Өңіріміздегі іргелі өнер ұжымы – БҚО камералық оркестрі биыл 10 жылдық белесті бағындырып отыр. Жыл басынан бері камералық оркестр мерейтойлық кешін атап өтуге қызу дайындық жүргізуде. Классикалық жанрдағы туындыларды саф күйінде орындайтын өнер ұжымы заманауи және дәстүрлі ән-күйлермен репертуарын байытып үлгергені мәлім. Дүбірлі мерейтой қарсаңында облыстық камералық оркестрдің директоры Салтанат Абулғазиева оркестрдің даму бағыты, алдағы жұмыс жоспары туралы айтты.
– Салтанат Мақсотқызы, камералық оркестр тарихын қысқаша шолып өтсеңіз?
– Өнер ұжымы алғашында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, скрипкашы Марат Бисенғалиевтің бастамасымен 2004 жылы «Батыс Қазақстан облысының М.Бисенғалиев атындағы филармониялық оркестрі» МКҚК ретінде құрылған. 2011 жылы Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен әлемдік классика өнері мен ұлттық музыканы насихаттау үшін «БҚО әкімдігі мәдениет басқармасының Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі» МКҚК болып жаңа құраммен қайта жасақталды. Он жыл ішінде оркестр Қазақстанның көптеген аймағында және шетелдерде өнер көрсетті. 2013-2014 жылдары оркестр Татарстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, әйгілі маэстро, КСР халық әртісі Арнольд Катцтың шәкірті Рашид Скуратовпен жұмыс істеді. Сонымен қатар Михаил Переплеснин (Украина), Уйнстон дан Фогель (Америка), Али Ермекбаев сынды танымал дирижерлермен де шығармашылық байланыс орнатты. 2012 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін оркестрге Асхат Хасанов жетекшілік етіп келеді. Ол оркестрдің репертуарын ұлғайтып, өнер өрісіне серпіліс алып келді. Сан түрлі қазақ күйлері мен халық әндерін нотаға түсіріп, оркестр құрамына домбыра, қобыз аспаптарын қосты. Сонымен қатар оркестр кахон, гитара, бас-гитара аспаптарының синтезін құрады. Өнер – ұлттың жаны. Әр елдің руханияты мәдениетімен өлшенері анық. Биыл оркестрдің құрылғанына 10 жыл толып отыр. Яғни классикалық музыканы сүйіп тыңдаушы көрермендеріміздің алдында есеп беру кезеңі деп қабылдаймын.
– Жұмыс жоспарыңыздан жыл жаңалығы ретінде нені атап өтесіз?
– Биыл ұжым үшін шығармашылық тұрғыда қарқынды, жемісті жыл болғалы тұр. Біздің оркестр репертуарында түрлі жастағы тыңдарманға арналған шығармалар бар. Соның ішінде камералық оркестрдің сүйемелдеуімен қазақтың ұлттық аспабы – домбыра арқылы орындалатын күйлер, қазіргі заманауи үлгідегі және жеке вокалистердің орындауындағы шығармалар бар. Біздің музыканттар Қазақстанда тұңғыш рет перфоманс жанрында видео акт түсіргенін мақтанышпен айта аламыз. Жыл аяғына дейін ұжымымыздың солисі Эльмира Усаеваның жеке шығармашылық кешін өткізуді жоспарлап отырмыз. Тәуелсіздік тойына тарту ретінде тағы да концерт ұйымдастырамыз. Әрине, онжылдық аясындағы іс-шараларды өткізуді ғана мақсат етпей, карантиндік шектеулер алынып тасталып жатса, еліміздің мәдениет ордаларына гастрольдік сапарға шығуды жоспарлаудамыз. Оркестр мүшелерінің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында оларды шеберлік сағаттарына қатыстырғымыз келеді. Мәдениет басқармасы құп көрсе, болашақта камералық оркестр жанынан хор құру ойымызда бар. Себебі өңірімізде кәсіби хор ұжымы жоқ екені белгілі. Қазіргі кезде өскелең ұрпақтың эстетикалық тәрбие алуына ықпал ету, әлемдік классика тынысымен таныстыру мақсатында өңірдегі жоғары оқу орындарымен бірлесіп жұмыстануға дайындалудамыз. Алдымен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетімен келісім жасаудамыз.
– Өнер әлеміндегі ұжым жетістіктерін саралап берсеңіз...
– Алматы қаласының 1000 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Әуен – fest» республикалық камералық оркестрлер фестивалінде облыстық камералық оркестр лауреат атанды. 2018 жылы қазақтың белгілі дирижері, Қазақстанның халық әртісі Төлепберген Әбдірашевтің 70 жылдығына арналған республикалық камералық оркестрлер фестивалінде дипломант ретінде марапатталды. 2020 жылы өткен халықаралық шығармашылық онлайн байқауда «Ішекті аспаптар оркестрі» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Былтыр Мәскеу қаласында өткен «GoodWin Art» атты 3-халықаралық онлайн байқауда «Ішекті аспаптар оркестрі» аталымы бойынша дипломант болды.
– Салтанат Мақсотқызы, камералық оркестрдің материалдық-техникалық тұрғыда жабдықталуы туралы айтсаңыз?
– Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі – республика бойынша камералық оркестрлердің ішіндегі дербес ғимараты және талапқа сай жабдықталған материалдық-техникалық әлеуеті мығым жалғыз мекеме. Акустикаға сәйкес арнайы жабдықталған камералық залы, материалдық-техникалық қоры, өте жоғары сапалы музыкалық аспаптары мен құрылғы-қондырғылары бар. Дыбыс жазу студиясы – Қазақстан бойынша кәсіби жабдықталған санаулы студиялардың бірі. Сол себепті студияға сапалы дыбыс жаздыру үшін өңіріміздің ансамбльдері мен музыкалық топтары, жеке орындаушылары ғана емес, басқа қалалардан да өнерпаздар аяқтай келеді. Мәселен, жерлесіміз, бүгінде әлемдік музыка кеңістігінде жүрген музыкант Ерлан Бекчуринмен шығармашылық қарым-қатынастамыз. Сонымен қатар «Сарматтар» тобы студия қызметіне жүгінді.
Айта кетейік, дүйсенбіде өтетін классикалық концертті «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Аян Өтепберген жүргізеді. Алдағы уақытта Аянмен бірге концерт өткізуді жоспарлаудамыз.
Нұртай Алтайұлы,
zhaikpress.kz