Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеу аясында қосымша құн салығы мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеруді ұсынды. Әрине, мөлшерлеменің бақандай 4%-ға өсіру бюджетке қосымша түсімдер әкелмек. Алайда өңірдегі кәсіпкерлер бұл жаңалықты құптамай отыр.
– Биыл 19 наурызда Президент VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясында: «Ең алдымен, іскерлік белсенділікті ынталандыру қажет. Ол үшін әділ, тұрақты әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру керек. Салық саясатының жаңа моделі ұлттық байлықты тиімді бөлуді, экономикалық белсенділіктің жоғары деңгейі мен экономиканың басым бағыттарын нақты қолдауды қамтамасыз етуге тиіс. Салық кодексі және тұтас салық саясаты түсінікті, тұрақты болуы қажет», - деген болатын.
Жақында Ақордада тағы Президентпен кездесу болды. Сонда да іскерлік белсенділікті ынталандыру керек екендігі сөз болды. Енді, міне, қосымша құн салығын 16%-ға, ұжымдық табыс салығын 24%-ға дейін өсіру жайы көтерілді.
Сараланған салықты енгізудің орнына салықтың мөлшерлемесін ұлғайту көзделуде. Сараланған салық дегеніміз не десек, оған ынталандыру сипаты тән. Салықты көп төлесең, мөлшерлемесі аз, салықты аз төлесең, мөлшерлемесі жоғары болады дегендей. Қазіргі жағдайда салықты көп төлесең де, мөлшерелемесі төмен болмайды. Сондықтан салықты өсіруді кәсіпкерлікті дамытуды қолдау емес, оған қарсы жасалған шара. Салықты ҚҚС төлеушілер төлейді. Бұл салмақ солардың мойнына түседі.
Негізгі жүктеме өнімді тұтынушыны тұқыртады. Өйткені тауардың және көрсетілетін қызметтің бағасы 4%-ға қымбаттайды. Мәселен, 1%-ға өсірудің кері әсері бар. «Көлеңкеде» жұмыс істейтін кей кәсіпкерді жарыққа алып шыққымыз келген. Енді кәсіпкерлік «көлеңкеге» кетуі ықтимал. Шағын кәсіпкерлік офшор аймағына айналғандай, тексеруге, салыққа мораторий жарияланды. Ал, орта кәсіпкерліктің салығын өсірмек. Сонда бас компания орта кәсіпкерлік қатарында қалады да, барлық табысы шағын кәсіпкерлікке кетеді. Бұл – біріншіден. Екіншіден, орта кәсіпкерлікті дамыту тиімсіз болады. Одан да шағын кәсіпкерлік санатында болған пайдалырақ, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасы, «Белес-агро» компаниялар тобының жетекшісі Мұрат Жәкібаев.
Өңірдегі белгілі кәсіпкердің салықты көп төлеген жағдайда салық мөлшерлемесі аз болсын деген ұсынысы бар.
«Мейлі мөлшерлеме өзгермелі болсын. Мысалға, 1 млн теңгеге өнім өткіздім делік. 12%-бен ҚҚС 120 мың теңге болады. 10 млн теңгеге өткізсем, салықты 2%-ға аз етіп, 1 млн теңге көлемінде төлейін», - деген Мұрат Орынбайұлы ҚҚС-ның өсуі кәсіпкер қауымына шығынын, салық салынатын базасын азайтуға берілген белгі деп біледі.
Ақжайық ауданындағы «Мұқадес» шаруа қожалығының басшысы, өңірлік кеңестің мүшесі Ақылбек Сағитовтың айтуына қарағанда, өңірдегі мал өсіріп, егін егетін шаруашылық құрылымдарының өкілдері ҚҚС-ын өсіруге қарсы.
«Мұндай өзгеріс ет, сүт, нан өнімдері бағасының көтерілуіне әкеп соғады. Онсыз да шаруа адамдары қиналып жүр. Көрші елдегі геосаяси жағдайға байланысты олардың өнімдері біздің нарықты «жаулап» алды. Ол жақтан ағылған өнімдердің бағасы рубль бағамының төмендеуіне орай арзан.
Салықтың мөлшерлемесін көтеру «Жығылғанға жұдырық» дегендей болды. Кей шаруалар кезінде ҚҚС-ын төлеуден қашып, ірі шаруашылықтарын бөліп, қарапайым шаруа ретінде (жеке кәсіпкер) жұмыс істеп жүрді. Соңғы кезде ұсақ шаруашылықтарын біріктіріп, айналымдағы қаржы-қаражаты ұлғайып, қосымша құн салығын төлейміз деп жүрген. Енді салық өседі деген соң, баяғы таз қалпына түсетін шығар. Шаруалардың көпшілігі техниканы лизингке сатып алған. Сондықтан ҚҚС мөлшерлемесін бұрынғы қалпында қалдырса екен», - деді Ақылбек Темірболатұлы.
Шағын кәсіпкерліктің белсенді өкілі Асқар Мерғалиев те салық мөлшерлемесін көтеру тұтынушының қалтасын қағатынын айтады.
«Шағын кәсіпкерлік субъектілері қосымша құн салығын төлемесе де, салық төлеушілердің қызметтерін пайдаланады. Сондықтан енгізілгелі отырған жаңалықтың салқыны шағын кәсіпкерлікке де тиеді. Өйкені жеке кәсіпкерлерге тауарлар мен қызмет көрсету бағалары қымбатқа түседі. Мұндай жағдайда олар арзан әрі сапасы күмәнді тауар мен қызметтерді іздейді», - деді кәсіпкер.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық бөлімшесінің мамандары да салық мөлшерлемесін өсірудің тауарлар бағасын күрт қымбаттатып, инфляцияны өсіретінін, Мемлекет басшысының ұлттық экономика көлемін екі есеге ұлғайту туралы тапсырмасын орындауға қиындық келтіретінін айтады.
Гүлбаршын Әжігереева
zhaikpress.kz