28.05.2024, 12:15
Оқылды: 82

Салық төлемі бойынша «ҚПО б.в.» екінші қатарда

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті 2023 жылдың есебі бойынша ең ірі 10 салық төлеушіні атады. Осы компаниялар қазынаға 6,4 триллион теңге салық құйған. Үздік үштікте елдің батыс аймағындағы ірі мұнайгаз концерндері орналасқан.

 41f1e8ae-d8bc-4496-b4cb-5ea6eeae7d22

Коллаж: «Орал өңірі» газеті

Атырау облысындағы «Теңізшевройл» ЖШС салық төлеуден жыл сайын көш басында келеді. Оның салық төлемі 3,7 трлн теңгеден асады. «Теңізшевройлға» америкалық компаниялар – «Шеврон» (50%) мен «ЭксонМобил Казахстан Венчурс Инк.» (25%), «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ (20%), ресейлік «Лукойл» (5%) иелік етеді. Осы кен орнында батысқазақстандықтар вахталық әдіспен жұмыс істейді.

Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ мұнайгаз конденсатын игеріп жатқан «ҚПО б.в.» – екінші орында. Алпауыт компания 977 миллиард 884 миллион теңге салық төлеген.

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» – италиялық «Эни СпА» (29,25%), британдық «Шелл плс» (29,25%), америкалық «Шеврон» (18%), ресейлік «Лукойл» (13,5%) компаниялары бірлескен кәсіп-орын. Бұлардың қатарындағы қазақстандық «Қазмұнайгазға» ҚПО акцияларының 10%-ы ғана тиесілі. Бүгінге дейін Қарашығанақ бойынша серіктестер кен орнын игеруге 31,3 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салды.

Былтыр ҚПО компаниясы тұрақты және тұрақсыз сұйық көмірсутек, экспортқа жіберілетін шикі газ және ішкі пайдалануға арналған тазартылған газ түрінде мұнай эквивалентінің 143 миллион баррелінен астам өнім өндірді. Компания БҚО-дағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жыл сайын
20 млн АҚШ долларын бөледі. 1998 жылдан бастап жалпы құны 797 миллион АҚШ доллары болатын 250-ден астам әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға демеушілік жасады. Биыл су
тасқыны кезеңінде Бөрлі аумағындағы инфрақұрылымдарды қалпына келтіруге 2 млрд теңге бөлді.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның 100% акциясы «Mangistau Investments B.V.» компаниясына тиесілі. Компанияның еншілес құрылтайшысы екеу. Оның бірі «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ болса, екіншісі – қытайлық Exploration and Development Company Ltd. (CNPC). «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ 319 миллиард 568 миллион теңге салық түсімін орындаған.

Нұртай Текебаев,

 «Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале