деректерді талдау сияқты салалар әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие. Бүгінгі кейіпкеріміз – Нұрболат Қазеке осы қарқынды  дамып  келе  жатқан саланың  болашағына  сенетін  студенттердің  бірі.

WhatsApp Image 2025-02-25 at 15.59.35 (1)

ІТ-ға қызығушылық  қайдан  пайда  болды?

Ол 2004 жылдың 28 шілдесінде Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы, Ақсу ауылында дүниеге келген. Балалық шағы туған ауылында өткен ол 1-6-сынып аралығында Ақсу орта мектебінде, 7-9-сыныпта Сәулет мектеп-лицейінде, ал 10-11-сыныпты Ақсай қаласындағы №6 мектеп-лицейінде оқып, «Алтын белгі» иегері атанды. Қазіргі уақытта Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша 4-курс студенті.

– Бұл мамандықты таңдауыма бала кезімнен компьютерге деген қызығушылығым себеп болды. Алғашында тек ойын ойнасам, кейін оның құрылымы, бағдарламалар, сайт жасау сияқты дүниелер мені қатты қызықтырды. Ойындарды басқалар жасай алса, мен де жасай аламын ғой деп ойладым. Бірте-бірте бағдарламалау әлеміне еніп, түрлі жобалар жасауға кірістім. Сайт құрастыру, мобильді қосымшалар жасау, жасанды интеллект бағытында  жұмыс істеу – менің ең сүйікті ісім, – дейді Нұрболат.

Оның сөзінше, IT саласы – шексіз даму мүмкіндігін беретін ерекше әлем. Жаңа технологиялармен жұмыс істеу, заманауи бағдарламалау тілдерін меңгеру, цифрлық қауіпсіздік мәселелері – мұның барлығы Нұрболатты үнемі ізденіс үстінде болуға итермелейді.

Бағдарламалаудағы алғашқы қадамдар

Нұрболат университет қабырғасында жүріп-ақ бірнеше бағдарламалау тілін меңгеріп үлгерді. C++, C#, Python, Java, JavaScript, PHP сияқты танымал тілдер – оның негізгі қаруы.

– Осы бағдарламалау тілдерінің ішінде өзіме жақыны – Python. Бұл тілдің оқып-үйренуге жеңілдігі мені қызықтырды. Сонымен қатар қазіргі таңда Python деректерді талдау (Data Science), жасанды интеллект (AI), веб-бағдарламалау және басқа да көптеген IT бағыттарында кеңінен қолданылады. Сондықтан да осы тілде бірнеше жеке жобаларымды жасадым, – дейді ол.

Нұрболат университетте тек теориялық білім алып қана қоймай, хакатондар, IT жарыстар, ғылыми конференциялар сияқты іс-шараларға белсенді қатысып, өз білімін тәжірибеде сынап жүр. Ол 3-курста президенттік шәкіртақы иегері атанды. Бұл – оның бірнеше жыл бойы жинаған тәжірибесі мен еңбегінің нәтижесі.

– Осы жылдар ішінде түрлі өңірлік және республикалық жарыстарға қатысып, өз білімімді шыңдадым. Мысалы, өңірлік Jaiq Hub, халықаралық Coursera курстары, Astana Hub жобалары мен үшін үлкен тәжірибе алаңы болды. Университетте ұйымдастырылатын іс-шараларға қатысу – жаңа таныстар табуға, жұмысқа орналасуға және стартап бастауға мүмкіндік береді.

Жуырда университетте өткен ғылыми конференцияда Нұрболат «ЛингвоХимия» атты бағдарламасын таныстырып, студенттер мен оқытушылардың қызығушылығын тудырды. Бұл жоба – химия пәнін шет тілінде оқытуға арналған арнайы терминологиялық бағдарлама.

IT саласындағы өз жобалары

Нұрболаттың қолынан шыққан бірнеше қосымша бар:

– ЛингвоХимия – химия пәнін шет тілінде оқытуға арналған терминологиялық бағдарлама.

– FutureWave – валюта курсы мен ауа температурасын болжауға арналған  бағдарлама.

– NZZ – пәтер жалдау және сату бойынша хабарландырулар қосымшасы.

– IMedical – медициналық қызмет көрсету қосымшасы, жасанды интеллект көмегімен ауру белгілерін талдау.

Бұл жобалардың әрқайсысы белгілі бір мәселені шешуге бағытталған. FutureWave қосымшасы өзгерістерді болжауға көмектессе, IMedical медициналық қызметтерді цифрландыруға арналған.

Спорт пен кітап – табыстың серігі

Бағдарламалау, хакатондар мен ғылыми жобалардан бөлек, Нұрболат спортты да назардан тыс қалдырмайды. Футбол, волейбол, үстел теннисі сияқты спорт түрлерімен айналысып, ақыл-ой мен физикалық белсенділікті тең ұстауға тырысады.

– Кітап оқу – мен үшін өзіндік медитация. Тарихи және психологиялық кітаптарды ұнатамын. Қазір Роберт Келсидің «Код уверенности» кітабын оқып жатырмын. Ал соңғы оқыған кітабым – Барбара Оаклидің «Думай как математик» шығармасы. Бұл кітаптан түйгенім: адам өз ойлау қабілетін  өзгертіп,  дамыта  алады.

Болашаққа жоспарлар

Болашақта Нұрболат өзін тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік IT-индустрияда да мойындалған маман ретінде көргісі келеді.

– Жоғары оқу орнын бітірген соң отандық немесе шетелдік IT компанияда жұмыс істеуді жоспарлап отырмын. Қазіргі уақытта жасанды интеллект, деректерді талдау, DevOps, блокчейн сияқты перспективалы бағыттар маған қатты ұнайды. Басты мақсатым – IT саласында өз орнымды тауып, осы салада мықты маман болу, – дейді ол.

Сонымен қатар Нұрболаттың айтуынша, IT саласындағы жұмыс шарттары өте икемді. Көптеген компаниялар қашықтан жұмыс істеуге, еркін жұмыс кестесіне мүмкіндік береді. Сондықтан бұл мамандықты игеру тек білімді ғана емес, еркіндік пен шығармашылықты да талап етеді.

– Егер ақпараттық жүйелер мамандығын таңдамаған болсам, математика мұғалімі немесе экономика бағытын таңдайтын едім. Себебі бағдарламалаудан бөлек, оқушы кезімде математика, есептеу ұнайтын еді. Шым-шытырық есептерді шешуге аса құмар едім. Қазір де ол нәрседен алыстағаным жоқ. Басты арманым – университетті ойдағыдай тәмамдап, өзім қалаған жұмыс орнына орналасып, IT саласының білгір маманы болу, – дейді Нұрболат.

Жас маманның ізденісі мен еңбегіне қарап, оның IT саласының нағыз білгірі болатынына сеніміміз мол. Біз де өз кезегімізде оған тек сәттілік тілейміз!

Жанерке Ғинаят,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале