31.08.2022, 10:30
Оқылды: 57

Самокат тебесіз бе?

Облыс орталығындағы көшелерден «қаңтарылып» тұрған электрлі самокаттарды жиі көретін болдық. Мұндай самокатты тізгіндегендер Оралда да жиі ұшыраса бастады. Олар тротуармен жүріп бара жатқанымызда жанымыздан зу етіп өте шығады. Тіпті жым-жырт әрі жылдам жүретіндіктен, санамызда «Қағып кетпей ме?» деген үрейдің бой көтеретіні рас. Себебі еліміздегі ірі мегаполистерде самокатқа аяқ артқандардың да жол апатына түсіп жатқандарын естіп-біліп жүрміз. Иә, самокат тізгіндегендер көшедегі жүргіншіні қағып, әлде болмаса, «самокатшыларды» көлік соғып, оқыс оқиғалар орын алып жатыр. Облыстық полиция департаментінен өңірде самокаттың кесірінен жол-көлік оқиғасы тіркелмегенін білген едік. Иә, оған да шүкір делік. Десе де, электрлі самокатқа қатысты жаңалықтармен танысып, аталмыш «көліктің» жай-жапсарына үңіліп көрдік. 

3

Фото дереккөзі: zanmedia.kz

Ұлттық стандарт

Биылғы 1 шілдеден бастап елімізде электрлі самокаттың ұлттық стандарты бекітіліп, қолданысқа енгізілді. Ол – ҚР СТ 3769-2022 жаңа стандарты. Онда «электрлі самокат» ұғымына түсініктеме берілген. Аты айтып тұрғандай, бұл құжат электрмен қуатталатын самокатқа қолданылады. Самокаттар екі немесе үш дөңгелекті болады. Электр қуатымен қозғалатын самокат бір адамды ғана тасымалдауға арналған. Алайда біз оларға екі адамның мінгесіп алып жүргенін көріп жүрміз.

Ендігі кезекте электрлі самокатты басқарудың техникалық талаптарына зер салып көрейік. Электрлі самокат кернеуі 100 В артық емес тұрақты ток батареясымен, 240 В артық емес айнымалы ток кернеуіне арналған қуаттау құрылғысымен, электр қозғалтқышпен жарақталады. Аталмыш «көліктің»  тұғыры (дека), рөлі, екі немесе үш дөңгелегі, алды-артында шамы, тежегіші, басқару тетігі және дабыл қаққышы болуы тиіс. Самокатпен жүргенде жылдамдық сағатына 25 шақырымнан аспауы қажет. Ал артқа қарай шегінгенде жүргізуші жылдамдықты 6 шақырымнан асырмағаны жөн және сигнал беруі керек. Сондай-ақ құжатта самокаттың жылдамдық шегін өзгерту үшін құрылғының кез келген бөлшектерін өзгертуге болмайтыны  жазылған. Жүрдек көлікті тек түрегеп тұрып жүргізеді. Жалпы, самокат қауіпсіз болуы үшін аккумулятор көлемінің қанша екені, самокатқа түсетін салмақ мөлшері, жүргізушінің жас ерекшелігі мен бойының өлшемі, рульді қалай ұстау қажеттігі жөнінде ақпарат болуы шарт.

Оралдағы кикшеринг

Кикшеринг – электрлі самокатты қысқа мерзімге жалға беру деген сөз. Әлемде алғаш рет кикшеринг қызметін 2017 жылы Bird америкалық компаниясы ұсынған. Компанияның негізін Uber компаниясының даму жөніндегі бұрынғы вице-президенті Трэвис Вандерзанден қалаған.

