«Спорттың адам өміріндегі алатын орны ерекше. Қазақта «Тәні саудың – жаны сау» деген қанатты сөз бар. Ендеше, тәніңіз сау болсын десеңіз, тек спортпен шұғылданыңыз». Бұл самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, отыз жылдай өмірін күреске арнаған Серіктің бізге айтқаны.
Енді сәл-пәл мақалаға тұздық. Жалпы, самбо күресінің тарихы 1938 жылғы 16 қарашадан басталады. Сол жылы Кеңес дәуіріндегі дене шынықтыру саласының бүкілодақтық комитеті самбоны спорттың бір түрі ретінде тіркеген. Оның ортақ ережелерін қалыптастырған маман Василий Ощепковтің өзі Токио қаласындағы дзюдо орталығынан білім алған. Ол Қиыр Шығыста және Новосібір қаласында қорғану түрлеріне баулитын арнайы секция да ашқан. Кейін Мәскеудегі дене шынықтыру институтында дәріс берген кезінде білікті маман Н.Галковский, Р.Школьников, А.Харлампиев, Б.Сагателян сияқты атақты спортшыларды дайындайды. Осы жерде самбо күресі екіге бөлінетінін айта кеткен артық болмас. Бірі – спорттық, екіншісі – жауынгерлік.
Сонымен, самбо күресінің жауынгерлік түрін жетік меңгерген БҚО ТЖД ӨС және АҚЖҚ күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Серік Қартабаевқа келсек, ол – Казталов ауданына қарасты Ақпәтер ауылының тумасы. Бала кезінен спортты серік етіп өскен кейіпкеріміздің бойында нағыз ер-азаматқа тән қасиеттер жетерлік. Бүгінде Серік жауынгерлік самбодан еліміздің екі дүркін жеңімпазы болса, панкратион және грепплингтен Қазақстан чемпионатының финалисі.
Самбо саңлағы атанған Серік Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Азия чемпионаты мен жастар біріншілігінде тағы да топ жарып, қазақ елінің мәртебесін асқақтатты. Осынау дүбірлі додаға Азияның 20 елінен 350-ден астам спортшы қатысқан. «Кіл мықтыда кім мықты?» дегендей, осы сайыста бағы шауып, бабы келіскен біздің жерлесіміз 68 кг салмақ дәрежесінде самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Бұл көп жылғы төгілген маңдай тер мен үздіксіз ізденістің айқын көрінісі екеніне дау жоқ.
Иә, Серік – өмірде өз орнын тапқан білікті маман, даңқты спортшы болса, шаңырағында екі ұл мен қылықты қыз тәрбиелеп отырған үлгілі әке, асыл жар. Әр жылың жемісті, әр белдесуің жеңісті бола берсін дейміз біз оған.
Базарханым Түменова,
БҚО ТЖД ӨС және АҚЖҚ-ның баспасөз хатшысы