Оралда да кикшерингтік қызмет көрсетіле бастады. Телефон не смартфондарына «BusyFly» қосымшасын жүктеп алған жастар сол арқылы электрлі самокатты жалға алады. Самокатты айдау үшін бекітілген тариф бойынша ақы төлейді. Жалға алу құны минутына 30 теңгеден, ал сағатына 1500 теңгеден басталады. Қосымшадағы картада шаһардың қай көшесінің қай жерінде самокат «тұрағы» бар екені көрсетілген. Әрі самокатты жалдау, жүргізу тәртібі берілген. Ұлттық стандарттағыдай, онда да электрлі самокаттың жауын-шашынсыз күндері, 25 км/сағ аспайтын жылдамдықпен тегіс жолда жүруге арналғаны жазылған. Сондай-ақ құлаған жағдайда бас пен тізе-шынтақты қатты жарақаттаудан қорғайтын қорғаныс киімін киюге кеңес береді. https://biz360.ru/ сайтының жазуынша, «BusyFly» платформасы 2020 жылы Ресейде іске қосылған. Бір жыл ішінде көрші елдің 70-ке жуық қаласында, Еуропа мен ТМД елдерінде серіктестері пайда болған екен.

Жалпы, кикшеринг ел аумағында кең тарап келе жатса керек. Мәселен, Алматыда қазақстандық «Jet Sharing» ЖШС және «Ozim Scooters» компаниясы, беларусьтік «Eleven» және ресейлік «Whoosh» компаниясы кикшеринг қызметін ұсынады. Бұл компаниялар алыс-жақын шетелдерде де жұмыс істейді. Jet Sharing самокаттарының өзі Қазақстан, Грузия, Беларусь, Қырғызстан, Армения және Сербияда қызмет көрсетеді. https://ozim.kz/ сайтынан білгеніміздей, Ozim Scooters самокатының құлпын ашу үшін қосымшадағы теңгерімде кемінде 2000 теңге болуы керек. «Көлікті» жалға алу құны минутына 30 теңгеден есептеледі.  «Шектеусіз күн» тарифі – 24 сағатқа 3390 теңге, «Сенің 60 минутың» тарифі – бір сағатқа 1380 теңге, «Бір апта жолда жүру» тарифі – аптасына 6930 теңге.

Ереже бекітіледі

Еліміздегі ірі қалаларда электрлі самокат қолданушылардың саны артып келе жатқаны жиі айтылып жүр. Сондықтан электрлі самокаттардың қозғалысын реттейтін заңнама қажет-ақ. Мәселен, «Жол қозғалысы туралы» заңда көрсетілген көлік құралдарының ішінде «самокат» деген көлік құралы жоқ. Былтыр сенатор Нұртөре Жүсіп депутаттық сауалында электрлі самокаттардың адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін айтқан еді. «Жол қозғалысы туралы» заңның 64-бабына сәйкес аталған құрылғылар уәкілетті құрылымда мемлекеттік тіркеуге жатпайды. Электрлі самокаттарды әкелу мен қауіпсіз пайдалануды құқықтық реттеу қажет деп санаймыз», – деді сенатор. Құзырлы мекемелер жоғарыда аталған ұлттық стандарттың негізінде жол қауіпсіздігі туралы заңдарға және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізуге қам жасап жатыр. Электрлі самокат тізгіндеген азаматтардың тротуармен әлде көлік жолымен жүретіні нақтыланады. Ал заңнамаларға енгізілетін өзгерістер самокат жалдаушылардың жауапкершілігін арттырады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, облыстың автомобиль паркінде 15,2 мың жүк аутомобилі, 3,4 мың аутобус, 111,8 мың жеңіл аутомобиль бар екен. Енді бұл көліктердің қатарына электрлі самокаттар қосылатын шығар? Жолаушыларға лық толы қоғамдық көліктерге мінгісі келмейтіндер осы самокатпен жүруді жөн көрсе де таңғалмаймыз. Бір жағынан, уақыт үнемдеуге де жақсы. Тек электрлі самокат «самокатшылардың» да, жаяу жүргіншілердің де өмірі мен денсаулығына зиянын тигізбесе екен дейміз.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале